Ақпараттық соғыс лаңкестік жолмен шешілмейді

0
168

Экстремизм мен терроризм тарихы XVIII ғасырдың соңынан бастау алса да,  XX ғасырдың екінші жартысынан бұл ауру асқына түсті. Ең өкініштісі, бұл терминдердің ислам дінімен қатар аталуында болып тұр. Қазіргі уақытта ислам десе экстремизм, терроризм, лаңкестік әрекеттер, ескілік сарқыты деген түсініктер қатар еске түсетіні жасырын емес. Ал негізінде, бұл сөздердің  исламмен үш қайнаса да сорпасы қосылмайтыны анық.  Егер исламда экстремизм немесе терроризм жоқ болса, онда  не себепті лаңкестік іс-әрекеттердің басым көпшілігі ислам әлемінде болып жатыр? Бұл сұраққа   Ислам деген өте ауқымды дін,  ал ауқымды дінді  әр тарапқа тартып өз пайдаларына қолдану үшін  үлкен мүмкіндік деп санайтындар бар. Сол себепті  ислам ғылымын дұрыс түсінбеген адам немесе  қоғам қатегездікке белең алады.  
Енді,  не себепті бұл терминдер XXI ғасырда өте ушығып кетті. Бұған бірінші себеп ретінде алпауыт елдердің саяси мақсатына жету жолында әртүрлі құйтырқы әрекеттер жасауға бейім тұратынын келтіруге болады. Екінші себеп жаһандану процесінің өте жылдам жүріп жатқаны.  
Жаһанданудың  экстремизмге не қатысы бар деуіңіз әбден мүмкін. Бұл сауалға да жауап дайын. Қазіргі уақытта әрбіріміз ғаламторсыз өмір сүре алмайтындай деңгейге жеттік. Бүкіл дүние жүзі қазір шағын елдімекен сияқты. Әлем бір ұлт, бір тіл, бір мәдениет,  болуда. Осы сияқты үдеріске нақты қарсы тұрудың  бағдарламасы, жоспары болмаған соң, білім, өркениет, ғылым жолына емес,  лаңкестік әрекеттерге көшіп жатқан адамдар шыға бастады. Проблемалармен  әр ел, әр ұлт, немесе әр қоғам, өз бетінше күресіп жатыр. Осындай ақпараттық соғысқа дайын болмаған елдер үлкен  ақпараттық орталықтардың құрбанына айналуда.
Ақпараттық соғысқа қарумен қарсы тұрғысы келетіндер де аз емес. Ақпараттық соғысқа саналы түрде дұрыс біліммен, дұрыс ақпаратпен қарсы тұрудың орнына қару көтерген елдер соңында өз егемендіктерінен айрылып халқы босқын болып, бас сауғалап кеткенінің куәсі болып отырмыз. Бұл айтылғандардың барлығы әлемдік проблемалар. Әлемдік проблемаларды шешуге біздің Қазақстан да өзіндік стилімен әлем сахнасына  кіруде. Мысалы үшін әлем діндерінің өкілдері Елордада үш жыл сайын бас қосып әлем діндерінің бір-біріне деген оң көз қарастарын қалыптастыруға ат салысуда. Ислам ынтымақтастық ұйымының еліміздің төрінде бас қосуы немесе саяси экономикалық саммиттердің өтуі бұның барлығы әлем елдерінің бір-бірімен өзара түсіністікте өмір сүруіне үндеудің бейбіт жолы болып саналады. Дұрысы да осы. Қазіргі уақытта Қазақстан Сириядағы проблемаларды шешуге атсалысып, Елорда төрінде халқаралық деңгейде саммиттер өткізілуде.
Енді не істемек керек? Тығырықтан шығатын жол қайсы?  Біріншіден, Әл-Фараби бабамыз айтпақшы «тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы»,-деген өнегелі сөзін берік ұстануымыз керек. Екінші ісіміз жас ұрпаққа қай ұлт, қай дін өкілі болсаң да, «Қазақстан біздің ортақ үйіміз» — деген идеяны санасына сіңіру. Үшіншіден, жас ұрпақты ұлт жандылыққа, имандылыққа, отан сүйгіштікке тәрбиелеуіміз керек. Төртіншіден, балаға жас кезінен қазақтың ертегілерін, аңыз-әпсаналарын, батырлар жырын көптеп айтып өсіру мақұл. Міне осы айтқандарды дұрыс ұстансақ, еліміздің болашағы жарқын болады. Осы дүниелерді бойымызға сіңірмейінше қоғамның экстремизм мен терроризм атаулыдан арылуы өте қиын.                   

Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері 
басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу 
орталығы» КММ дінтанушы маманы
Айдос Уралбаев