Деструктивті діни идеялар қоғамды қалай ірітеді?

0
564

Бүгінгі таңда мемлекеттің ертеңі, оның өсіп өркендеу болашағы болып табылатын жастар қауымының еліне, жеріне деген сүйіспеншілік сезімінің мұқалмас беріктігі аса өзекті үрдіс болып табылады. Өркениет үдерісінде болашағының жарқын, өрісінің кемел болғанын қалайтын әрбір зайырлы мемлекет жеткіншек ұрпақтың тәлімі мен тәрбиесіне, олардың толыққанды азамат болып өсуіне көңіл бөліп, мол мүмкіндіктер жасайды.
Ал қазіргі алмағайып заманда осынау адами капиталға арқа сүйеп, оларға дұрыс бағыт бағдар беру зор жауапкершілікті талап етеді. Себебі қазіргі әлемдегі дінмен байланысты ахуал шатқаяқтап тұрған кезеңде неге болса да сергек қараған абзал. Оның ішінде қазақ елі үшін жастардың діни көзқарастарының дұрыс бағытта қалыптасқаны, радикалды діни идеялардан мүлдем аулақ болғаны қажет. Өйткені уақыт өткен сайын әлем кеңістігінде теріс діни ағымдардың кері уағыз-насихаты әсерінен адасушы адамдар қатары арта түсуде. Бұл жөнінде Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан 2050» стратегиялық жолдауында: «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз» деген еді.
Қазіргі  таңда ғаламтор жүйесі мейлінше дамыған заманда діндер бойынша да сан түрлі мағлұматтар алуға болады. Оның бірақ дұрысы да, бұрысы да жетіп артылады. Бізге зияны соның бұрыс бағыты. Сыртқы күш қоғамды іштен іріту үшін нешеме айла-шарғыны қолданып, өздерінің теріс идеологиясын үздіксіз жариялап бағуда. Ораторлық қабілеті, харизмалық ерекшелігі бар жалған діни ілімдердің көшбасшылары адамдардың санасына әсер ететін психологиялық әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы оларды өз қатарына тартып отыр. Сәйкесінше жастар өздеріне қажетті ақпараттарды жылдам уақытта ғаламтор арқылы алады. Олар ақпараттардың дұрыс немесе бұрыстығын ажырата да алмайды.
Сол себепті де сайттар мен әлеуметтік желілердегі дәстүрлі дінімізге кереғар парақшаларда аудио, видео өнімдері, жазбаша үгіт-насихаттары кездесіп қалуына байланысты ғаламторды пайдалану кезінде ел азаматтарына барынша сақтық пен мұқияттылық  өте қажет.
Бүгінгі таңда деструктивті діни ағымдар өздерінің құрығына түскен жастарды Отанға деген сүйіспеншілігінен, сан ғасырлардан бері келе жатқан салт-дәстүріне деген құрметтен айырып келеді. Жалпы Қазақстан жастарының діни фанатқа айналмай, діндарлығының ата-бабадан қалған дәстүрлі діни таныммен, патриотизммен үйлесім табуы үшін бірқатар кешенді іс-шаралар қажет. Ол үшін мына төмендегілерге назар аударған жөн болар еді.
Отбасылық қарым-қатынастардағы бала тәрбиесіне қатысты кетіп жатқан кемшіліктерді түзеу. Себебі отбасында қамқорлық пен мейірбандылыққа ие бола алмаған бала өзіне деген жақсы қарым-қатынасты басқа ортадан іздейтіні анық;
Мектеп оқушыларының діни сауаттылығын көтеруде, төзімділік көзқарасын нығайтуда мектептердегі «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің атқарар рөлі зор. Сонымен қоса жоғары оқу орындары студенттерінің діни сауаттылығын көтеру мақсатында дінтану ғылымын міндетті пән ретінде оқыту керектігін уақыт дәлелдеп отыр.
Жастар арасында дін мен дәстүрдің сабақтастығына қатысты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын көп жүргізу де күн тәртібіндегі өзекті жайт. Жастардың кей бөлігі дәстүрлі діни танымнан хабардар болмауы әсерінен жалған уағызшылардың айтқанына иланып, ұлт болмысына кереғар әрекеттерге баруда;
Мемлекеттік арнайы тапсырыстар шеңберінде жас буынның арасында өз еліне деген патриоттық сезімді күшейтетін бейнероликтерді, анимациялық фильмдерді, көркем фильмдерді, телебағдарламаларды көптеп шығарып, осы тақырыптағы театр қойылымдарына жеткіншек ұрпақты молынан тартқан абзал.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні діни алауыздық ұлттық алауыздыққа соқтыратыны тарихтан белгілі». Бұдан түйетін ой әрбіріміз қастерлі тәуелсіздіктің бағасын біліп, халқымыздың тұтастығына қауіп төндіретін теріс діни ағымдардан аулақ болғанымыз абзал. Қоғамымызды іштен ірітетін ниеті бұзық сыртқы күштердің арбауына түспей, соған қарсы отансүйгіштік, патриоттық иммунитетімізді шыңдап, азаматтық борыш биігінен көріну баршамызға сын.

Аружан Атымтаева
Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері
басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» 
КММ  директорының орынбасары