Экстремизм және лаңкестікпен күресу – баршамыздың азаматтық борышымыз

0
69

Экстремизм мен лаңкестік (терроризм) терминінің қолданыста, қоғамда, БАҚ – да қолданыла бастағанына көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен дінді құрал ретінде пайдаланып, өз мақсат мүдделеріне жетуді көздеген саяси топтар, ағымдар,экстремистер мен лаңкестер – XXI ғасырдың дертіне айналды. Экстремизм терминіне қысқаша тоқталсақ, экстремизм сөзі латын сөзінен  шеттеу, орталықтан ауытқу, белгіленген жерден тыс кету деген мағыналарды береді. Экстремизм тәртіпті мойындамайтын, өзінің пікірімен ғана іс-әрекет етуші дегенді білдіреді. Экстремизм адамның надандыққа, сауатсыздыққа, көрсоқырлыққа, көрсеқызарлыққа бейімделген көзқарасынан пайда болады. Экстремистер басқа біреуді көре алмайтын, түсінбейтін, тіпті түсінгісі келмейтін адамдардан пайда болады.
Терроризм латын тілінен алғанда  қорқыныш, үрей, саяси мақсатты сылтауратып күш қолдану деген мағыналарды білдіреді. Терроризм- ұйымдасқан топ, көздеген мақсат-мүдделеріне жету үшін, дүрсін-дүрсін күш қолдану арқылы көрініс табатын әдіс.Терроризм мемлекеттердің тамырына балта шабатын саяси әрекет.
Дінде экстремизм де, лаңкестік те жоқ.Өкінішке орай экстремистер мен лаңкестер дінде экстремизм мен лаңкестік бар екенін дәлелдегілері келеді. Жер бетіндегі ешбір дін лаңкестік іс-әрекеттерді, бұзғыншылықты, кісі өлтіруді құптамайды, оған үзілді-кесілді қарсы, ондай әрекеттерді үлкен күнәлардың қатарына жатқызады. Еліміздің заңнамасында терроризм мен экстремизм үшін қылмыстық жауапкершілік  ҚР. ҚК 255-260 баптарында қарастырылған. Соның ішінде  лаңкестік актілерін жасау,лаңкестікті насихаттау және лаңкестік актісін жасауға жария түрде шақыру, лаңкестік топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу, экстремистік немесе лаңкестік әрекетті қаржыландыру және лаңкестікке не экстремизмге өзге де дем берушілік, лаңкестік не экстремистік әрекетті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру немесе даярлау не қаруландыру, лаңкестік немесе экстремистік даярлықтан өту үшін қылмыстық жауапкершілік заңмен қарастырылған. Лаңкестік топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу үшін ең қатаң жаза он бес жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделсе, терроризм актісін жасағаны үшін он бес жылдан  жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына кесілуі қарастырылған.
Экстремизмге қарсы мемлекет және қоғам болып күресуіміз керек. Ол үшін әлеуметтік желілер мен сайттардағы қаптаған этникалық және діни алауыздықты қоздыратын насихаттарға тыйым салу қажет. Өскелең жас ұрпақтың құқықтық және діни сауатын арттыруымыз керек. Дін атын жамылған экстремистерді халыққа жариялап, олардың арам пиғылдарын әшкерелеп отыру керек. Мемлекет экстремизмнің заңға қарсы әрекеттерін, радикалды идеяларына қатаң тыйым салса, сонда ғана еліміз аман, болашағымыз жарқын, ел іргесі бүтін болады.

Сабит Тастанбеков
«Шымкент Келбеті» газетінің
редакторы