Зайырлылық – тарихи талап

0
101

Ел Тәуелсіздігімен келген жаңа қоғамдық құрылыстың өзгерістері де өз арнасын тауып, тыныс-тіршілігіміздің қалыпты жағдайда бірізділікке түсуіне әкеліп отыр. Дәстүрлі емес конфессияларды жабу керек, құрту керек дейтін сәуегөйлер мен дақпырт жасаушылар құқықтық-демократиялық негіздерді мойындаған әлемдік үрдіс-зайырлы мемлекеттік ұстаным шеңберінде көп конфессионалды жағдайдағы елдерде діни төзімділік пен тағаттылық таныта бейбіт қатар өмір сүруді қалыптастыруы қажет-ақ. Бұған ұстамдылық пен жігер керек. Оның бәрі терең түсіндіруді қажет ететін және ыждағаттылықты талап ететін байыпты-күрделі кешенді жұмыс жүргізумен келеді.
Сізге қояр сауалымыз: Мына заманның зайырлыққа бетбұрысын қалай түсіндірер едіңіз?

Қазір ел арасында жерімізде бұрын-соңды болмаған  діни ұйымдар жайлы әңгіме бола қалса, «атойлап, аттандап» шыға келетін пақыр ойлылар мен «данышпансып» шығатын кеудемсоқ «пасықтар» аз емес. Мұндайға Абай хаким: «Көпте ақыл жоқ, ебін тапта жөнге сал»,-деген ғой. Әлемдік геосаяси ықпалдастықтар аясы кеңіп, қоғамда түрлі қарым-қатынастардың күрделенген тұсында жаңа заманның талап-үрдістерін ескерусіз қалдыра алмасымыз анық-ақ.
Сондықтан да мемлекеттің ішкі-сыртқы саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, рухани-діни құрылымдарының жұмыс атқару стилі мен бағдарлық жоба-нұсқаулары ұлт-мемлекет тұтастығына нұқсан келтіретін жат мүдденің ортада орын алмауы үшін халықаралық келісім фактілеріне, конвенцияларына жітті мән беріп, халық, ел, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қарастырады. Оның негізгі басты құралы зайырлылық болып табылады. Ал енді зайырлылық деген не, оның талаптары қандай? Біз осы өзекті мәселеге ден қойып көрейік.

-Ата заңымыздың 1-бабының 1-тармағындағы «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» деген ұстанымның маңызы неде?

Еліміздің Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» деп бекітілген және бұл мемлекетпен оның түрлі наным-сенім, әдет-ғұрып, діни ұстанымдағы азаматтарының құрған қоғамдық ұйымдарының ара-қатынасын реттеу жолы. Алайда, зайырлы мемлекеттің классикалық үлгісі дегенде бір көзбен өлшеп-пішу талабы жоқ. Әр мемлекет өз азаматтарының тарихи-мәдени ортадағы қастерлі құндылықтарының тарихи мәні мен ел, ұлт тұтастығының негізі саналатын қазықтан адастырмайтын жол іздейді. Ғасырлар бойғы жинақталған орасан зор тәжірибелер мен қоғам дамуы талаптары тудырып отырған басты өлшем-қасиетті құранда дәріптелген әділдік, азаттық, теңдік, заңдылық аясында ғана әрекет етіп, өмір сүру!  Құқықтық мемлекеттің негізгі прициптері азаматтардың дініне, тіліне, нәсіліне, үлкен-кішісіне, тіпті азаматтығы бар-жоғына қарамай-ақ оның өміріне қауіп төндіретін қызмет атқару, демалу, білім алу, танысу мүмкіндіктеріне қайшы келетін жат пиғылдарға тыйым салынуы қажет. Зайырлылық кездейсоқ пайда бола қойған жоқ. Ол адам баласына Алланың берген азаттығын, қалау еркіндігін Құдай тағаланың әділ жолын іздеу барысындағы талпынысының нәтижесіндегі жеткен жетістігі. Зайырлылықтың түрлі үлгісі бар. Бұрынғы ұстаным-үлгілерде дінге, тыйым салып, Құдайсыз қоғам құру мақсатындағы мысалдар оның көне, жабайы түрлерінің бірі болса, бүгінгі үлгі адамзат қоғамын түрлі текетірестер мен қырғи қабақ соғыстардан сақтай алатын жолға түсе білді. Мұны біздің алдыңғы толқын ағаларымыз өз бастарынан өткеріп көрді.  

