Псевдосәләфилік идеология елімізге жат пікір

0
286

Дін – дегенде үрке қарайтын, денеміз дір етіп шошынатындай халге жеттік. Баласы намаз оқи бастады ма дереу абыржый бастаймыз, күдікпенен сектаға кіріп кетті ма деп елең ете қаламыз. Осындай халге жеткізушілер кімдер? Белгілі, сырттан келген кереғар зиянды ағымдар.
Ал, негізінде дін – мәдениетімізді, салт-санамызды қалыптастыратын өркениеттің негізі. Енді сұрақ туындауы мүмкін, дін қалай мәселе болады? Діннің өзі әрине ешқашан мәселе болмайды. Бірақ дін қоғамда танымдық, ғылыми, идеялық және рухани тәжірибелік тұрғыдан функционалдық тепе теңдікті қамтамасыз ете алмаған жағдайда ғана, келеңсіз жағдайларға себеп болып, әртүрлі топтардың, қанаушылықтың, өшпенділік пен дұшпандықтың объектісіне айналудан ада бола алмайтындығы хақ. Бұл ахуал үш себептен туындап отыр. Біріншісі кезінде білікті діни мамандардың болмауы. Екіншісі, ханафи мәзһабы бағыты бойынша дініміз исламның өркен жаюына және дамуына қандай да бір себептер кедергі болғандықтан, дін шектеліп, өз қызметін орындай алмауы. Үшіншісі, халқымыздың діни сауттылық деңгейінің төмен болуы. Міне осы үш жағдайдың да Қазақстанда көріністері мен іздері бар екендігі байқалып тұрды.
1990 жылдары кейбір дінге сенушілер іс жүзінде өздерінің діни бастауларынан көз жазды. Соның салдарынан кейбіреулер өздерінің ата-бабасына жат діни ағымдарға ден қойып, ислам дінінің ілімі туралы сауатсыздығының салдарынан «дәнді қауыздан айыра алмай» қалды.
Қазіргі уақытта кез келген діни тұрғыдағы террористік және экстремистік ұйымдар мен топтардың артында алпауыт мемлекеттердің мүдделері, саяси мақсаттары, ықпалы бар екені белгілі болып отыр. Ислам дінін Құран мен хадистің мазмұнын толық білместен тікелей қабылдап, адасудың нәтижесінде туындап отыр.
Исламды осындай жолдармен түсіндіретін діни ағымдарға «сәләфизм» идеологиясын насихаттаушыларды жатқызуға болады. Олар өздерін ешқандай өзгерістер мен жаңалықтар енгізілмеген әуел бастағы «таза исламды» ұстанушылармыз деп түсіндіреді.
Қазіргі уақытта діни сеніміндегі кейбір өзгешеліктерге байланысты «Сәләфизм» ұстанушыларын өзара бірнеше топтарға жіктеуге болады.
Сәләфизмнің бірінші тармағы Имам Рабия ибн-Мадхали еңбектерінің негізінде «сәләфи-мадхалиттер» пайда болды. Аталған ілімді ұстанушылар:
«Жиһад» идеологиясын  ашық қолдамайды.
Заңды мемлекет басшыларына қарсы шығу жолын ұстанбайды.
Адамды кәпір деп қателескеннен гөрі, мұсылман деп жаңылысқанды орынды деп санайды.
Сәләфизмнің екінші тармағы «Мәдиналықтар» немесе (сурруриттер) деп аталады. Бұл ұйым мүшелері шейх Абу Мусьаб ас-Сури («Әскери бағдарлама» деген еңбектің авторы) іліміне сүйенеді. Олар:
Қазақстанда бірінші болып, ҚМДБ-нан бөлек діни қоғамдастық құруға әрекеттенген, мұсылман атын жамылған бүлікші топ.
Мемлекеттік құрылымды мойындамауға үндейді.
Мәдиналықтардың мадхалиттерден айырмашылығы, олар «жиһадты» қолдайды.
Сәләфизмнің үшінші тармағы «Такфир» қозғалысының негізін салушы 1942 жылы туылған мысырлық Мустафа Шукри.
Бұл ұйым мүшелері «такфир» идеологиясын қолдамаған мұсылмандардың өзін кәпір деп есептейді.
Зайырлы мемлекет заңдылықтарын ұстанатын Қазақстанды – кәпірлер елі («Дар уль куфр») деп атайды.
Сәләфизмнің төртінші тармағы «Сәләфи-жиһади» ағымы 1990-шы жылдары «араб-ауғандықтарға» басшылық ету Абдалл Аззамнан («Братья-мусулмане»), Саудиялық сәләфит Усаме бин Ладеннің қолына өткен уақыттарында құрыла бастады.
Қазақстан аумағында жиһад ұйымдастырғанды дұрыс деп санайды.
Олардың түсінігі бойынша қазіргі уақытта кәпірлерге қарсы қарулы соғыс («жиһад») жасау әрбір мұсылманға міндетті («фарз айн») деп есептейді.
Енді осы мәліметтен кейін осы төрт топқа қарайтын болсақ бір-біріне байланыстың тығыз екендігін байқауға болады. Яғни бірінші топқа тартқан адамда еш күдік туындамауы мүмкін неге? Өйткені ол топ (мадхали) мемлекетті, салт дәстүрді мойындау (шындығында мойындамайды) арқылы адамдарды тез баурап алады. Кейін екінші  топ (суррури) мемлекет, дәстүрлі дін, салт дәстүрдің өздерінің ұстанымына қайшы екендігін айта отырып миына жақсылап сіңдіртіп алады. Одан кейін үшінші топ (тәкфири) барлық жағынан дайындықтан өткізіп қалыпқа салады. Төртінші топ (жиһади) арықарай жиһадтан бірақ шығарады. Сонда адам баласы адамгершілік құндылықтар негізінде өмір сүруден, ойланудан қағылу керек пе? Мен не үшін келдім? Қайда бара жатырмын? – деген сұрақ әрдайым адамды мазалау керек. Сондықтан бұл мәселеде біраз жоғарыдан қарап, мен Алла Тағаланың разылығына бөленетін тірлік жасап жатырмын ба? әлде шайтанның азғыруына ұрынып бәлекет кесапатқа себеп болып тұрмын ба?-деген мәселеде ой толғау керек. Құранда бұл жайында Бақара сүресі 10-12ші аяттарында былай дейді:«Олардың жүректерінде дерт бар. Сонда Алла олардың дертін арттыра түсті. Сондай-ақ оларға өтірікшіліктерінің салдарынан күйзелтуші азап бар. Оларға: «Жер жүзінде бұзақылық қылмаңдар»,-делінсе, олар: «Біздер түзеуші ғанамыз»,-дейді. Сақ болыңдар! Шын мәнінде олардың өздері бұзақы, алайда олар түсінбейді.» 
Енді осы тұста тырнақшаның ішінде жиһадты түсіндіріп кеткен абзал. «Жиһад» сөзі араб тілінде белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін яки бір істі істеу үшін бар қажыр-қайратың мен ынта-жігеріңді төгу, тырысу, күресу  деген сияқты мағыналарды білдіреді.«Жиһад ұғымын уағыз етіп айтатын адамдар өздерінің мақсатына қарай бұрып жеткізуі мүмкін. Естігендер оны теріс түсінеді. Яғни Жиһадты тек қана қару алып, адам өлтіру, қару алып, күш қолдану деген мағынада түсінеді.
Пайғамбарымыз хадисінде: «Нағыз жиһад жасаушы кісі – өзінің нәпсісімен күресуші» деп, нәпсімен күрестің маңыздылығын айшықтай түскен.  Жиһад ұғымы адамға,  қоғамға, жағдайға қарай түрленіп отырады. Бір дәрігердің өз саласында кәсіби деңгейге қол жеткізу үшін тынбай талпынуы мен ізденуі, экономика маманының халықтың әлеуметтік жағдайларының түзелуі үшін жұмсаған қажыр-қайраты, мұғалімнің сауатты түрде бала оқытуы – мұның бәрі жиһадқа жатады. Мұсылмандардың керекті қаржыны тірнектеп жинап,  өздеріне мешіт, медресе тұрғызуы; жоқ-жітіктерге көмектесіп, жетім-жесірлерге қарайласқан қалталы азаматтардың бұл істері де Хақ жолындағы күреске – жиһадқа жатады».(Жиһад деген не?, Алматы-2011)
Кезек сәләфилік ағымының көзқарастарына тоқталсақ:
— Сәләфилік — жергілікті елдің әдет-ғұрыптарына қарсы. Исламда жоқ кез келген әдет-ғұрыпты «бидғат» (Діннің негізінде жоқ жаңалық, яғни, исламның бес шартына бір шартты қосу немесе бес шарттың біреуін алып тастау) деп қарайды. Яғни, дінге кейіннен кірген «қоспа» болғандықтан оны қолдану харам деп санайды. Мұндай пікірлер ұлтымыздың ислам қағидалары шеңберінде қалыптасқан жақсы әдет-ғұрыптарына қарсы келеді.
— Олар оқылған Құранның сауабын дүниеден өткен кісілерге бағыштауға тыйым салады. Ал құран бағыштау Ханафи мәзһабы бойынша сауапты іс. Себебі Құран оқудың өзі бір ғибадат. Ал ғибадатқа сауап жазылары сөзсіз.
— Белгілі бір (Ханафи сияқты) мәзһабты толық ұстануға қарсы шығады. Олар мұндай пікірлерді ғасырлар бойы ханафи мәзһабын ұстап келген аймақтар (Орта Азия, Қазақстан, Ресей т.б.) арасында бүлік тудыру үшін таратып отыр. Аталған ағым түбі мұсылман әлемінің көрін қазушы «көр соқыр» топтар. Сондықтан олардың ислам, мұсылман үшін соғысуға шақыруы өзіңмен өзіңді соғыстыру. Сол арқылы ислам дініне сызат түсіру, жаңсақ пікір қалыптастыру мақсаты болмағанда бұны басқаша қалай түсінуге болады. Қорытып айтқанда олар мақсаттарын, рухани байлықтарының құндылықтарын тым ерекше деп санап, қоғам ішінде вирус тықпалағаннан басқа пайдалы тұстары байқалмайды. Өйткені, олар біріншіден, мемлекеттің iшкi қауіпсіздігіне зиян тигізуде. Екіншіден, дамыған немесе даму үстіндегі тыныш жатқан бip елді тоқырауға жіберудің бip тәсілі, түрлі діни айтыс тартыстар (дәлелің әлсіз,бидғат,ширк т.б.) туғызу арқылы қоғам ішінде ipiткi тудырады. Үшіншіден, білім мен ғылымға (Астрономия ғылымы керек емес) қарсы. Төртіншіден, діни алауыздыққа апарады. Сол себепті жастарымызды имандылыққа, ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұстанып келген асыл дініміз исламға (Соның ішінде Ханафи мәзһабы ұстанымына) баулысақ түрлі жат ағымдардың жетегіне кетпейтін болады. Сонымен қатар иманды жас отанын, елін, жерін сүйетін, салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін бepiк ұстайтын ел азаматы болады деген ойдамыз.

Оспанов Дәлелхан 
Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасы 

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ бөлім басшысы