Адасқанның алды жөн, арты соқпақ…

0
245

Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауының «ХХІ ғасырдағы Қазақстандағы дін» атты тармағында «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды. Өйткені, біздің қоғамның шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз» — деп, қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайлардың бір себебі халқымыздың теріс діни ағымдарға қарсы иммунитетінің әлсіз екендігін тектен тек атап өтпеген болатын. Қазіргі таңда дүние жүзінде көп дінділік құбылысы белең алып, олардың уақыт өткен сайын дамуы, қанат жаюы және бет-бейнелерінің заман ағымына сай үнемі өзгеріске түсіп отыруы, іштей бөлшектенуі немесе бірігу процестері орын алуда.
Еліміздегі қоғамға жат діни ағымдардың алшаң басып жүруінен қазақ жерінің жекелеген аймақтары дәстүрлі емес діни ағымдардың шырмауында қалғанын аңғарамыз. Бұл бағыттағы түйткілді мәселелерді уақтылы шешу үшін түсіндіру және тәрбиелік мағынадағы жұмыстарды адамның діни сенім бостандығы құқығын қамтамасыз ететін мәселелермен тығыз байланыстыра жүргізгенде ғана өз нәтижесін беретінін ескерген абзал. Бұл өзекті мәселе күн сайын ішкі саясатта да, сондай-ақ мемлекетаралық қатынаста да ерекше маңызға ие болып отыр.
Ендігі теріс пиғылды діни топтардан сақтануға арналған сүзгі әрқайсымыздың ішімізде болуға тиісті. Соңғы кезде елімізде дәстүрлі емес діндер атауына ие болған көптеген дәстүрлі емес діни ұйымдардың үгіт-насихат қақпанына жұмыссыздар, өмірден өз орнын таппағандар, рухани ізденісте жүргендер, жеке басы және отбасындағы психологиялық қиындықтарға төзе алмағандар, дәстүрлі дінді терең білмейтіндер, әсіресе, жастар тез ілігуде.  Содан да барып көптеген адамдар әртүрлі дәстүрден тысқары діни бірлестіктермен, діни культтердің ортасынан бір-ақ шықты. Өйткені олар өздерінің жеке бастарыныда қалыптасқан қиындықтар мен түйткілді мәселелерді солар шешіп бере алады деп ойлады. Мұның бәрі кезінде қоғамда орын алған өтпелі кезеңдегі тұрақсыздықтың, ертеңгі күнге деген сенімсіздіктің жағдайында пайда болды. Өз кезегінде дәстүрден тысқары діни бірлестіктердің белсенділігі мен ауқымдылығы көптеген әлеуметтік-психологиялық проблемалардың туындауына әкелді.
Сол сияқты, дәстүрден тысқары діни бірлестіктер тұтас алғанда, азаматтардың өмірі мен денсаулығына және қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Біздің қазақта «адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деген нақыл бар. Қай заманда болсын қазақ халқының жер бетінен жоғалып кетпей, жоралы жұрт болып қалыптасуының негізгі факторы – діні мен дәстүрі болды. Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Қорыта келгенде әр ұлттың өзіне сай ата дәстүрі, әдет-ғұрыпы және ырымдары бар. Ол сол ұлттың жан дүниесін көрсетіп тұрады. Қазақ халқының да өзіне сай ерекшеліктернің бейнесі секілді салт-дәстүрі бар. Олардың мән-мағынасы, берер тәрбиесі мол. «Иманды ұрпақ көбейтсе елдің болар тілегі» демекші, иманды ұрпақ тәрбиелеуге атсалысайық.

Аружан Атымтаева
Шымкент қаласы  ішкі саясат және
дін істері басқармасының «Дін мәселелерін
зерттеу орталығы» КММ директорының орынбасары