-Кеңестік дәуірге дейінгі кезеңдегі қазақ тынысына қатысты не айтасыз?

Тарих жолында қазақ хандығының саяси жүйесі ешқашанда біржақты ауытқыған теократтық үлгіде болған емес. Олардың бір парасы адам құқығын шектеп, Құдайлық құлық пен мораль-этикаға қайшы әрекеттер жасауға барған болса, «Есімханның ескі жолы», «Қасымханның қасқа жолы», Әз тәукенің «Жеті жарғысы» аталған елдікті, қауіпсіздікті, рухани-мәдени, тарихи-әлеуметтік ортаны сақтау, адам тәрбиесі мен оның құқықтары жоғарыда айтылған талаптарды ескеріп жасалғанын айтуға болады.
Ал мәселенің екінші жағы сырт елдерден дін атымен келіп, діннен көрі «індет» деуге ғана болатын Құдайлық үкім-заң жолын, жалпы әділдік теңдік принциптерін бұзып, жат жұрттық мүддені көздеген топтардың әрекеті бір басқа. Олар туралы да халық ащы шындықты білген.  Ақсүйектер аталатын жіктерге бөлініп және рухани-әлеуметтік деңгейіндегі топқа бөлініп өмір сүрді. Қазақ қоғамында хан ретінде тек Шыңғысханның тікелей ұрпағынан тараған (төре) тұқымынан еркек кіндіктілер сайлау құқығына ие болды. Иә бұл сол кезеңге тән әскери-әлеуметтік топтың кезеңдік ұлы өзгерістері заманындағы уақытша құбылыс сияқты көрінгенімен бір емес бірнеше құрлықтар арасындағы қарым-қатынастар қалыбы мен даму, қалыптасу үрдісіне зор ықпалы болған құбылыс.Оның да сыртқы күштер дүмпуімен дүниені дүрліктірген «әулікпелі» де мүләйім, екіжүзді, зорлыққа құрылған қондырғылары болатын.
Ал қазіргі зайырлы қоғамымызда «мен пірмін, менің мүридім боласың…олай етпесем сен адасып кетесің», «мен ақсүйекпін, ақсүйек ұрпағымын, сен қарасың…», деу Құдай жолын былай қойғанда қай елдің заңына сәйкес келеді?. Бұл түбірімен ғана емес түп-тұқиянымен Ата заңымызға, оның зайырлылы қағидасына қайшы келетін ұғым емес пе? Жалпы, адамдық болмысты, ол өмір сүріп отырған қоғамды, оның тұтас ұстанымын кемсіту деп түсінген жөн. «Жікшілдік» «текшілдік», бөлінушілік осылай басталады. Одан қай халық пайда тапқан? Бұдан ешқашан еш елде еш халық, соның ішінде қазақ та сордан өзге ештеме тапқан жоқ. Сондықтан да, талайлы тағдырынан терең тағылым түзген қазақ жады да мұны ескеріп, Егемендік алған тұста әрбірҚазақстан азаматы тегіне, ұлтына, жынысына, нәсіліне, діни сеніміне қарамай заң алдында бірдей, тең делінген басты заңымызға жазылды.

-Қазақ қоғамындағы зайырлылыққа бабаларымыз қандай ұстанымда болды?

