Оларды ақырзаман емес, қаржылық игілік қызықтырады

0
325

«Деструктивті культтер» — бұл термин ХХ ғасырдың басынан бастап АҚШ, Ұлыбритания секілді елдерде жастарды «зомби» болуға тәрбиелеген, өз отбасынан алшақтаған, қоғамда өшпенділік тұғызған «жаңа діни ағым» лидерлеріне қатысты қолданыла бастады. Ресейде 1990 жылдардың басынан, ал Қазақстан қоғамында 1990 жылдардың аяғынан жиі айтыла бастады. Олар туралы бұқаралық ақпарат құралдары мен оқу құралдарына  ғалымдар жиі жаза бастады. Дегенмен, қазақстандық зерттеушілер арасында «тоталитарлық секта» мен «деструктивті культ» белгілеріне қатысты бірыңғай ғылыми анықтама жоқ. Тіпті, еліміздің заң құжаттарында өкінішке орай, осы терминдердің анықтамасы мен іс-әрекетіне әлі нақты құқықтық баға беріле қойған жоқ.
Деструктивті культ немесе деструктивті секта ағылшынша- destructive cult-өлтіруші-секта деген мағына береді. «Деструктив» терминін әлеуметтанушылар, психологтар, криминалистер, публицистер жиі қолданады. «Деструктив»-ұғымы қоғамға, отбасына материалдық, психологиялық және дене жарақатын жеткізген діни ағымдарға, секта лидерлеріне  қатысты қолданады.  Ал теологтар мен дінтанушылар деструктивті культ терминін өзін «жаңа діни ағым» немесе «бұрынғы аталардың құлшылық жолын жалғастырушымыз» деп санайтын құдайға жақындаудың өзгеше әдісін қолданатын, өз шәкірттерін қоғамнан оқшау ұстайтын, оларды «қасиетті адам — культке табынатын» секталарға қатысты айтады. Деструктивті секталар яки культтер адамды өз-өзіне қол жұмсауға итермелегені, жалған шахидтікке тәрбиелеп лаң салғаны және дүние-мүлкін  соған жұмсағаны үшін айыпталып жатады.
Адамдардың «санасын басқаратын», «миларын шаю» секілді манипулятивтік әдіснаманы қолдана отырып, өзіне бағындырып ұстайтын культтердің белең ала  бастағаны бүгінгі озық ойлы ғылыми қауым өкілдерін алаңдата бастады. Олар ақпарат құралдары арқылы жақындап қалған «ақырзаманды» ескертуге әуес. Себебі, оның астарында қаржылық игілік, коммерциялық мақсат жатқанын қарапайым адамдар ұға бермейді. Ақырзаманның келгенінен үрейленген олар, бар мал-мүлкінің едәуір бөлігін «жұмақты жеңіп алу үшін», «күнәлерін кешіру үшін» жұмсап жатады. Өкінішке орай, ақырзаман келмей қалады, ол келесі бір жағдаятарға байланысты кейінге қалады.
Культтер  ғылым тарапынан мойындалмайды. Олар иррационалды ойлауға негізделген. Культтерге дәстүрлі дін өкілдері де қарсы. Астрологиялық және уфологиялық, жаңа-пұттық және нативистік, сиқырлық, балгерлік, неошамандық-бақсылық, люцифериандық, жалған сопылық және сайтан жолын ұстанған культтер бар. Алланың атын ұранға айналдырған «жолын ашып беруші», «сүйіктісін қайтаратын», «саудасын өрлететін» қара магия культтік сәуегейлерінің әрекеті бақылаусыз қалып отыр. Олардың қызметінің арты қайғылы оқиғалармен  аяқталып жатады. Айталық, ажырасу, көлік апаты, дене жарақатын жасау секілді оқиғалардың кейбіреулерін көзімізбен көрдік, құлақ та естіді.
Мектеп пен жоғары оқу орындарында деструктивтік, окультік-магиялық және аморалді жалған ғылыми, жалған психологиялық уағыздардың жасалуынан өте сақ болуымыз қажет.
Діни өшпенділікке қарсы күрестің бірден-бір пәрменді құралы – діни ағартушылық жұмыстар.Дінді мемлекеттен бөлгенмен, қоғамнан бөліп жара ала алмаймыз. Адамзат өзінің даму тарихында теңдікті, әділдікті, бостандықты аңсап сол үшін күресіп келеді. Ешқандай қоғамда абсолюттік теңдік, әділдік, бостандық болмайтынын ойшылдар әлдеқашан көрсетсе де адам осы сұрақты әлі күнге дейін үнемі бірі-біріне қойып келеді. Және оған жауапты қандай да бір діннен іздеу белең алып отыр. Әркім, дін атын жамылған ұйымдардан, секталардан осы жауаптарды іздейтін болса, онда жас мемлекетімізді алдағы уақытта рухани жағынан дағдарысқа ұшырауы, яғни діни экстремистік әрекеттердің болуын жоққа шығаруға болмас.
Өз дінімізді өзіміз айтатын жағдайға жеттік, үйрене беру мен еліктеушіліктен арылатын, өзіміздің мәселелерімізді өзіміз шешетін уақыттың жеткенін ұғынуымыз қажет.

Айтаев Икрам Сатыбалдыұлы
Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ бөлім басшысы