Қоғамды рухани тәрбиелеудегі исламның рөлі

0
127

Шығыс қоғамында дінді моральдық құндылықтармен астастырудың нәтижесінде адам тек материалдық емес, сонымен қатар рухани болмысқа ие болып табылады. Рухани құндылықсыз ішкі үйлесімділікке қол жеткізу және оны сақтап қалу қиын. Адамның жан дүниесін, руханиятын және табиғи қабілетін дамыту және оны бақылауға шығыс түсінігінде ерекше мән беріледі. Адамның және қоғамның іс-әрекеттеріне баса назар аударған шығыс дүниетанымында жүйелі өмір сүру түсінігі басымдық танытады. Адамға оның тәрбиесі, адамгершілігіне, имандылығына қарай құрмет көрсету, бағалау шығыстық қоғамның тұрақты қағидасы.
Сондықтан да шығыстық түсініктегі тәрбие ұғымының ел болашағына бағыт-бағдар берудегі маңыздылығы өте жоғары. Әсіресе, мұсылмандық түсінікте жас ұрпаққа ана құрсағында жатқаннан бастап тәрбие беруге баса назар аударылады. Ислам дінінде бұл тәрбие жүйесі өте сапалы дәрежеде құрылған және өзіндік түсініктерімен ерекшеленеді. Тәрбиесіз берілген білімнің қоғамға оң ықпал етпейтіндігін әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы және қоғамға опат әкеледі» деп тұжырымдаса, Шәкәрім Құдайбердіұлы «тәрбиесіз адамға берілген білім оққа айналады, яғни адамзат үшін қатер тудырады» деген байлам жасаған. Шынайы ислам діні білімге, ақылға, жақсы ниетке, қоғамдық-әлеуметтік әділеттілікке, сонымен қатар адамдардың құқығы мен құрметіне ерекше көңіл бөлген. 
Қоғамның қандай саласы болмасын тәрбие өзінің маңыздылығын жоймайды. Қарапайым адамның жеке бас тәрбиесінен бастап, қоғам алдындағы, Құдай алдындағы тәжірибесіне дейін барлық деңгейде, барлық салада тәрбие түсінігі болады және адамның әлеуметтік дәрежесіне қарай да одан ерекше тәрбие түрі талап етіледі. Мысалы: Пайғамбарымыздың мына хадисіне қарайтын болсақ, «Көршісі аш бола тұра өзі тоқ болып түнеген мұсылман емес» дей отырып, тәрбиенің көршілердің арасында да жоғары деңгейде көрініс табатындығын меңзейді.
Әрбір мансапқа ие адамның әділ, шыншыл, ісіне берік, іскер болуын бұйырады. Ислам дінінде бұлардың барлығы бір Алланың әміріне және сауапты амалдар қатарына жататыны айтылады. Өйткені Құран Кәрімде былай делінеді: «Олар жер жүзінде бұзықтыққа тырысады, Алла бұзақыларды жақсы көрмейді». Бұл аяттың мағынасына қарағанда тәрбиенің мақсаты қоғамдағы тыныштықты орнату, тыныштықты бұзатын қылықтардың барлығы дұрыс тәрбиенің қатарына жатпайтындығы анық байқалады.  Сол себептен мұсылман шариғатында бір адам екінші бір адамды әдейілеп өлтірсе, барлық адамдарды өлтіргендей болады делінеді.       
Сонымен бірге жанұя мемлекеттің тірегі болғандықтан жанұядағы үйлену, ажырасу, мирас, әке-шешеге құрмет ету сияқты мәселелердің барлығында адамның тәлім-тәрбиесінің маңыздылығын қолға алады. Әке-шешеге құрмет ету жайында Құранда былай делінеді: «Раббың өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауды әмір етті. Ал егер екеуінің бірі немесе екеуі де қастарыңда қартаятын болса — оларға «түһ» деме (кейіс білдірме), сондай-ақ ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөйле». Бұл исламның негізгі өзегі болып табылатын Құран мен пайғамбар сөздерінде қарастырылған тәрбие түсінігі, мұсылманшылық дүниетанымдағы тәрбиеге қаншалықты көңіл бөлгендігіне нақты мысал бола алады.
Діни түсінікте адамның мінез-құлқының қалыптасуында тектіліктің орны жоққа шығарылмайды, дегенмен адамның айналасындағы қоршаған ортаның ықпалына ерекше назар аударылады. Осы жайында Құранда былай делінеді: «Шындығында Алла елшісінде (пайғамбар) сендер үшін бір үлгі бар». Ал Мұхаммед пайғамбар, тіпті дұрыс жолдас таңдаудың да тәрбиеге ықпал ететіндігін мәлімдейді: «Жақсы жолдас пен жаман жолдас мысалы, қолында иіс суы бар адам мен көрік үрлеуші адам сияқты. Иіс суы бар адам саған оны сыйлайды немесе одан сатып аласың немесе оның хош иісін сезесің. Ал көрік үрлеуші (темір ұстасы) сенің киіміңді күйдіруі мүмкін немесе одан жағымсыз иіс сезесің» дей отырып, жақсы адаммен жолдас болудың тәрбиелік мәнін ашып көрсетеді. Құран аятында да: «Шын мәнінде мүміндер (бір-біріне) туыс-бауыр. Сондықтан екі туыстың арасын жарастырыңдар және Алладан қорқыңдар. Мүмкін, игілікке бөленерсіңдер» — делінеді.
Қорыта айтқанда, осы айтылған мәселелер, қазіргі кездегі қоғамдағы рухани тәрбиені қалыптастыруда ерекше рөл атқарып, азаматтардың тұлғалығын шыңдайтын негізгі құндылықтар болып саналады. Осы құндылықтар негізінде қалыптасқан ерекшеліктер азаматтардың өмірлік бағдарын анықтайтындығы белгілі.

Байманова Тыныштық
Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері
басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ  дінтанушы маманы