Азаматтық қоғамды нығайту маңызды

0
82

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда жариялаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деген алғашқы Жолдауында Қазақ еліндегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық ахуалға баса көңіл бөліп, өзінің мақсаттары мен алға қойған міндеттерін жариялады. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында Қазақстан мемлекетін қалыпты жағдайда алға қарай дамытудың басты шарттарының бірі еліміздегі қоғамдық ахуалдың жақсы болуы, саяси, әлеуметтік, діни, басқа да ахуалдардың қалыпты болып, халықтың ынтымағы мен бірлігі болуы екендігін түсіндірді. Ол азаматтардың, әсіресе жастардың түрлі теріс діни ағымдарға еріп адаспауы үшін, өмірлік белсенділігін арттырудың маңыздылығын атап айта келіп «2020 жыл «Волонтер жылы» деп жарияланды. Еріктілер қызметіне азаматтардың, әсіресе жастардың, студенттер мен оқушылардың қатысу аясын кеңейту, олардың бойында белсенді өмірлік ұстанымдарға қатысты дағды қалыптастыру – маңызды міндет. Бұл – азаматтық қоғамды нығайту жөніндегі жұмысымыздың маңызды құрамдас бөлігі» деді. Азаматтық қоғамды нығайтуда діни ахуалдың да алатын орны ерекше екені белгілі.
Жиырма бірінші ғасырға аяқ басқа адамзат баласы көнеден келе жатқан сенім-нанымдарын жалғастыруда. Қазіргі кезде жер шарында дәстүрлі діндер саналатын төрт негізгі дін болса, одан басқа кейінірек пайда болған ондаған діни ағымдар да өмір сүруде. Оның ішінде қазақ халқының ата діні – Ислам дініің де бірнеше ағымдары пайда болып, олар да жер-жерге таралуда. Жер бетіндегі көптеген келіспеушіліктер мен жанжалдар көп жағдайда діни сенімге, діни сенімнің әралуандығына байланысты тұтанып жатады. Сол себепті зайырлы саналатын мемлекеттер мемлекет пен діннің арасын бөліп қойған. Бірақ, мемлекеттен бөлек екен деп қай дінге болсын еркіндік беріп қоюға да болмайды. Өйткені, дін мемлекеттің бақылауында, назарында болмаса қоғамда тыныштық, түсіністік те болмайды. Әсіресе, біз сияқты Тәуелсіздігін жариялағанына ширек ғасырдан ғана асқан, ұзақ жылдар бойы атеистік қоғамда «Дін – апиын» деп санап келген ел үшін дінге мұқият болу қажет.
Егемендіктің алғашқы жылдарындағы биліктің білместігі мен қалыптасып үлгермеуінен жас мемлекетіміздің аумағына ондаған дәстүрлі емес діни ағымдар мен діни секталар еніп, еркін әрекет етіп діни сауаты аз қарапайым халықты әр тарапқа қарай жетектеп кеткені де рас. Әйтсе де, Мемлекет тұғырын нығайтып алған соң Діндер туралы заңын қайта қарап, бірқатар реттеп алды. Десек те, әлі де діни ағымдардың қоғамдық ахуалға әсер ету мүмкіндігі бар. Сол себепті жергілікті билік бұл саланы бақылауында ұстап, діни бірлестіктермен тұрақты жұмыс жүргізіп, тұрғындар арасында діни сауаттылықты көтеру бағытында іс-шаралар ұйымдастырып, қоғамға зиянды теріс пиғылды діни ағымдарды тұсаулап ұстауға тырысып келеді.
Жалпы, миллионнан астам тұрғыны бар мегаполистегі діни ахуал толықтай алып қарағанда қоғамға қауіп төндірерліктей емес. Бұл істе ең бастысы қарапайым халықтың, оның ішінде мектеп оқушылары мен арнаулы және жоғарғы оқу орындарының студенттерімен жұмысты жоспарлы да тұрақты жүргізу ғана толық нәтиже берері анық. Олардың қиын жағдайларда әлемдік дәстүрлі діни ұғымдарды ажырата білуі және діни ұйымдардан ақпараттандырылуы  үйлестіріліп отырады. Сондай-ақ, бүгінгі күнде жастардың рухани және діни мәселелері жан дүниесінің бай болуын талап етеді. Бүгінгі 21-ші ғасырда интернет желісі арқылы жастарға ақыл мен жан дүниесінің арасында сызат түсуде. Ал, жан дүниемізбен ақылымызды қатар алып жүру санамызға ешбір қате ой салмау үшін жан дүниеміз әрдайым моральдық және рухани бағытта дұрыс шешім қабылдауымызға көмектеседі. Сол себепті дәстүрлі дінді насихаттай отырып, теріс пиғылды, адастырушы діни секталар мен ағымдарды әшкерелеп, олардың қоғамға зияндығын, мемлекетке қауіптілігін жұртшылыққа жете түсіндіру де маңызды.

Аманғали ӘБУОВ, республикалық
«Дөңгеленген дүние» газеті
Бас редакторының
бірінші орынбасары