Ғаламторды ұстаз тұтып, адасудан сақ болыңыз.

0
125

Бүгінгі таңда көптеген жастар ғаламторда ұзақ уақыт отырады. Соның салдарынан теріс мәліметтерге тап болып, психологиялық өзгерістерге ұшырап жатады. Интернеттегі терроризмге үндейтін ақпарат көздерінің салдарынан өзге мемлекеттен ілім іздеп, жалған шейхтардың, өтірік ғалымдардың уағызына уланған «ахилар» мен «ухтилардан», «брат», «сестралардан» жасақталған топтан қанша жас жапа шегіп, кейінгі буынның дәстүрімізден, ділімізден безінуі алаңдатады. Алайда екінші жағынан кейбір жатпиғылды діни ағым өкілдері құран аяттарын теріс бұрмалап жиһадқа шақырды. Олар ғаламтордағы түрлі байланыс желілері арқылы, санасы қалыптаспаған жастарға дәл осы ғаламтор арбауына сан алуан кітаптары арқылы тіпті, бетпе-бет кездесіп, насихаттарын жүргізуде. Сондықтан шынайы діннің мазмұнын түсініп үлгермеген жастар қауымы ғаламторды «кезіп» жүріп ұрынып қалуы мүмкін. Қайбір халықтың діни топтарға бөлінуінің соңы біртұтас мемлекеттің шаңырағының шайқалуына әкеліп соққанын уақыт көрсеткен. Сондықтан бұл проблемаға селқос қарамай, шешу жолдарын іздеу уақыт талабы болып тұр.

Ғаламтор арқылы жарияланған діни мәліметтердің дұрыстығына көз жеткізбестен қабылдап, отбасы мүшелерінен теріс айналып жатады. Экстремистік сайттар адам санасын улап, өз идеологиясын тықпалап жатады. Мұндай уақытта біздерге қырағылық қажет.
Егер Сіз, ғаламтордан діни сайттарды кездестірсеңіз, онда ол сайттың сенімділігіне көз жеткізіңіз. Оқылған ақпараттарды бірден көңілге тоқымаңыз. Ғаламторды қолданғанда келтірілген мәліметке бірден сене салуға болмайды.
Ғаламтор белгісіз виртуалды шейхтердің, құзырсыз радикалдық топ басшыларының үндеулеріне, өз білімсіздігі мен фонатизімдеріне мас болған тұлғалардың ой-пікірлеріне толы.
Ғаламтордан алынған осындай материалдардың әсерінен өзінің жалаң да қасаң пікіріне сенген және жеке басының кемшіліктері мен тілектеріне мойынсұнып, өзін де, өзгені де алдап жүрген адамдарға келетін болсақ, оларға біз ықпал ете алмайтынымыз кәміл.
Қазіргі таңда дінді дәстүрлі түрде насихаттайды және түсіндіретін ғалымдардың кітаптары мен еңбектері қажетсіз болып отыр. Өйткені, жастар уақытының көбін ғаламторда өткізеді, ал бұл кеңістікті дінді жеке мақсаттарына пайдаланатын Ислам атынан фанатизм мен жат радикалдық идеяларға насихаттайтын түрлі сайттар басып алған. Сайттардан, кітаптардан, кітапшалардан нақты және толыққанды ақпарат алу мүмкін емес, сондай-ақ алынған мәліметті айналаңдағыларға таратуға болмайды. Адамдар түсінігі, білім деңгейімен ерекшеленеді және әр адам оқыған және көргендерін әр түрлі қабылдайды. Егерде осындай адамның жанында діни білімі жоғары адам болмаса, ол жылдар бойы өзі адасып қана қоймай, өзгеніде адастыруы ықтимал.
Ғаламторда көрген, оқыған және естіген нәрсенің барлығын саналы түрде сараптаған жөн. Асығыс шешім қабылдаудан, ойланбай істеген әрекеттерден сақ болыңыз.
Кез-келген мәліметті, әсіресе дін тақырыбындағы мақалаларды оқығанда төмендегі мәселелер бойынша назар аударыңыз:
Осы мәліметтің авторы кім?
Оған сенім артуға бола ма?
Мәлімет не мақсатпен жарияланды?
Мәліметтің мазмұнымен бірден келісе салмаңыз!
Ол мәселеге бір жақты қарап отырған жоқ па?
Автор мәліметті қайдан алған?
Бұл ескіріп қалған мәлімет емес пе?
Мақалада негізге алынған ғалымдар?
Тағы да басқа осындай мәселелерге мән берген жөн.
Бұл күнде сайт ашу, оған ақпарат орналастыру кез-келген адамның қолынан келеді және ол мәліметтер кез-келген уақытта жоғалып кетуі мүмкін. Сондықтан сайттарды пайдаланғанда оның сенімділігі мен ақпараттардың нақтылығына мән беріңіз.
Сіз немесе сіздің балаңыз ғаламторда ұзақ отыру арқылы отбасы мен достарына аз көңіл бөліп, маңызды істерге немқұрайлы қарай бастауы мүмкін. Ендеше, ғаламторды шектен тыс қолданып, оған тәуелді болып кетуден абай болайық.

Жандар Көшенов
«Рейтинг» газетінің тілшісі