Дәстүрлі діни танымды ұстану – ұлттық тұтастықтың кепілі

0
496

Алашорда қайраткері С. Сәдуақасов: «Қазақ елі… мақсатына жету үшін ең әуелі өзінің ұлт екенін біліп, ұлттығын танып алуы керек» деп болашақ ұрпаққа өнегелі сөзін қалдырған. Қазақтың ұлттық келбетін анықтаушы маңызды құндылықтар қатарына дін де жатады. Ұлттың рухани жаңғыруы жолында дәстүрлі діни танымнан алшақтамаудың маңызы өте зор. Себебі қазақ ұлтын ұйыстырған қайнаркөздердің біразы өз бастауын діннен алған. Қазақ халқы арасында кеңінен таралған «Дінің тұрсын дін аман» деген мәтелдің тағылымдық мәні жоғары.

 Жер шары халықтарының көп бөлігі өзін белгілі бір сенім-наным жүйесімен байланыстырады. Діни идентификация (діни бірегейлік) — тұлғаның өзінің белгілі бір дінге қатыстылығын мойындауын және дүниетанымының қандай да бір дін негізінде қалыптасуын білдіретін ұғым. Діни идентификация (діни бірегейлік) тұрғысынан қазақ халқы ғасырлар бойы өзін ислам дінімен байланыстырады және де өз кезегінде ислам қазақтың дәстүрлі діни танымы болып табылады. Дәстүрлі діни таным – халықтың дүниетанымымен, салт-дәстүрімен, мәдениетімен өзара үйлесім тапқан рухани құндылықтар жүйесі. Қазақ руханиятындағы исламның салмақты орны 2011 жылы 11 қазанда қабылданған ҚР діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңының преамбуласында да аталып, елімізде «ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлі танылатыны» көрсетілген. Осы заңда аталғандай ханафи бағытындағы исламның мемлекетіміздің тарихында алатын орны ерекше. Ғасырлар бойы қазақ ұлтын ұйыстырған, татулығын сақтаған маңызды құндылық дін болатын.

Тарихшы Н. Нұpтaзинa қазақтың мұсылмандығының орны ерекше және өзіндік тарихи жолы барын айтады: «Иcлaмдaну үpдіcінің opтaғacыpлық Қaзaқcтaндa coнaу VIII ғacыpдaн бacтaу aлып, Х-ХІІ ғacыpлapдa шapықтaу кeзінeн өткeні (Қapaхaндap дәуіpі), oдaн кeйін eкінші діни-мәдeни өpлeу Aлтын Opдa кeзіндe Қaзaқcтaнның дaлaлық aймaқтapындa тoлық жәнe біpжoлaтa иcлaм үcтeмдік құpып, ocы нeгіздep бoлaшaқтa caқтaлып oтыpғaны ceбeбінeн Қaзaқ Хaндығы тoлыққaнды мұcылмaн мeмлeкeті peтіндe дaмығaнын бaтыл түpдe aйтып дәлeлдeуіміз кepeк. ХІХ-ХХ ғғ. бac кeзіндe дe иcлaм діні Қaзaқcтaндa жaлпы біp қaлыпты дeңгeйдe бoлды, мaңызды қoғaмдық pөл aтқapды, тeк caяcи жaғдaйлapғa жәнe Eуpoпa өpкeниeтінің кeлe бacтaуынa бaйлaныcты oның мaзмұны мeн қoғaмдық өміpдe көpініc бepу фopмaлapынa бeлгілі өзгepіcтep eнді». Яғни қазақ халқы мұсылмандық жолды ежелден ұстанып келе жатқан ел. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда да ислам дінінің дамуын тарихи заңдылықтың жалғасы деп бағалауға болады. Қазақстан мұсылмандары фикхта Ханафи мазһабын, ақидада имам Матуриди жолын ұстанады. Бұлар біздің дәстүрлі діни танымымыздың негізі болып табылады. Мазһабтың сөздік мағынасы араб тілінде «жол, баратын жер» дегенді білдіреді. Ислам терминологиясында мазһаб – белгілі бір бағыт, ілім, құқықтық-доктриналдық  мектеп, дүниетанымдық жүйені білдіретін ауқымды категория. Ал «ақида» сөзі араб тілінен аударғанда (сөздік мағынасы) «бір нәрсенің бөлек ұштарын бір жерге жинау», «топтау» мағынасын береді. Ал термин ретінде, дініміздегі басты тұжырымдарды құрайтын сенім жүйесі, иман негіздері дегенді білдіреді. Ханафилік мазһабтағы қазақтың мұсылмандық танымының басты ерекшелігі жергілікті салт-дәстүр, әдет-ғұрыппен үндестік болып табылады. Ислам діні келгеннен соң түркі халықтарының шариғатқа қайшы келетін нанымдары, әдет-ғұрыптары жойылды. Ал исламмен өзара үйлесімділік тапқан жақсы негіздегі дәстүрлері сақталып қалды. Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры А.Әбдірәсілқызы дін мен дәстүрдің байланысы мәселесіне ерекше мән беріп мынандай пікір айтады: «Қазақ халқының діні, дәстүрі, дүниетанымы ғасырлар бойы өзара кірігіп, бөлінбес бірегей құндылыққа айналды. Дәстүрлі құндылықтардың сақталуы мен жандануы ұлттық болмысты сақтап, ұлттық мінезді тірілтеді. Қазақ өз мінезіне оралса, ешқашан шетін діни көзқарастарға бой алдырмайды. Себебі қазақ – мәмілегер (толерантты) халық, оның болмысында шетін көзқарасқа бейімділік жоқ». Бүгінгі біздің міндет – дінімізді, салт-дәстүрімізді ұлықтай білу, ғасырлардан бері жалғасқан ұлттық тамырдың сабақтастығын үзбеу болып табылады. Осы орайда қазақ қоғамына  дін мен дәстүр құндылықтарын жаңғырту шаралары аса қажет. Бұл мақсатта, ең алдымен ұлт бойындағы рухани әлеуетті тиімді пайдалануды ескерген жөн. Қазақ халқының бойында сан ғасырлардан бері келе жатқан дінге қатысты өзіндік тамыры терең жол бар. Ол халықтың рухани-моральдық ұстанымдарында (ар, ұят, обал, сауап т.б.) көрініс тапқан. Бүгінгі міндет аталған негіздерді күнделікті өмірде басшылыққа алу және жастарға насихаттау болып табылады.

