Зайырлылықтың атеизмнен айырмашылығы неде?

0
355

Атеизм – дінді толығымен теріске шығаратын, оны құндылық ретінде қабылдамайтын танымның өзіндік түрі. Ал зайырлылық – дінсіздік те, дінді терістеушілік те емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы. «Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екендігін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетіндігін танытады.

«Зайырлылық» түсінігінің ауқымы кең. Конституциялық негіздегі «зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді. Қазіргі заманғы зайырлылық ең алдымен гуманистік құндылықтарды, соның ішінде адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыруды қамтиды. Зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы ой-сананың көптүрлілігін мойындау. Мемлекеттің зайырлы сипаты оның діннен ажыратылғанымен ғана емес, сонымен қатар атеистік дүниетанымның немесе басқа да бір дүниетанымның басымдылығын мойындамайтынымен де сипатталады. Зайырлы мемлекет азаматтық қоғамның құрамдас элементі ретіндегі діни бірлестіктердің қызметін де реттеп отырады.

Зайырлылық қағидаты қазіргі заманғы көптеген елдердің құқықтық мемлекет ретінде қалыптасып, әрекет етуінің басты қағидаттарынан саналады. Қазіргі әлемдік тәжірибеде мемлекет пен дін қарым-қатынасының екі типі кең таралған. Біріншісіне сәйкес – мемлекет діннен ажыратылған, екіншісінде мемлекеттегі белгілі бір дінге (конфессияға немесе діни ұйымға) басымдылық немесе мемлекеттік мәртебе беріледі.

Бірінші үлгі бойынша діннің мемлекеттен ажыратылған сипатына сәйкес мемлекет дін істеріне араласудан бас тартады. Барлық діндер мемлекетте тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекеттік органдар діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпайды (заң бұзылмаған жағдайда), өз кезегінде діни бірлестіктер мемлекеттік қызметтерді атқармайды. Конфессиялық ерекшеліктер мемлекет тарапынан көмек немесе қолдау көрсетуге негіз болып табылмайды. Мұндай қатынас түрін «сепаративтік» деп атайды. Зерттеушілердің пайымдауынша, бұл қатынас түрі АҚШ-тың заңнамаларында баянды көрініс тапқан.

Екінші үлгі діни қатынастарды құқықтық реттеудің Еуропа елдерінде кеңінен қолданылатын түрі болып табылады, ол мемлекеттің діни бірлестіктерге деген қатынасының әртүрлілігіне негізделеді. Бұл үлгіде адамның наным-сенім бостандықтарына шектеу қойылмайды, алайда мемлекеттегі діни бірлестіктердің мәртебесі бірдей емес. Діни бірлестіктердің мәртебесін реттеудің мұндай сараланған түрі мемлекеттік-конфессиялық қатынастың кооперациялық үлгісінің қалыптасуына негіз болады. Аталмыш үлгі бойынша мемлекеттік мәртебеге ие болған дінге (конфессияға немесе діни ұйымға) бірқатар ерекшеліктер тән болады. Мәселен, мұндай дін меншік иелену немесе заңды тұлға құқығына ие, сонымен қатар, мемлекет дінге қаржылық немесе басқа да материалдық қолдау көрсетеді, дінге бірқатар заңды өкілеттіліктер беріледі (неке қию, азаматтық хал-жағдайды тіркеу және т.б.), жастар мен балаларды тәрбиелеу ісіне белсенді араласу, кейбір елдерде діни қызметкерлер саясатқа араласу мүмкіндігіне ие болады.

Қазақстандағы мемлекеттік-діни қатынастардың негізгі қағидаттары мемлекеттің дін мен діни бірлестіктерден бөлінгендігі, діни бірлестіктер мен азаматтардың, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың дінге көзқарасына қарамастан заң алдында теңдігі, ешбiр дiннің мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейтіндігі болып табылады. Мемлекеттің зайырлы сипаты азаматтық қоғам субъектілерінің заңдар мен құқықтық нормаларды қатаң сақтауын және өз қызметтерін осы құқықтық, заңнамалық шеңберде жүзеге асыруын талап етеді. Осы нормалардан аңғарылатындай, зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейді. Дін – мемлекеттік саясаттағы және қоғам азаматтарының рухани өмірі мен мәдениетіндегі аса маңызды факторлардың бірі. Өйткен дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, моральдық нормалар, қарым-қатынас әдебі, рухани қағидалар жүйесі.

Мұсылман араб елдерінде шариғат заңымен басқарылмайтын, бірақ діндердің қызмет етуі мен дамуына мүмкіндік берілетін зайырлы мемлекет формасы «әд-дауләтул-әлманийа» деп аталады. Ол барлық анықтамаларымен біздің мемлекеттік құрылымымызға сәйкес келеді.

Атап айту қажет, радикалды көзқарастағы кейбір идеологтар зайырлы мемлекетті Ибн Тәймияның ортағасырлық тұжырымдарының негізінде «дәр ас-сулх» деп атап, оны «мұсылмандарға тиесілі емес және олар билік жүргізбейтін елдер» деп танытуға тырысады. Олардың түсінігінше, мұндай мемлекеттердің билеушілері өздерін мұсылман мемлекеттерінің боданы санауға және сол үшін белгілі бір мөлшерде салық – «жизья» төлуге міндетті. Мұндай «жаһил» (надан) қоғаммен Қиямет қайымға дейін талмай күрес жүргізу керек деп есептейтін радикалдар осы мақсатта өздерінше түсіндірілген «жиһад» ұғымын қолданады.

Шын мәнінде «дәр әл-ислам», «дәр әл-харб», «дәр ас-сулх» ұғымдары VІІІ-ІХ ғасырлардан бері қолданылып келе жатқан, ханафи мазхабында кеңінен түсіндірілген ұғымдар болып табылады. Бұл ұғымдар алғаш рет имам Ағзам Әбу Ханифаның шәкірті Имам Мұхаммедтің «әл-Аср» кітабында қолданылған, ол өзінің ұстазынан естігендері бойынша жазған деген мәліметтер бар. Ал ХІ ғасыр ғалымы Сарахсидің «Усул» кітабында осы ұғымдар таратылып жазылған, онда «дәр әл-ислам», «дәр әл-харб», «дәр әс-салам» атты үш мемлекет түрі көрсетіліп, соңғысының «дәр ас-сулх» және «дәр әл-аһд» деп екіге бөлінетіні жазылған, барлығына негізді анықтама берілген. Ол анықтамалар жиһадшылардың бұрмаланған түсіндірмесімен сәйкес келмейді және радикалды көзқарастарды қамтымайды.

Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫ, Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі Төрағасының кеңесшісі, филология ғылымдарының кандидаты, араб әдебиеті (құрантану) бойынша ғылым магистрі, шығыстанушы, түркітанушы.