Лаңкестік әрекет туралы жалған ақпарат тарату оқиғасы азайды -ІІМ

0
143

Соңғы бес жылда телефон лаңкестігіне байланысты 258 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Садубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Соңғы жылдары қабылданған шаралардың нәтижесінде лаңкестік әрекет туралы жалған ақпараттар тарату қылмысы айтарлықтай азайды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері бұл бағытта жеткілікті тәжірибе жинақтаған, сондай-ақ осындай қылмыстарды дер кезінде ашуға мүмкіндік беретін жаңа техникалық құралдармен жабдықталған», — деді министрлік өкілі. Оның айтуынша, мұндай қылмыстар негізінен бұзақылық немесе пайдакүнемдіктің салдарынан орын алады. «Жалған ақпарат таратқандарға заң бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қауіп-қатерлер туралы жалған ақпарат қалыпты өмір ырғағын бұзып, төтенше жағдай тудырады. Құқық қорғау органдары хабарламаны тексеру үшін арнайы күш-құралдарын жұмылдыратынын айтып өткен жөн. Ал бұл өз кезегінде оларды негізгі қызметтерінен алаңдатады. Сол себептен аталған қылмыс түріне қатаң жаза қарастырылған», — дейді А.Садубаев. ҚР ІІМ ресми өкілінің дерегіне сүйенсек, соңғы 5 жылда телефон лаңкестігіне байланысты 258 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Ақпарат көзі: https://www.inform.kz/kz/lankestik-areket-turaly-zhalgan-akparat-taratu-okigasy-azaydy-iim