Қазіргі таңда әртүрлі бағыттағы діни ұйымдар өз жақтастарын көбейтуге тырысуда. Осыған байланысты біз ұлттық тұтастығымызға қауіп төндіретін діни ағымдарға дәстүрлі діни танымымызды ұлықтау арқылы ғана қарсы тұра алатынымызды есте ұстаған жөн. Отанын сүйетін, ата-бабалар аманатына адалдық танытқысы келген әрбір азамат, әрбір отбасы шет елдік идеологиялар аясында қалыптасқан діни ағымдардан өз бойын аулақ ұстағаны абзал. Елбасымыз Н.Назарбаев «Қазақстан 2050» стратегиялық жолдауында былай деген еді: «Діни таңдауға өте үлкен жауапкершілікпен қарау керек, өйткені, адамның өмірлік салты, тұрмысы, көп жағдайда бүкіл өмірі соған байланысты» . Президентіміз орынды атап өткендей діни таңдау адам өміріндегі шешуші рөл ойнайтын сәттердің бірі. Қазақ елінің қарыштап өсіп дамуында дәстүрлі діни құндылықтардың атқаратын рөлі зор. Адамды ата-анасынан, ұлттық салт-дәстүрінен, тарихынан, мәдениетінен, мемлекеттік рәміздерінен, отан қорғаудан теріс айналдыратын діни ағымдар тұлға өміріне кері әсерін тигізеді. Қазақтың дәстүрлі діни санасы жаңа протестанттық ұйымдармен, салафилікпен, тәңіршілдікпен немесе «Ата жолы» тәрізді культтермен емес, ханафилік мазһаб пен матуридилік ақидаға негізделген дәстүрлі исламмен тікелей байланысты. Белгілі профессор, философия ғылымдарының докторы А. Айталы  атап өткендей, «Басқа тілге ауысқан, басқа дінге өткен, әртүрлі партияға, руға, жүзге бөлінген, бірақ тегі бір, қаны бір қазақтардың басын, қазақ тілі, қазақ мәдениеті, мұсылман діні негізінде бірігу қажеттігі туындап отыр. Қазақтың бірлігі – біздің мақсатымыз, сонымен бірге ол Мәңгі Ел мақсатына жетудің жолы».

Ислам діні қазақ ұлтының ұлт ретінде қалыптасуына, әдеп пен құқық нормаларының орнығуына тікелей әсер етті. Дін ислам қазақ даласындағы материалдық және рухани мәдениеттің өрістеуіне жол ашты. Ж.Баласағұн, Қ.А.Яссауи, А.Йүгінеки, А.Құнанбайұлы, Ш.Құдайбердіұлы, М.Ж. Көпеев, Ғ.Қараш, Ә.Кердері т.б. ойшылдар қарапайым халыққа дін насихатын биік дәрежеде жеткізді. Бүгінгі заманда да ислам қазақ ұлтының бірегейлігінің сақталуына, рухани жаңғыруына, ұрпақ тәрбиесінің дұрыс арнада болуына өз үлесін қоса алатындығы ақиқат. Дәстүрлі діни сана ұлттық қайнаркөздермен сабақтасқан маңызды құндылық. Оның арнасы дұрыс бағытта жүрсе қазақ ұлты да жаһандану заманында өзінің ұлттық ерекшелігін сақтап қала бермек. Сөз соңын академик Ғ.Есімнің мына бір тереңнен алған ой түйіндерімен аяқтағымыз келіп отыр: «Қазақ болып өмір сүрсек, тәуелсіздік қалады. Ең басты нәрсе – қазақтану, толық қазақ болуымыз керек. Қазақ болып өмір сүрсек, қазақ болып әлемді қабылдасақ, біз тәуелсіздікті жоғалтпаймыз. Ал егер қазақтықтан қашатын болсақ, тәуелсіздіктің мәселесі қиын болады».

Елнұр Әскенұлы,

Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ ақпараттық түсіндіру және талдау бөлімі инспекторы, гуманитарлық ғылымдар магистрі