Дәстүрден безінген бейсауаттар бой көрсете бастады.

0
349

Бүгінгі таңда дін саласындағы өзекті мәселелер өршіп тұрғаны баршаға аян. Әр нәрсенің  бір харам деп қақылдап, ширк деп шиқылдап жүргендер бой көрсете бастады. Әсіресе, Құран мен сүнетте айтылмаған деп өз ұлтының дәстүрінен безініп, дін деген ұлы құндылықтың шеңберін тарылтып жүргендер бар. Шынында да, дәстүрдің діндегі орны қандай?
Қазақтың болмысымен бітеқайнасқан дін мен дәстүр – қадым замандағы қилы зауалдарға қарсы тұру әрекеті барысында ру, тайпа, ел, халық болып бірігуге тұтасуға бірден-бір рухани өзек-алтын тұғыр қызметін атқарған парапарсыз құндылық. Сондықтан халқымыз қандай қилы кезеңді бастан кешпесін, өзінің тіршілік тегі мен тамырын тереңнен тартқан көне этнос өкілі ретінде өзін қоршаған геосаяси ықпалдастықтардың қандай да бір сор заман дәуірінен не бір сұрапыл дауылдар мен жан-алып, жан беріскен арпалыстардан да аман қалды. Өткеннен өнеге алып, бүгінін бүтін болуын қамдай біліп, ертеңгі ұрпақтың үмітін қиғызбады. Халқымыздың өмір-салтын, дүниетанымын, ғылым-білім, өнер, қоршаған орта, тарихи-әлеуметтік, рухани-мәдени, діни ұстанымдары ұғымындағы өрелі ой мен биік ақыл-парасат, біліктілік пен ақиқатқа, әділдікке сүйенуден туған дүниелер екенін көруге болады. Осылардың кішкене ғана бір бөлшегі: «көрімдік, ерулік, сүйінші, сыбаға, базарлық, жылу, асар, қол үздік» сынды асыл сөздер мұсылман қазақтың дархан мінез, кеңпейіл, қонақжай, бауырмалдығының бұлтартпас дәлелі.
Дәстүр-латынша, trаdіtiо-жалғастыру – тарихи қалыптасқан қоғам үшін пайдалы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп және белгілі уақыт аралығында сақталып отыратын адамзат тәжірибесінің жалғастығы мен жиынтығы, мәдени мұрасы, олар: әдет-ғұрыптар, ырымдар, жүріс-тұрыс қалыптары мен тәртіптері,      үрдістер, жөн-жоралғылар, мейрамдар, рәсімдер.
Қай заманда болсын қазақ халқының жер бетінен жоғалып кетпей, жоралы жұрт болып қалыптасуының негізгі факторы – діні мен дәстүрі болды. Дін мен дәстүр – біздің ұлт болып қалыптасуымызға, халық болып, тәртіпті, тәрбиелі ел боп өмір сүруімізге ықпал еткен рухани күш. Ұлттық салт-дәстүріміздің арқасында кең далада шашырап жатқан біздің көшпенді халқымыз белгілі бір тәртіпке келіп, біріге білді. Ұрпағын «тек» деп өсірген ата-бабамыздың тәрбиеге өте үлкен жауапкершілікпен қарағаны баршамызға мәлім. Өткен тарихымызға қарасақ, кеткен кемшіліктің қайдан екенін түсінуге болатын сияқты. Дін мен дәстүріне бекем болған шешен, ақын, жыршы, зергер, сәулетші, қара қылды қақ жарған билер мен қазылар ұрпақты ізгілікке, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеп өсірді. Алайда осы игі дәстүр кеңес кезінде үзіле жаздаған еді. Аллаға шүкір, қазір рухани құндылықтарымыз ұлт жадында қайта жаңғырып, жастарымыз жақсылыққа ұмтылуда.
Дәстүрдің екі қыры ерекшеленіп тұрады. Ол біріншіден өзін түзген орта үшін Заң. Заң біткен түп атасы-дін екенін адамзат мойындап отыр. Екіншіден қандай ел, халық, ұлттың өмір сүруіне тұғыр. Онсыз халық, ұлт өспейді, өнбейді өмір сүре алмайды. Осы дін мен дәстүрдің ұштастығын жүйелеп алып, елдік келбетімізді сақтап қалу үшін мектеп қабырғасынан бастап дін мен дәстүрімізді насихаттауымыз керек. Дін мен дәстүрдің тәрбие беру саласында маңызы зор. Дінімізде де, дәстүрімізде де отбасы құндылығына аса мән берілген. Қазақ даласында отбасылық мектеп берік қалыптасқан. «Қызды қырық үйден тыйым, «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген нақыл сөздер ұрпақты ұлағаттылықа, имандылыққа ұйыстырып келеді.
Кеңес кезінде де, «дін – апиын» деп ұрандатқан Құдайсыз қоғамда да ата-бабаларымыз сеніміне селкеу түсірмей, дәстүріне бекем болды. Дінге қысым көрсетілген замандарда да Исламның ұрпақтан-ұрпаққа жетуіне, жойылмай, сақталып қалуына себепші болған негізгі күш – дәстүр.
Дін (Ханафи бағытындағы ислам) мен дәстүр: ұлттық құндылықтарымызбен ұштасқан осы қос қағида халқымыз үшін құстың қос қанаты іспетті қастерлі ұғым. Құдайсыз қоғамда өмір сүруге ырық бермей, ырыздығын тек Алладан сұраған қазақ халқы бағзы заманнан бері дін мен дәстүрін бекем ұстанды.

Айтаев Икрам Сатыбалдыұлы
Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ  бөлім басшысы