Ислам діні жаһандануға қарсы емес пе?

0
436

Ислам – күллі жаһанға түсірілген дін. Адамзаттың түрлері, түстері, тілдері және ұлттары сан-алуан болса да, барлығы бір атадан тарағандығын ескерте отырып, бір-бірімен танысуға, түсіністікке және жәрдемдесуге дайын болуға шақырады. Тартысуға, бұзықтыққа, сондай-ақ жанжалдасуға тыйым салады. Осыған орай Алла тағала қасиетті Құранда: «Ей, адамдар! Шынында Біз сендерді бір ата мен бір анадан (Адам мен Хауадан) жараттық. Сендер бір-бірлеріңмен танысып, білісулерің үшін ұлттар мен ұлыстарға бөлдік. Алланың алдындағы ең ардақтыларың – тақуаларың» [«Хужрат» сүресі, 13-аят] деп,  әлемдегі барша адам қай жерде және қай кезде болмасын бір-біріне бауыр екендігін меңзейді.

Егер жаһандану адамға, адамзаттың баршамызға ортақ өркендеу жолын жете түсінуіне және қоршаған ортамызға төніп тұрған экология, ядролық қару, топтық қылмыс, құмарпаздық, СПИД сияқты қауіп-қатерлердің бар екенін жете түйсінуіне ықпал ететін әлемдік ортақ мәселелерді меңзейтін болса, бұл жөнінде әлдебір қарама-қайшылық туа қояды деп ойламаймыз. Алайда, жаһандану үрдісінің жеке ұлттар мен халықтардың мәдени ерекшеліктеріне қауіп төнгізу мүмкіндігі жайлы әртүрлі пікірталастар да жоқ емес.

Дегенмен бұл мәселені жан-жақты талдап, қарастыру керек. Ислами ақыл-сана, ой-өріс өте биік болғандықтан, белгілі бір мәдениеттегі кейбір ерекшелікті исламға жат деп тосырқамайды, қабылдаудан қашпайды, керісінше, оны таразылап, жете зерттеп, мәдениетіміздің өркендеуіне ықпал ететін пайдалы жерлерін ала біледі. Бұған Пайғамбарымыздың (с.а.с): «Даналық момынның (мұсылманның) жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да, (иеленіп) алсын» деген сөзі дәлел. Сонымен қатар: «Білім Қытайда болса да іздеп барыңдар» дегені – «мұсылманшылықты ұстанбайтын жұрттан болса да, немесе өте шалғайдан болса да білім алыңдар» дегені.

Мұсылмандар өз өркениетін қалыптастыру барысында сол замандағы барлық мәдениеттің озық жетістіктерін пайдалана білген. Осыған орай белгілі философ Ибн Рушд: «Шариғат бұрынғылардың кітаптарына үңіле зер салуды жүктейді, олай болса болашақтағы әрбір жаңа нәрсеге үңіле ден қою да әлбетте соған жатады» деген. Оған қоса: «Олардың өз кітаптарында айқындап айтып бергендері ақиқатпен ұштасса, қуана қабыл алып, оларға рахмет айтамыз, ал егер ақиқатқа сай келмесе, ескерту жасап, басқаларды одан сақтандырып, қателіктеріне кешіріммен қараймыз», — деуінде үлкен мән жатыр.

Міне, Ибн Рушд өзге мәдениеттерге осындай сындарлы көзқарас білдіреді. Біз де өз заманымызда сырттан келетін өзге мәдениет көріністеріне ақыл-парасат тұрғысынан қарап, өз ұстанымдарымызға үйлесетін тиімді жерлерін ғана алуымыз керек.

Демек, ислам – хақиқи жаһандық дін. Бірақ, ислами жаһандану мен қазіргі жаһандану құбылысының айырмашылықтарын атап айтпасақ болмайды. Қазіргі жаһанданудың жағымды, жақсы әсері болғанымен, жағымсыз, зиянды ықпалы басымырақ.

Ал ислами жаһанданудың алға қойған мақсаты – адамгершілік пен көркем мінез-құлық ұстанымдарын тарату, әр кісінің қадір-қасиетін, еркіндігін, теңдігін қорғау, жанұяға қамқорлық көрсету, барлық пенделер арасында әділдік таразысын орнату, адамның нәсілін, дінін, ақылын, ар-ұждан, дүние-мүлкін қорғау және зұлымдыққа, басынушылыққа тосқауыл қою болып табылады.

Ата-бабаларымыздың: «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген даналық қағидасын жадымызда сақтағанымыз жөн.

Ершат Оңғаров, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Уағыз-насихат және ғаламтормен жұмыс бөлімінің меңгерушісі, исламтанушы-теолог, PhD докторы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшесі.