Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 – 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы

0
170

Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 – 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы1-бөлім. Ағымдағы ахуалды талдау, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың даму үрдістері мен пайымы.

1.1. Ағымдағы ахуалды талдау
1.2. Діни ахуалдың негізгі даму үрдістері
1.3. Дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамыту пайымы
2-бөлім. Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері
2.1. Дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамытудың негізгі қағидаттары
2.2. Дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамытудың жалпы тәсілдері
2.3. Тұжырымдаманы іске асыру кезеңдері және күтілетін нәтижелер
3-бөлім. Тұжырымдаманы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі
Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 – 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі  Тұжырымдама) мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастарды жетілдіруге, мемлекеттің зайырлы қағидаларын нығайту және дінді деструктивті мақсатта пайдалануға жол бермеу бойынша ресми көзқарастар жүйесі болып табылады.
Осы Тұжырымдамада дін саласындағы негізгі үрдістер мен ерекшеліктерді талдау негізінде, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2020 жылға дейінгі стратегиялық мақсаттары мен негізгі бағыттары айқындалды.
Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» «Коммерциялық емес ұйымдар туралы», «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының заңдары және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Тұжырымдаманың құқықтық негізін құрайды.
Осы Тұжырымдаманы әзірлеу қажеттілігі «Қазақстан-2050″: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» стратегиясында Қазақстан Республикасы Президентінің «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарында, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауының «Институционалдық өзгерістер, қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықпен күрес» бесінші басымдығын, Мемлекет басшысының дін саласын реттеу мәселелері жөніндегі тапсырмаларында айқындалған міндеттерден, сондай-ақ конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекетті конституциялық емес деп тану туралы Конституцияның 39-бабының 2-тармағын іске асырудан туындайды.
Осы Тұжырымдама Қазақстанның мемлекеттік құрылысының жаңа кезеңінің беталысын басшылыққа ала отырып, конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің әлем мойындаған қазақстандық моделіне сүйене отырып, дін саласындағы мемлекеттік саясатты одан әрі дамыту, нормативтік құқықтық актілер жүйесі мен елдегі дін саласын реттеу жөніндегі әлеуметтік-экономикалық, саяси және басқарушылық шараларды жетілдіру үшін негіз болып табылады.
Тұжырымдама құқықтық, әдістемелік және ұйымдастыру шараларын қоса алғанда, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың пайымына кешенді тәсілдерді болжайды.
Осы Тұжырымдама дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамыту бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың, діни бірлестіктер мен азаматтық қоғам институттарының күшін шоғырландыруға, Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ерекшеліктеріне негізделген мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастардың қазақстандық моделін одан әрі дамытудың бағыт-бағдарын тұжырымдауға арналған.

1-бөлім. Ағымдағы ахуалды талдау, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың даму үрдістері мен пайымы
1.1. Ағымдағы ахуалды талдау
Қазақстан Республикасы тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде әлемдік қауымдастық мойындаған, дінаралық және конфессияаралық диалог пен келісімді табысты ілгерілетуде бірегей тәжірибесі бар егеменді мемлекет ретінде қалыптасты.
Сан ғасырлар бойы әртүрлі этностар мен конфессиялар өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, бір-бірін мәдени тұрғыдан өзара байыта отырып, республика аумағында алғаш рет Қазақстан халқының мәдениетін және дәстүрлі рухани құндылықтарын дамыту үшін қажетті саяси-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық жағдайлар қалыптасты.
Еліміздің Конституциясына сәйкес тілі мен дінге көзқарасына қарамастан барлық азаматтардың заң алдында теңдік қағидаттарына және әрбір азаматтың жеке наным-сеніміне құрметпен қарауға негізделген мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың зайырлы моделі қалыптасты.
Жалпы қабылданған әлемдік нормаларға сәйкес мемлекет азаматтарының құқықтары мен қоғамдық қауіпсіздіктің қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында діни ұйымдардың қызметін реттеуге құқылы.
Мәселен, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы халықаралық құқық пен еліміздің Конституциясында көзделгендей әркімнің ар-ождан бостандығы құқығын іске асыруға бағытталған, ол дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың және ұлттық мүддені қорғаудың құқықтық негізі болып табылады.
Қолданыстағы заңнама аясында діни бірлестіктердің қызметі реттелген, миссионерлік қызметті жүзеге асыру, діни іс-шараларды, дінтану сараптамаларын жүргізу, ғибадат үйлерін салу, діни әдебиетті тарату тәртібі айқындалған.
Мемлекет дін саласында тұрақтылықты сақтау, қоғамда конфессияаралық келісім мен толеранттылықты нығайту, кез келген түрдегі және көріністердегі діни экстремизм мен радикализм идеологиясына халықтың иммунитетін қалыптастыру бойынша нақты шаралар қабылдауда.

      2017 жылғы 1 қаңтарда ресми тіркелген 18 конфессия атынан өкілдік ететін 3658 діни бірлестікпен олардың филиалдарының қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті жағдай жасалуда.

       Олардың ішінде саны жағынан ең көбі ханафи мазхабындағы ислам мен православиелік христиан діні. Сондай-ақ католиктер және протестанттар конфессиялары, иудейлер, буддашылар және басқа да қауымдар бар.

      Республикада 3464 ғибадат үйі тіркелген, оның ішінде 2550 мешіт, 294 православие және 109 католик шіркеуі, 495 протестант храмы мен ғибадатханасы, 7 иудей синагогасы, 2 буддашылар храмы, 7 «Кришна санасы қоғамы» және бахаи қауымының ғибадатханасы бар.

       Жұмыс істеп тұрған 2550 мешіт «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық діни бірлестігінің (бұдан әрі – ҚМДБ) меншігіне кіреді.

      Соңғы жылдары ҚМДБ филиалдарының саны, әсіресе, Алматы, Қарағанды, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында көбейгені байқалады.

       «Қазақстан православие шіркеуі» республикалық діни бірлестігі (бұдан әрі – ҚПШ)өкілдерінің саны жағынан екінші орында. Оның құрамына 325 діни субъект, оның ішінде 301 приход, 9 епархия және 294 діни құрылыс, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы Митрополит округі кіреді.

      Республика аумағында Армян апостол шіркеуі, шетелдегі Православие шіркеуі, Помор православие шіркеуі және 3 ескі ғұрыптық шіркеу жұмыс істейді.

      Қазақстандағы Рим католик шіркеуі (бұдан әрі – РКШ) 85 діни қауымнан тұрады, оның 5 қауымы Грек католик шіркеуіне қарайды.

      РКШ орталығы Католик шіркеуі провинциясына (митрополия) жататын Астана қаласындағы Әулие Мариям Архиепархиясы болып табылады.

      РКШ Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 19 мамырдағы № 141 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісім негізінде 1998 жылдан бері жұмыс істейді.

      667 протестанттық діни субъект қызмет атқарады. Ең ірі протестанттық қауымға елуіншілер шіркеуі, інжіл христиан-баптистер шіркеуі, пресвитериан, жетінші күн адвентистері және інжіл-лютеран шіркеулері жатады.

      Республикада 13 конфессияның 531 миссионері тіркелген. Тіркелген миссионерлердің арасында саны жағынан РКШ өкілдері басым (257). Православиені 84 миссионер насихаттайды, оның басым көпшілігі Ресей Федерациясының азаматтары болып табылады.

       Қазақстанда 15 діни білім беру ұйымы, мешіттер мен жексенбілік мектептер жанындағы 400 бастауыш курс, ғибадат үйінен тыс діни іс-шараларды өткізуге арналған 383 үй-жай, оның ішінде намазхана, ғибадат бөлмесі және шіркеулер бар.

      Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды таратуға арналған 257 арнайы стационарлық үй-жай айқындалды.

      Діни қатынастардың барлық тіркелген субъектілер өз қызметтерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады, бейбітшілік пен келісім жолында, қоғамды дамыту, мемлекетті нығайту үшін қызмет етеді.

      Діни бірлестіктердің басшылары Қазақстан халқы Ассамблеясының, орталық және жергілікті деңгейдегі консультативтік-кеңесші органдардың жұмыстарына белсене қатысады.

      Республикада Құрбан айт және Иса Пайғамбардың туған күні діни мерекелері демалыс күндері болып табылады.

      Ел халқының ізгілік пен бейбітшілік құндылықтарын жақтауы, конфессиялар мен мәдениеттердің позитивтік диалогтары, дін саласындағы сарабдал мемлекеттік саясат, сондай-ақ қазақстандық қоғамның тұрақтылығын нығайту үшін түрлі дін өкілдерінің тамыры тарих қойнауының тереңіне жайылған бірігу дәстүрі елдегі діни ахуалға оң әсерін тигізеді.

      Қазақстан ел ішінде тұрақтылық пен келісімді сақтауда, әмбебап жалпы адамзаттық құндылықтардың жалпы ұлттық бірлігін нығайтуда діннің маңызды рөл атқаратынын, түрлі діндер мен конфессиялардың бірге өмір сүре алатынын және толық өзара түсіністік пен сыйластық негізінде үйлесімді дами алатынын әлемге айқын танытып келеді.

      Қазақстан көп этносты және көпконфессиялы тәуелсіз мемлекет ретінде мемлекеттік билік органдары мен діни бірлестіктер арасындағы өзара қарым-қатынастың өзіндік үлгісі мен тәртібін қалыптастыруда.

      Республика адам құқықтары мен бостандығын қорғау саласындағы әмбебап көпжақты халықаралық шарттарға қатысушы мемлекет болып табылады.

       Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу туралы бастамасы мемлекеттің бейбітшілік пен тұрақтылық жолында жаһандық өркениетаралық және дінаралық диалогты дамытуға қосқан маңызды үлесі болды.

       Тәуелсіздіктің ширек ғасырындағы жетістіктерді нықтап, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру мақсатына сеніммен қадам баса отырып, Қазақстан алдағы уақытта да мемлекеттің зайырлы дамуының конституциялық қағидаттарын ұстануға ниет білдіреді.

       Барша қазақстандықтардың діни және этномәдени тиесілігіне қарамастан, қалыптасқан жалпы ұлттық бірлік пен келісімнің бірегей үлгісі – бұл Қазақстанның әртүрлі конфессиялардың өзара қарым-қатынасының жалпы әлемдік процесіне қосқан қомақты үлесі.

       Талдау көрсеткендей, діни наным  бұл жалпы адамзаттық құндылықтармен қатар, рухани үйлесім, әлеуметтік қарым-қатынастар және азаматтардың санасы үшін әлеуетті қауіп-қатерді де қамтитын айрықша сала. Сондықтан дін саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеудің ұсынылып отырған тәсілдері мен мемлекеттік саясат қағидаттары елдің өзгешеліктерін және халықтың мәдени-менталды ерекшеліктерін ескеретін айрықша сипатта болады.

1.2. Діни ахуалдың негізгі даму үрдістері

      Елдегі дін саласының жай-күйін талдау шешуді талап ететін мынадай үрдістерді бөліп көрсетуге мүмкіндік береді.

      1. Діни ахуалдың дамуына жаһанданудың әсері

       Әлемдік қоғамдастықтың бір бөлігі ретінде Қазақстанға дінаралық және конфессияаралық шиеленістің таралуы, Орталық Азиядағы радикалды діни ағымдар белсенділігінің арту қаупі төнуі мүмкін.

      Жаһандану процесі жекелеген саяси күштердің дінді өз мүдделері үшін пайдалану үрдісімен, әлемде діни экстремизм және терроризмнің таралуымен қоса жүреді.

       Қазіргі кезде үдеп келе жатқан зорлықшыл экстремизм халықаралық терроризмнің идеологиясы ретінде діни үндеулерді жамылып, адам құқығы мен бостандықтарын белден басуда, адамзаттың діни, сондай-ақ мәдени және рухани мұраларына елеулі нұқсан келтіруде, діннің беделін жоққа шығарып, конфессияаралық қатынастарға қауіп төндіруде.

      Жалған діни қағидаларды дәлме-дәл қабылдап, оған еретін адамдардың ой-өрісіне, сезіміне, іс-әрекеттеріне деструктивті әсер етіп, дінді сылтау етіп оларды қылмысқа итермелеп отырған діни фанатизм мен радикализм әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылыққа нақты қауіп төндіріп отыр.

      Діни фанатизм мен радикализм мемлекеттің конституциялық негіздеріне, елдің зайырлы даму қағидаттарына, халықтың дәстүрлі рухани құндылықтарына зиян келтіруде.

      Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесі ретінде жаһандану процесін және діни экстремизмнің қаупін ескермей, бұл проблемаларды шешуде сырттай ғана бақылап қалыс қалуы мүмкін емес.

      Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің, Америка Құрама Штаттарының, Қытай Халық Республикасының, Біріккен Араб Әмірліктерінің, Ресей Федерациясының, Тәжікстанның, Өзбекстанның, Қырғызстанның зерделенген және назарға алынған діни бірлестіктерге қатысты мемлекеттің реттеуші функциясын күшейту тәжірибесі және ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру практикасы негізінде дін саласындағы мемлекеттік саясатты жаңа тұжырымдамалық тәсілі қалыптасты.

      2. Дін саласын құқықтық реттеу

      Конфессиялық кеңістікте орын алып отырған серпінді процестер мен оқиғаларды ескере отырып, дін саласындағы қолданыстағы заңнаманы қайта қарау және жаңарту қажет.

      Діни қызметті құқықтық реттеу тетігінің трансформациялануына байланысты оларды еліміздегі діни ахуалдың жағдайы мен оның дамуына тікелей әсер ететін әлемдік және өңірлік үрдістерге сәйкес келтіру қажет.

      Қоғамда діни радикализм мен экстремизм идеологиясының таралуына жол бермейтін жаңа құқықтық нормаларды әзірлеу қажеттілігі тұр.

      3. Мемлекеттің зайырлылық негіздерінің бұзылу тәуекелдері

      Қазақстандықтардың басым бөлігі діни көзқараста ұстамдылық танытады әрі зайырлылық қағидаттарын ұғынады.

      Сонымен қатар, соңғы жылдары қоғамда халық діндарлығының өсуі байқалуда. Көптеген діни дәстүрлер заманауи сәнді трендке айналуда. Халықтың белгілі бір бөлігіне діншілдікті сыртқа көрсету, яғни діни өмірді жария етуге деген қызығушылық тән.

      Халықтың кейбір бөлігі қателесіп, зайырлылықты атеизм деп қабылдауда.

       Дінге бет бұрған, алайда діни ілімдерден бейхабар және сол себептен деструктивті әсерге оңай ұшырайтын жастардың радикалдану тәуекелі сақталуда.

       Жекелеген азаматтардың қоғам алдындағы конституциялық және азаматтық борыштарын атқарудан бас тартуы орын алуда. Заңдарға, елдің мемлекеттік рәміздеріне, халықтың ұлттық-мәдени салт-дәстүріне, сондай-ақ жалпыға бірдей әдеп және мінез-құлық нормаларына құрмет танытпау жағдайлары жиілеп барады.

      Кертартпа діни көзқарасты ұстанатын ата-аналарының (заңды өкілдерінің) ықпалымен білім алушылардың білім беру ұйымдарында діни ерекшелігі бар киім киюге, сенбі күндері сабаққа келмеуге, сондай-ақ кейбір пәндерді оқудан бас тартуына жол бермеу бойынша талаптарды бұзу жағдайлары кездеседі.

      Жасанды діни сылтаулармен балалардың медициналық вакцинациясынан бас тарту фактілері орын алуда.

      Еркектер мен әйелдердің тиісті мемлекеттік органдарда тіркелмей, діни дәстүр мен рәсімдер негізінде некелерін қию жағдайлары жиілеп барады. Әйелдің қазіргі заманғы отбасындағы жағдайына, оның әлеуметтік белсенділігі мен жұмыспен қамтылуына, гендерлік теңдігіне қайшы келетін көнерген отбасылық құндылықтар насихатталуда.

       Жоғары дәрежедегі шиеленіс қоғам үшін қауіп төндіретін, азаматтардың денсаулығына, психикалық және материалдық әл-ауқатына нұқсан келтіретін, өздерінің діни қалауы мен көзқарасын мемлекеттің зайырлылық қағидаттарына және дәстүрлі рухани құндылықтарға қарсы қоятын, Қазақстан үшін жат құндылықтарды таратушы деструктивті діни ағымдарды ұстанушыларға тән.

      Олар насихаттайтын фундаментализм мен радикализмді орнату қазақстандық қоғам мен мемлекет тұрақтылығына нақты қауіп төндіреді, Қазақстан халқы бірлігінің, дәстүрлі рухани мәдениетінің және бірегейлігінің әлсіреуіне, басқа конфессия өкілдері құқықтарының бұзылуына алып келеді.

      4. Қоғамда, әсіресе, жастар арасында діни радикализм мен экстремизм идеологиясының таралуы

       Діни радикализм мен экстремизм идеологиясы қоғам санасына интернет кеңістігін, заманауи электрондық бағдарламалық қосымшаларды қоса алғанда, жаһандық ақпараттық-коммуникациялық желілер арқылы жаппай ақпараттық-психологиялық әсер ету жолымен енеді.

       Қоғамға, әсіресе, жастарға мақсатты түрде ықпал ету әлеуметтік желілер, экстремистік және террористік идеяларды белсенді насихаттайтын бейнероликтерді, әдебиеттерді заңсыз түрде тираждау мен насихаттау арқылы жүзеге асады.

      Радикалды діни идеологияның жаппай деструктивті ақпараттық әсерінен қоғамның жекелеген өкілдерінің сана-сезімі өзгеріске ұшырайды, азаматтардың мемлекетке деген әлеуметтік сенім деңгейі төмендейді, патриотизм мен тілектестік сезімі жойылады, құндылық бағыттары мен этикалық нормалар өзгереді, отбасына іріткі салынады, қоғам жікке бөлінеді.

       Қоғамда радикалды діни идеяларды жүйелі және жоспарлы түрде ақпараттық тарату террористер мен экстремистер қатарына жаңа мүшелерді қосу мен тартуға қолайлы жағдай туғызады.

      Діни экстремизм идеологтарының зайырлы мемлекеттің қағидаттары мен негіздерін, азаматтық бірегейлікті бұзу әрекеттері қоғамдағы шиеленістің өршуіне, радикалды діни ағым өкілдерінің, оның ішінде халықаралық террористік ұйымдардың қатарына қосылу үшін шет елге заңсыз шығуға тырысатындар санының артуына алып келуімен қауіпті.

       Деструктивті діни ағымдардың радикалды ниеттегі өкілдері ұшқары әрекеттерге – азаматтарға, қоғам мен мемлекетке қарсы зорлық-зомбылық актілерін ұйымдастыру мен жүзеге асыруға дайын.

       Радикалды діни ағымдар өкілдерінің қылмыстық іске баруы, олардың ұйымдасқан қылмыстық топтармен бірігу әрекеттері байқалады.

       Жастардың деструктивті ағымдар идеологиясының алдындағы әлсіздігі факторлары әлеуметтік-экономикалық проблемаларының болуы, әлеуметтік әділетсіздік сезімі, өмірлік тәжірибелерінің жоқтығы, сыни қабылдау қабілетінің төмендігі болып танылады.

      5. Елдің конфессиялық кеңістігіндегі процестер туралы

       Елдегі дін саласының жағдайына діни бірлестіктердің қызметтері мен олардың бір-бірімен, қоғаммен, мемлекеттік билік және басқару органдарымен өзара қарым-қатынасы едәуір әсер етеді.

      Елде радикалды және тіркелмеген діни ағымдардың, сондай-ақ сот шешімімен Қазақстан аумағында тыйым салынған террористік және экстремистік ұйымдардың жақтаушылары бар.

      Радикалды діни ағымдар мүшелерінің ресми дін өкілдерімен шиеленіс тудыру оқиғаларының орын алуы байқалуда.

      Кейбір діншіл адамдардың өздерінің діни көзқарастарын жақтамағандарды кінәлау және айыптау фактілері орын алуда.

      Жекелеген діни бірлестіктер мен тіркелмеген діни ағымдар әртүрлі ұйымдарды, білім беру орталықтарын, мемлекеттік емес ұйымдарды ашу, оқыту курстары мен семинарларды ұйымдастыру арқылы заңсыз насихаттау және миссионерлік қызметтерді іске асыруда.

       Діни бірлестіктердің жекелеген өкілдері тарапынан діни іс-шараларды өткізу, діни әдебиеттердің, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдардың айналымы жөнінде заңнамада белгіленген талаптарды, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды діни іс-шаралар мен діни бірлестіктердің қызметіне тартуға және қатыстыруға қатысты талаптарды бұзу фактілері орын алуда.

       Жалған уағызшылардың әлеуметтік желілерде онлайн уағыз айтуының кең ауқымда таралуынан тәуекел арта түсуде.

      Діни әдебиеттердің осы мақсатқа белгіленген стационарлық үй-жайлардан тыс жерлерде таралу фактілерінің орын алуы жалғасуда.

       Радикалды діни идеялардың таралуына төтеп бере алатын, әсіресе, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жүйесінде білікті дін қызметкерлеріне деген қажеттілік артуда.

      Қазақстандық қоғамның рухани дамуында дәстүрлі негіздерді сақтау, еліміздегі мемлекет құрылымының зайырлылық қағидаттарына науытқымау бойынша дін өкілдерінің азаматтық ұстанымын қолдау қажет.

      Діндарларға этикалық мінез-құлық нормаларын сақтауға, қарапайымдылық таныту, діни төзімділік пен жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттерді көрсетуге қойылатын талаптарды күшейту,басқа дін ұстанушыларға лайықты үлгі болуы қажет.

      6.Дін саласындағы мамандарға қажеттіліктің өсуі

       Қоғамдағы әртүрлі топтардың арасында діни экстремизмнің алдын алуға белсенді қатыса алатын дінтану, теологияжәне исламтану саласындағы кадрлардың біліктілігіне қойылатын талаптар өсуде.

      Ел азаматтарының шетелдедіни білім алуының реттелмеуі,олардың деструктивті діни идеологияның жетегінде кетуіне және өз елінде маман ретінде сұранысқа ие болмауына әкеп соқтырады. Шетелдің күмәнді діни оқу орындарына оқуға кеткен қазақстандықтарды елге қайтару проблемасы әлі де өзекті болып отыр.

       Осыған байланысты азаматтарымыздың шетелдік діни білім беру ұйымдарында теологиялық білім алу тәртібі реттеуді талап етеді.

      Ел азаматтарының Қазақстанда діни білім алуы мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет.

      Мемлекеттік органдардағы, мекемелер мен ұйымдардағы қызметкерлердің, дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысатын сарапшылар мен талдаушылардың біліктілігін одан әрі арттыру қажет.

      7. Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша мемлекеттік органдар қызметінің кейбір мәселелері туралы

       Діни экстремизмнің алдын алу және оған қарсы іс-қимыл бойынша міндеттерді іске асыруда орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жұмыстары тиімділігінің жеткіліксіздігі байқалады.

      Қоғамда діни қарым-қатынастар саласындағы радикалды көріністерге байланысты кез келген әрекетке мүлде төзбеушілікті қалыптастыру шеңберінде деструктивті діни идеялардың таралуына төтеп бере алмайтын халықтың нысаналы топтары арасында нақты түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүргізу қажет.

       Мемлекеттік органдардың діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және радикалды діни ағым өкілдерін радикалды көзқарастан арылту мәселелері бойынша азаматтық қоғам институттарымен, қоғамдық және діни бірлестіктермен, БАҚ-пен, білім беру, мәдениет және спорт ұйымдарымен жүргізетін жұмыстарының үйлесімділігі жеткіліксіз деңгейде қалып отыр.

       Баяндалғанға байланысты орта мерзімді перспективаға арналған дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамытудың тұжырымдамалық басымдықтарын айқындау қажет.

1.3 Дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамыту пайымы

      Тұжырымдаманың негізгі мақсаты мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастарды жетілдіруге, мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын нығайтуға бағытталған дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру және дінді деструктивтік мақсатта пайдалануға жол бермеу болып табылады.

      Мемлекеттің негізгі күш-жігері мынадай міндеттерге шоғырлануы тиіс:

      1. Мемлекет дамуының зайырлылық қағидаттарын нығайту, азаматтардың ар-ождан құқығын қамтамасыз ету.

      2. Дін саласын реттейтін заңнаманы жетілдіру.

      3. Мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын нығайтуға және діни экстремизмге қарсы іс-қимылға бағытталған Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыру бойынша барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары жұмысының бірыңғай жүйесін жетілдіру.

       4. Азаматтардың ар-ождан бостандығы мен олардың діни наным-сенімін құрметтеу құқықтарына заңнамалық кепілдік беруді қамтамасыз ету.

      5. Діни бірлестіктердің толыққанды жұмыс істеуі үшін жағдайды қамтамасыз ету және ұлт қауіпсіздігін, зайырлы мемлекеттің конституциялық негізін бұзатын және халықтың белгілі бір топтарын радикалдандыруға әсер ететін деструктивті діни ағымдардың қызметіне жол бермеу.

       6. Халық арасында қоғамда тұрақтылықты, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау, деструктивті діни идеологияға азаматтардың иммунитетін қалыптастыру бойынша мемлекет іске асырып жатқан шараларды түсіндіруге бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту.

      Дін саласындағы мемлекеттік саясат дін саласындағы уәкілетті органның мүдделі мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылы негізінде іске асырылады.

2-бөлім. Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері

2.1 Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың негізгі қағидаттары

       Дін саласындағы мемлекеттік саясат орталық және жергілікті деңгейде мынадай қағидаттарға негізделеді:

       1) дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың кешенді тәсілі;

       2) ведомствоаралық өзара іс-қимыл, дін саласындағы мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың күш-жігері мен ресурстарын тарту;

      3) халықтың барлық нысаналы топтарын жеке-жеке және жаппай қамту;

      4) барлық санаттағы азаматтардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау;

      5) жүйелі басқарушылық шешімдерді қабылдау үшін дін саласындағы ахуалдың мониторингі мен диагностикасының озық әдістемелерін енгізу;

      6) діни білім беру мекемелеріндегі оқу бағдарламалары, оқу әдістемелері туралы ақпаратты жедел ұсыну;

      7) дін саласында мемлекет іске асырып жатқан іс-шараларға нысаналы ақпараттық қолдау көрсетуді қамтамасыз ету;

      8) Қазақстан Республикасының ұлттық мүддесіне төнген қатер көріністерінің сипаты мен деңгейін ескеру;

      9) діни бірлестіктердің заңға қайшы әрекетіне жол бермеу.

2.2. Дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамытудың жалпы тәсілдері

2.2.1 Дін саласындағы заңнаманы жетілдіру

      Дін саласындағы тиімді мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары оны құқықтық қамтамасыз ету және заман талабы мен сын-тегеуріндерге сәйкес,оның ішінде ақпарат және коммуникация, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, мемлекеттік қызмет, жергілікті өзін-өзі басқару және өзге де салалардағы заңнаманы жетілдіру болып табылады.

2.2.2 Мемлекеттің зайырлы даму қағидаттарын нығайту

      Мемлекеттің зайырлы құрылысы – Қазақстан халқының маңызды тарихи жетістігі.

      Қазақстан бірегей мәдени-тарихи жағдай қалыптасқан, қоғамдық дамуы өзіндік ерекше және дін саласы өзгеше ел ретінде, әлемдік қоғамдастық мойындаған мемлекеттік-конфессиялық қатынастың өзіндік моделін жүзеге асырып келеді.

      Мемлекеттің зайырлы сипаты туралы конституциялық норма Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың негізгі сипаттамасы болып табылады.

      Мемлекеттік қызмет, білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау жүйелерін, неке және отбасы институттарын қоса алғанда, әлеуметтік қатынастар, сондай-ақ мемлекеттің құзыретіне жататын басқа да салалар тек заңнамамен реттеледі.

      Азаматтар өз елінің патриоты болуы және мемлекеттің мүддесін сақтауы тиіс, өйткені ол елдің негізгі заңы – Конституцияға сәйкес азаматтарға өмір сүруге, еңбек етуге, денсаулықты, қауіпсіздікті сақтауға, білім алуға қажетті жағдай жасайды.

      Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың мүддесі мемлекеттің зайырлылық қағидасын, халықтың ұлттық-мәдени және тарихи дәстүрін нығайту, мораль қағидаттары мен жоғары этикаға дін ықпалының өрісін шектеу болып табылады.

      1. Мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет жүйесі

      Зайырлылық қағидаттары қазіргі Қазақстанның дамуы мен оның қызмет етуінің негізі болып табылады.

      Барлық азаматтар өздерінің күнделікті қызметінде дінге көзқарасына қарамастан, ең алдымен, заңдарды, өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын, сондай-ақ егер қолданыстағы заңнамаға қайшы келмесе, барлық меншік нысандарындағы ұйымдардың ішкі қағидаларын басшылыққа алады.

      Мемлекеттің конституциялық құрылымы заң шығаруда, мемлекеттік билік органдарының құрылуы мен жұмыс істеуінде, лауазымды адамдардың этикасында діни мүддені жоққа шығарады.

       Мемлекет пен діннің арасында ерекше қарым-қатынас орнатылуда, бұл ретте бірде-бір дін мемлекеттік немесе міндетті болып танылмайды, ал мемлекеттік саясат қандай да бір діни ілімнің нұсқамасымен құрылмайды, ол тұтас алғанда, азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің тыныс-тіршілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нақты мүдделерінен туындайды.

      Демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде Қазақстанда мемлекеттік шешімдер қандай да бір діннің немесе оның жекелеген өкілдердің мүддесіне орай емес, тұтас қоғамның мүддесі негізінде ғана қабылданады.

       Қазақстан әрбір азаматтың құндылығын мойындайды және оның ар-ождан бостандығын қамтамасыз етеді.

       Еліміздің азаматтары өзінің дінге деген көзқарасын өздігінен және мәжбүрлеусіз айқындауға не өзін қандай да бір дінге байланыстырмай,діни институттарға жүгінбей-ақ өмір сүруге құқылы.

      Мемлекет атынан мемлекеттік органдар және мемлекеттік қызметшілер азаматтарды белгілі бір дінді ұстануға немесе ұстанбауға қандай да бір нысанда мәжбүрлей алмайды, бірақ дінді ұстанатын және дінді ұстанбайтын азаматтар арасында, сондай-ақ әртүрлі діни бірлестіктер арасында өзара сыйластық пен келісімді орнатуға ықпал етеді.

       Ұлттық, оның ішінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүддесінде мемлекет қоғамдық қатынастарды реттейді және басқарады.

      Осы мақсатта мемлекет, діни бірлестіктерге ұсыныстар беруге және адамның ішкі жан дүниесі мен діни наным-сеніміне қол сұқпай заңда көзделген шектеулерді енгізуге құқылы.

      Зайырлылық қағидаттары мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет жүйелерінің қызмет етуі үшін негіз қалаушы болып табылады.

      Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметке өз еркімен кіре отырып, бірқатар міндеттер мен шектеулерді мүлтіксіз орындауы тиіс, оның ішінде:

      лауазымдық өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде діни бірлестіктердің қызметінен бейтарап және тәуелсіз болуға міндетті;

      қызметтік жағдайын және онымен байланысты мүмкіндіктерді діни бірлестіктердің мүддесі үшін пайдаланбауы, оның ішінде оларға деген өзінің көзқарасын насихаттамауы тиіс.

      Мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде басшы лауазымдағы қызметшілер ұжымда өзінің діни көзқарасын ашық көрсетпеуі, қарамағындағы қызметшілерді діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға мәжбүрлемеуі тиіс.

      Мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың азаматтық қызметшілері қызметтік және лауазымдық міндеттерін орындау кезінде дінді насихаттаудан бас тартуы тиіс. Басқарушылық шешім қабылдау кезінде діни ережелер негіз ретінде алынбауы тиіс.

      2. Құқық қорғау,арнаулы органдар және Қарулы Күштер жүйесі

      Құқық қорғау, арнаулы органдар мен Қарулы Күштердің негізгі міндеті мемлекеттің тұтастығы мен қауіпсіздігін, оның ұлттық мүдделерін, халықтың бірлігі мен келісімін сақтау болып табылады.

      Әскери қызметшілердің міндеті заңнамаға және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпы әскери жарлықтарына сәйкес Отанға қызмет ету болып табылады.

      Құқық қорғау, арнаулы органдар мен Қарулы Күштер жүйесінде дінді насихаттауға жол берілмейді.

       Әскери міндеттілік діни нанымнан бас тартуды талап етпейді.

       Әскери қызметші өз наным-сенімін ұстана алады, алайда осы наным-сенімініске асыру қызметіне нұқсан келтірмеуі тиіс.

      3. Бұқаралық ақпарат құралдары

      Бұқаралық ақпарат құралдары діни және өзге де көзқарасына қарамастан елдегі барлық азаматтарға арналған, бұл ретте дін мен мемлекеттік-конфессиялық қатынас мәселелерін бейтарап жария етуді қамтамасыз етеді.

      Бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттің зайырлы даму қағидаттарын, конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық моделін ілгерілетуге, діни экстремизмнің алдын алуға, сондай-ақ діни өшпенділік пен ксенофобияға, діншілдікті насихаттауға жол бермеуге ықпал етуі тиіс.

      Діннің канондық мәселелері тіркелген діни бірлестіктер құрған бұқаралық ақпарат құралдарында ғана жарияланады.

      4. Білім беру жүйесі

      Білім беру жүйесі жеке тұлға мен қоғамда қазақстандық патриотизмді, халықтың ұлттық және рухани дәстүрлеріне деген құрметті қалыптастыруда негізгі рөл атқарады.

      Рухани (діни) білім беру ұйымдарынан басқа білім беру ұйымдарында білім жүйесінің негізгі қағидаттары мыналар:

      мемлекеттің білім беру жүйесінің зайырлы сипатын қамтамасыз етуі;

       діни дүниетанымды күштеп таңғаны және насихаттағаны үшін педагогтер құрамының жауапкершілігін белгілеу;

      білім беру ұйымының ішкі құрылымы мен қызметін қандай да бір діни қағидаттардан тәуелсіздігін қамтамасыз ету;

      білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, олардың ата-аналарының (заңды өкілдерінің) ішкі тәртіп қағидаттарын сақтауы, білім беру ұйымының жарғысында және білім беру қызметін көрсету туралы шартта көзделген өзге де талаптарды орындауы;

      білім беру және тәрбие процесінде оқушыларға дін туралы тек ғылыми тұрғыдан білім беру;

      оқыту кезінде қандай да бір діни бірлестікке кіруге немесе онда болуға мәжбүрлеуге жол бермеу;

      діни себептерге байланысты оқушылардың оқу сабақтарына қатысудан бас тартуына жол бермеу;

      білім беру ұйымдарында діни іс-шалар мен миссионерлік қызметті өткізуге жол бермеу;

      білім беру ұйымдарында белгіленген киім үлгісіне қойылатын талаптарды орындау.

       Білім беру ұйымдарында «Зайырлылық және дінтану негіздері» курсын оқыту оқушылардың діни ілімнің ерекшелігі мен тарихы туралы ғылыми білімін қалыптастыруға, жастарды бейбітшілікке, мәдени және діни саналуандылыққа тәрбиелеуге бағытталған.

      5.Денсаулық сақтау жүйесі

      Ел азаматтарының жынысына, нәсіліне, этносына, тіліне, әлеуметтік шығу тегіне және діни сеніміне қарамастан, оларға толық медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету әлеуметтік мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті болып табылады.

       Діни бірлестіктер өмірдің құндылығын, салауатты өмір салтын ұстанудың, сондай-ақ нашақорлықтан, маскүнемдіктен және өзге де зиянды әдеттерден аулақ болудың маңыздылығын насихаттау арқылы қоғамның дамуына үлес қоса алады.

       Діни бірлестіктер мен оның өкілдері адам денсаулығы мен өмірін тек медициналық жолмен ғана сақтау мүмкін болған жағдайда, азаматтарды медициналық көмектен бас тартуға шақырмауы тиіс.

      Денсаулық сақтау мекемелері:

      діни себептерге байланысты вакцинациядан, транспланттаудан, қан құюдан және басқа да медициналық көмектен бас тартатын адамдардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуі;

       науқастың өміріне тікелей қауіп төнген жағдайда, пациенттің психикасының бұзылуы және айналасындағы адамдарға зиянын тигізетін басқа да сырқаты байқалған кезде азаматтардың келісімінсіз медициналық көмек көрсету көзделген 2009 жылғы 18 қыркүйектегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің ережелерін басшылыққа алуы;

      медициналық көмек көрсету кезінде медицина және фармацевтика қызметкерлерінің өздерінің діни сенімдеріне байланысты қандай да бір іс-әрекеттерді (әрекетсіздік) жасауына, сонымен бірге науқастың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін діни жоралар мен рәсімдерді орындауына жол бермеуі қажет.

      6. Мәдениет және спорт жүйесі

       Мәдениет ел азаматтарының ұлттық бірегейлігінің негізі, рухани салт-дәстүрлер мен жалпы адамзаттық құндылықтардың жетекшісі ретінде мемлекет қамқорлығындағы ерекше объект болып саналады.

      Қазақстанның зайырлы құрылымы мемлекет аумағындағы барлық этностар мен конфессиялардың мәдениетін дамыту үшін әділ және тең жағдай жасайды.

      Қазақстанның әрбір азаматы этникалық шығу тегі мен діни көзқарасына қарамастан, өзінің мәдениетін, дәстүрі мен тілін дамытуға, қоғам мен мемлекет өмірінің барлық салаларына атсалысуға құқылы.

      Қазақтар мен басқа да этностардың тарихи қалыптасқан ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына құрметпен қарау мемлекеттің ерекшелігі болып табылады.

      Қазақстандағы барлық діни бірлестіктер өз өкілдерінің мемлекеттік рәміздерді, ұлттық және мемлекеттік мерекелерді мойындауын және оларға құрметпен қарауын қамтамасыз етуі тиіс.

      Мемлекет діни тиесілігіне қарамастан, әлемдік және отандық мәдениет пен өнердің маңызды бөлшегі ретінде еліміздің тарихи-мәдени мұрасы мен мәдени құндылықтарын сақтауға ерекше көңіл бөледі.

      Қазақстандағы әлемдік мәдени және тарихи маңызы бар объектілердің бірқатарының діни мәні бар. Республикада Қазақстан халқының ажырамас мәдени мұрасы болып саналатын ислам діні мен басқа да діндерді уағыздаушылардың атымен байланысты киелі жерлер бар, олар мемлекеттің қорғауында.

       Қазіргі уақытта әртүрлі конфессиялардың діни ғимараттарын қайта жаңғырту және жаңадан салу жүріп жатыр.

      Қазақстанның бірегей зайырлылық моделі Қазақстан халқының жалпыұлттық (азаматтық) және мәдени бірегейлігі негізінде қалыптасқан.

      Қазіргі таңда орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың алдында Қазақстан халқының көп этностық және көп конфессиялық ерекшелігі мен бірлігін көрсететін рухани-мәдени мұраны сақтау мен одан әрі дамыту міндеті тұр.

       Қазақстандық қоғамдағы діндер:

      қоғамдағы моральдық-адамгершілік құндылықтарды жаңғыртуға, сақтауға және дамытуға, ондағы рухсыздық көріністерін жеңуге;

      қоғамдағы мәдениет деңгейін көтеруге;

      халықтың дәстүрлі негіздерін дамыту және қоғамға жалған құндылықтардың енуіне қарсы тұруға;

      отбасы және неке институтының рөлімен маңызын арттыруға;

       елімізде және халықаралық деңгейде мәдени көпқырлылық құндылықтарымен мәдениетаралық диалогты дамытуға маңызды үлес қоса алады.

      Мәдениет және спорт мекемелері:

      мәдениет және спорт саласында діни үстемдікті насихаттауға жол бермеу мақсатында «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы» 1992 жылғы 2 шiлдедегi, «Мәдениет туралы» 2006 жылғы 15 желтоқсандағы, «Дене шынықтыру және спорт туралы» 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдарындағы ережелерді қатаң сақтауы;

      Қазақстан халқының мәдени мұрасын сақтау және одан әрі дәріптеу бойынша, қандай да бір діни немесе өзге де себептерге байланысты оларды қиратуға жол бермеу бойынша мәдениеттің барлық салаларындағы зиялы қауымның жұмысын жандандыруы;

      діни экстремизм мен радикализмге қарсы күресу үшін мәдениет қайраткерлерінің әлеуетін пайдалануы;

      республикадағы спорт мектептеріндегі оқушылар мен бапкер-оқытушылар құрамын рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбиелеу бойынша күш-жігерді жұмылдыруы;

      спортшылар мен олардың бапкерлерінде зайырлы дүниетанымды, конфессияаралық келісім мәдениетін, деструктивтік идеологияға иммунитетті қалыптастыруы;

      жастар арасында экстремизм мен радикализм идеологияларын таратуға қарсы іс-қимыл жөнінде мемлекет пен қоғамға көмек көрсетуі қажет.

      7.Әлеуметтік-экономикалық сала

       Әлеуметтік-экономикалық қатынастар барлық қауымдар мен жеке тұлғалардың дамуына тең құқық пен мүмкіндіктерге кепіл беретін мемлекеттің зайырлылық қағидаттарына сүйене отырып реттеледі.

       Мемлекет діни бірлестіктермен өзара іс-қимылды жүзеге асыра отырып, рухани және діни құндылықтар еліміздегі барлық салалардың дамуы мен гүлденуін діни догмаларға байланысты тежемей, керісінше олардың дамуына оң ықпал етуі керек екендігін негізге алады.

       Діни құндылықтар әлеуметтік-экономикалық дамуға оң әсер ете алады:

      экономикалық қызмет пен экономикалық өмірдің мазмұнына өнегелі мағына береді. Дін адам мен адамзаттың дамуына жағдай жасайтын әділ экономикалық қатынастарға шақырады;

      қоғамда адал еңбек ету, сапалы білім алу, мамандық игеру, біліктілікті әрдайым көтеру, өз отбасы және жалпы мемлекет игілігі жолында азаматтардың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді;

      шығармашылық және кәсіпкерлік әлеуетті дамытуға ықпал етеді;

      ғылым мен инновацияға құрмет пен ынтаны дағдыландырады;

      адамды бизнесті әлеуметтік бағытта жүргізуге шақырады және оған ынталандырады;

      қайырымдылық пен меценаттықтың дамуына, демографиялық тұрақтылықтың сақталуына жәрдемдеседі.

      8. Отбасы институтын нығайту

       Мемлекеттің әлеуметтік дамуының аса маңызды міндеттерінің бірі отбасы институтын және оның қоғамдағы дәстүрлі моральдық-адамгершілік құндылықтарын сақтау болып табылады. Сондықтан отбасы-неке қатынастары жүйесіндегі мемлекеттік саясат, ең алдымен, отбасы институтын және оның құндылықтарын нығайтуға әрі дамытуға, оны деструктивті идеялардан қорғауға бағытталған.

      Қазақстанда отбасын құру, сәбидің дүниеге келуі, отбасының қандай да бір мүшесінің қайтыс болуы кезінде діни рәсімдерді өткізуге жол беріледі. Сонымен бірге, тек қана уәкілетті органдарда тіркелген некенің ғана ресми, заңды күші және тиісті құқықтық салдары болады. Осыған байланысты, діни қағидалар бойынша неке қию рәсімі неке заңда белгіленген тәртіппен уәкілетті органдарда тіркелгеннен кейін ғана жүргізілуге тиіс.

      Діни бірлестіктер мен олардың өкілдері қоғам санасында дәстүрлі отбасылық құндылықтар мен идеалдарды нығайтуға және неке мен отбасының бұзылу фактілерін азайтуға, сондай-ақ ел халқының жалпы туу көрсеткішін арттыруға үлес қоса алады.

      Конституциялық құрылымның зайырлылық қағидаттарына сәйкес ата-аналар немесе олардың басқа да заңды өкілдерінің тәрбиесі баланың өміріне, денсаулығына қатер төндірген және құқықтарына қысым жасаған жағдайда, мемлекет мұндай тәрбиеге араласа алады.

      Кәмелетке толған балалар ата-аналарының немесе олардың заңды өкілдерінің діни сеніміне қарамастан өздерінің діни немесе атеистік сенімдері мен қалауларын ерікті түрде айқындау құқығына ие.

       Кәмелетке толмаған балалардың құқықтары заңмен қорғалған. Атап айтқанда, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес діни бірлестіктердің басшылары кәмелетке толмағандардың ата-анасының біреуі немесе оның өзге де заңды өкілдері қарсылық білдірген кезде, кәмелетке толмағандарды діни бірлестіктің қызметіне тартуға және (немесе) қатыстыруға жол бермеу шараларын қолдануға міндетті.

       «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» 2002 жылғы 8 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кәмелеттiк жасқа толмаған балаларға қатысты дiни жоралар ата-анасының немесе олардың орнындағы адамдардың келiсiмiмен жасалады. Бұл кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қатысты діни жораларға тек қана оның екі ата-анасының немесе олардың орнындағы адамдардың келісімі болған жағдайда ғана жол берілетіндігін білдіреді.

      9. Мемлекеттің діни бірлестіктермен өзара іс-қимылы

      Мемлекет діни бірлестіктердің қоғамда ізгілік құндылықтарды баулуға бағытталған қызметін реттейді.

      Бұл үшін:

      орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың діни бірлестіктермен өзара іс-қимылының нысандарын жетілдіру;

      дін саласындағы мемлекет саясатының мақсаттарына сәйкес келетін діни бірлестіктердің қоғамдық бастамаларына жан-жақты қолдау көрсету;

      дінге сенушілердің белгілі бір бөлігінің көзқарастарының радикалдану деңгейін азайту, радикалды діни ағымдардың идеяларына қарсы іс-қимыл, теологиялық тұрғыдан олардың идеологияларының беделін түсіру мақсатында діни бірлестіктермен көптеген мәселелер бойынша белсенді түрде өзара іс-қимыл жасау;

      ел аумағында жұмыс істеп жатқан діни бірлестіктердің ұйымдастырушылық, қаржы-шаруашылық және уағыздау қызметінің транспаренттілігін және ашықтығын қамтамасыз ету;

      мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға, ұлттық және мемлекеттік мерекелерді сыйлауға, елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне белсенді түрде қатысуға шақыратын діни бірлестіктер мен олардың өкілдерінің қызметін қолдау;

       діни бірлестіктердің, ағымдар мен олардың өкілдерінің конституциялық нормаларды орындаудан, оның ішінде мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын сақтаудан бас тартуға шақыру әрекетіне, сондай-ақ діни экстремизм мен терроризмді насихаттауға жол бермеу қажет, бұл атап айтқанда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» 2011 жылғы 11 қазандағы Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабының талаптарына сәйкес келеді.

2.2.3 Діни экстремизм идеологиясына қарсы іс-қимылдың және деструктивті діни ағымдардың қызметін бейтараптандырудың жалпы мемлекеттік жүйесі

      Қазақстан Республикасы – әлемдік қоғамдастықтың бір бөлігі, оның тарихы қазіргі заманғы әлемнің жағдайымен және даму серпінімен, халықаралық саясатпен экономикадағы өзгерістермен тығыз байланысты.

      Осыны ескере отырып:

      дін саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуына орталық мемлекеттік мен жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыру;

      орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде, діни экстремизмге айдап салушылықты, зорлық-зомбылық көрсету немесе қорқыту арқылы адамдарды дін атын жамылған әрекеттерге тартуды қоса алғанда деструктивті діни ағымдардың әрекетіне жол бермеу бойынша әкімшілік және басқа да шаралар қолдану;

      радикалды діни ағымдар идеологиясының ықпалына түскен, оның ішінде бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан және өтеген адамдарды райынан қайтару, оңалту және әлеуметтік қайта бейімдеу бойынша профилактикалық жұмыстарды ұйымдастыруда уәкілетті мемлекеттік органдардың жергілікті атқарушы, құқық қорғау және арнаулы органдармен өзара іс-қимылының тетігін жетілдіру;

      деструктивті діни ағымдардың идеяларын енгізу және оларды тарату үшін діни қажылықтың пайдаланылуына жол бермеу;

      дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қоғамдық бірлестіктерді, оның ішінде ардагерлер, әйелдер және жастардың үкіметтік емес ұйымдарын, мәдениет және спорт қайраткерлерін белсенді түрде тарту қажет.

2.4 Тұжырымдаманы іске асыру кезеңдері және күтілетін нәтижелер

      Тұжырымдаманың іске асырылуы жүйелілік, дәйектілік және ведомствоаралық өзара іс-қимыл қағидаттарына негізделеді.

      Тұжырымдама дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелері бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, азаматтық қоғам институттарының құзыреті мен жауапкершілік аясын нақтылайды.

       Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың мәлімделген қағидаттары мен тәсілдері 2017 – 2020 жылдар аралығында жүзеге асатын болады.

      Осы кезең ішінде:

      1) тиісті құқықтық база әзірленетін болады;

       2) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарының құзыретін анықтай отырып, дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мәселелері бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылдың ұтымды моделі әзірленетін болады;

      3) дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың тиімділігі өлшемшарттары мен көрсеткіштері әзірленеді;

      4) мемлекеттің діни бірлестіктермен өзара іс-қимылының қазақстандық моделі әзірленеді;

      5) дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруда мемлекеттік органдардың, ғылыми-сарапшылар қоғамдастығының, бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық және діни бірлестіктердің ынтымақтастық тетігі жетілдіріледі;

      6) елдің зайырлы даму қағидаттарын, Қазақстан халқының ұлттық, рухани дәстүрлерін насихаттауға шоғырланған медиа жұмыстарды жаңғырту қамтамасыз етіледі;

      7) дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігі мен нәтижелілігін арттыруға бағытталған шаралар кешені әзірленеді;

      8) зайырлы өмір салтының құндылықтары, Қазақстан халқының ұлттық рухани дәстүрлері мен конфессиялары, сондай-ақ діни экстремизм мен фундаментализмнің қаупі туралы тақырыптық деректі фильмдер, телехабарлар мен әлеуметтік роликтердің сериялары әзірленеді;

      9) дінтану және діни білім беру жүйесін жетілдіру бойынша шаралар әзірленеді;

      10) республикадағы жалпы орта білім беретін мектептердің оқу-тәрбие процесіне діни экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша шаралар жүйесін енгізу туралы мәселе пысықталады;

      11) мемлекеттің зайырлылық негіздерін ілгерілету және діни экстремизм профилактикасы мәселелеріне мамандандырылған үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қолдау қамтамасыз етіледі;

      12) радикалды діни идеологияның ықпалына түскен адамдарды райынан қайтару, оңалту және кейіннен әлеуметтік қайта бейімдеу жөніндегі орталықтардың қызметі қамтамасыз етіледі;

      13) діни экстремизм және радикализм идеологияларын қоғамда қабылдамауға және оған қарсы насихаттауға бағытталған әлеуметтік, ақпараттық және ғылыми білім беру кешенді жобалары іске асырылады;

      14) дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысатын мамандардың біліктілігін арттыру бойынша жұмыстар жетілдіріледі;

      15) «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі» жалпы ұлттық брендін ел ішінде және шетелде ілгерілету қамтамасыз етіледі;

       16) дін саласындағы мемлекеттік саясатты, сондай-ақ діни экстремизмге қарсы іс-қимыл шаралары жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша Мемлекет басшысының атына ұсыныстар әзірленетін болады.

Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер

      Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тұжырымдамасын іске асырудың нәтижесі:

      1) мемлекеттік органдардың жұмыстарын жетілдіру саласында:

      Тұжырымдама аясындағы іс-шараларды іске асыру бойынша барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарын ведомствоаралық үйлестіру және өзара іс-қимылы тетігін құру;

      жақын арадағы және ұзақ мерзімді перспективададіни ахуалдың даму үрдісін болжау, заңдылығын анықтау, сондай-ақ тиісті шешімдерді уақтылы қабылдау үшін ұсыныстар әзірлеу;

      қоғам санасында негізгі зайырлылық құндылықтарын нығайту;

      қоғамда діни қатынастар саласында радикалды және экстремистік көріністермен байланысты кез келген іс-қимылға мүлде төзбеушілікке қол жеткізу;

      мемлекеттік билік органдары мен діни бірлестіктердің өзара іс-қимылының өзіндік қазақстандық үлгісін одан әрі дамыту және тәртібін айқындау;

      деструктивті діни ағымдарды жақтаушылармен, экстремизм және терроризммен байланысты баптар бойынша сотталғандармен, олардың отбасыларымен нақты және атаулы оңалту жұмыстарын жетілдіру;

      радикалды діни ағымдар идеологиясының атына кір келтіруге бағытталған білікті діни қызметкерлер мен насихаттаушыларды тарта отырып, тұрғындар арасында, әсіресе,нысаналы және «проблемалық» топтар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру;

      2) бұқаралық ақпарат құралдары, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық салада:

       мемлекеттің зайырлы сипатын және діни экстремизм мен терроризм идеологиясына қарсы іс-қимылды насихаттау бойынша теориялық және әдістемелік негіздерді әзірлеу;

      дін саласында саяси, құқықтық, ұйымдастыру және басқару шешімдерін қабылдау үшін ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізу;

       радикалды діни ағымдардың идеяларына деген сенімсіздікті орнату және олардың шынайы «бейнесін» әшкерелеу үшін БАҚ, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау және спорт әлеуетін пайдалану;

       дін саласы бойынша жобаларды іске асыратын үкіметтік емес ұйымдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету;

       діни оңалту орталықтарының нысаналы топтармен және экстремизм мен терроризм үшін бас бостандығынан айырылған адамдармен, оның ішінде осындай әрекеттерді жасағаны үшін азаматтығынан айыру мәселесі бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңейту және тереңдету;

       Қазақстан халқының дәстүрлі рухани мәдениетін елімізде және шетелде одан әрі ілгерілету қажет.

Тұжырымдаманың индикаторлары:

      1. Дін саласындағы мемлекеттік саясатты ел халқының қолдауының өсу деңгейі 2018 жылы – 89 %, 2020 жылы 91 % құрайды.

      2. Мемлекеттің зайырлы даму қағидаттарын халықтың қолдауының өсу деңгейі 2018 жылы – 61%, 2020 жылы 63 % құрайды.

      3. Діни экстремизм мен оның деструктивті идеологиясына қарсы іс-қимыл туралы халықтың хабардар болуының өсу деңгейі 2018 жылы – 76 %, 2020 жылы 78 % құрайды.

Тұжырымдаманы іске асыру құралдары

      Осы Тұжырымдаманың ережелері:

      Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2017 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама;

      аумақтарды дамыту бағдарламалары;

      Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017– 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары;

      Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрінің 2016 жылғы 28 желтоқсандағы № 17 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің 2017–2021 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспары арқылы іске асырылатын болады.

3-бөлім. Тұжырымдаманы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      Осы Тұжырымдаманың ережелері мынадай актілер арқылы іске асырылады:

       1) Қазақстан Республикасының Конституциясы;

       2) 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі;

       3) 2009 жылғы 18 қыркүйектегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі;

       4) «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» 1992 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы;

       5) «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы;

       6) «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы;

       7) «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» 2001 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы;

       8) «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы;

       9) «Мәдениет туралы» 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы;

       10) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы;

       11) «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» 2011 жылғы 11 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы;

       12) «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» 2012 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы;

       13) «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы;

       14) «Дене шынықтыру және спорт туралы» 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы;

       15) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы;

       16) «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы Жарлығы;

       17) «Ақпаратты Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасы және «Мемлекеттік бағдарламалар тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 957 Жарлығына толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 8 қаңтардағы № 464 Жарлығы;

       18) «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 – 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 24 қыркүйектегі № 648 Жарлығы»;

      19) «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2017 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы(*Жарлықтың күні мен нөмірі қол қойылғаннан кейін жазылсын);

       20) «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 1 наурыздағы № 205 Жарлығы;

       21) «Қазақстан Республикасының әділет органдарында тіркелген діни бірлестіктер әкелетін, қосылған құн салығынан босатылатын діни мақсаттағы заттардың тізбесін және оларды іріктеу критерийлерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 14 сәуірдегі № 352 қаулысы;

       22) «Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізуге арналған үй-жайлардың орналастыруын айқындау жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі төрағасының міндетін атқарушысының 2013 жылғы 23 шілдедегі № 34 бұйрығы;

       23) «Діни қызмет саласындағы мемлекеттік көрсетілген қызметтер стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 23 сәуірдегі № 147 бұйрығы;

       24) «Діни саласындағы мемлекеттік көрсетілген қызметтер регламенттерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушысының 2015 жылғы 22 мамырдағы № 190 бұйрығы.

 Қорытынды ережелер

      Тұжырымдаманы іске асыру Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі құндылықтары мен қағидаттарын жаңа геосаяси ахуал мен ұлттық қауіпсіздіктің ішкі және сыртқы сын-тегеуріндеріне уақтылы ден қою тұрғысынан одан әрі жүзеге асыруға ықпал ететін болады.

       Тұжырымдаманы іске асырудың тиімділігі, тиісінше қазақстандық қоғамдағы қауіпсіздік, бейбітшілік және тұрақтылық мемлекет мүддесін қорғауға бағытталған барлық мемлекеттік және үкіметтік емес құрылымдардың, азаматтық қоғам институттарының және әрбір азаматтың сындарлы іс-қимылына, саналы және белсенді түрде атсалысуына байланысты.

      Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру әртүрлі конфессия мен этнос өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан зайырлы Қазақстан дамуының басым міндеттерін шешуге және ел болашағының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.