Қазақ қоғамында да өзге әлем діндарлары арасындағы сияқты діни зерде ақыл-ой, сенім, ғибадат, тәрбиелік мәні зор асыл мұра саналып, оған ұлттың зиялы қауымы жанашырлық сипатта ғана емес одан әсте биік әрекетшіл парасат деңгейінде қарай алғанына тарих куә. Мұны тағдыр бір замандардың қанқасап қауырт қыспақтары мен тар заман тұрлаусыз тұсында да ұмыт қалдырмаған. Одан шет қалу елдіктен, адамдық құлықтан, тіршілік тынысынан айрылу екенін санасымен саралай білген әзиз бабаларымыз ұрпаққа оның қадір-қасиетін терең ұқтырып отырған. Атап өткеніміздей мұндай әрекеттерін олар қандай да бір қиын-қыстау замандарда  ұмыт қалдырған жоқ. Әлбетте бұл қатты қарсылықтар, қиындықтар туындатқан көршілес империялар тарапынан жиі орын алды. Соның айғағы ретінде 19 ғасыр соңы мен 20 ғасыр басында Патшалық Ресей одан соң қызыл үкімет империясы қазақ елі мұсылмандарының діни бостандығына шектеу қоюына бет бұрды.

-Алашордашылар діндер мен діни сенім теңдігін қалай қарастырды?

-Тағдыр талайының тәлкегімен олардың қол астына өткен қазақ халқы бұл саясатқа жауап ретінде «Алаш» партиясының бағдарламасында діндер мен діни наным – сенімдерінің теңдік принциптері қарастырылып, Қазақстан жерінің өзінің муфтиятын құру мәселелерін көтерген болатын. Бұл мақсатта алашордашылар қалыптасқан жағдайға орай біршама діни талаптардың иін жұмсартып жергілікті молдалардың шариғи құзырларын шектеуге және тек қана неке, талақ, туу және өлім тіркеулерін жүргізу рәсімдерін ғана сөз ету арқылы империялық үкімет алдында дін мәселелерін өз құзіретінде ұстау үшін оны талқылауды кейінге қалдыруды алға тартқан. Бірақ бұл бастамалары жүзеге аспады. 1921 жылы Кеңес билігі кезеңінде би, имам, ишан, хазірет, муфти мен мұсылмандар діни басқармаларына сайлауға қатысуға тыйым салынған. 1926 жылы ресми құжаттарда мұсылмандардың «антикеңестік бағыты» тезисі алғаш көтерілді. 1927 жылы «исламмен күрес» шаралары жүргізілді. Нәтижесінде, мұсылмандар діни басқармасы басқа да діндер сияқты ауыр репрессияларға ұшырап, көптеген шіркеулер мен мешіттер жабылып, қиратылды. ІІ Дүние жүзілік соғыс басталуымен ғана репрессиялар тоқтатылып, кеңес үкіметі мемлекеті ұстанымдарын өзгерте бастаған болатын. Орталығы Ташкентте орналасқан Орта Азия мен Қазақстанның Діни Басқармалары ашылған. Нәтижесінде, 1961 жылға қарай Қазақстанда 25 бірлестіктер мен мешіттер тіркелген. Оған қоса 60- қа жуық тіркелмеген бірлестіктер мен 500 ден астам молдалар саны көрсетілмеген. 1989 жылы республикамызда ресми тіркелген мешіттердің саны 59 жетті. Ал 1990 жылы Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы құрылған болатын.

-Қасиетті Ислам дінінің елімізде дәстүрлі дін ретінде қалыптасуының негізіне тоқталып өтіңізші?

-Қазақстан жеріндегі мұсылмандық үрдістер мен халықтың оған сай әдет-ғұрып, діни ұстанымдарын қалыптастырған  исламның тарихы 10 ғасырға жуық уақытты қамтиды. Ислам қазақ халқы үшін дәстүрлі дін болып табылады. Қазақ халқы түркі әлемінің бірнеше ұлыстары мен ұлттары сияқты өзінің рухани-діни ұстанымын түзген исламның сүнни бағытының, Ханафи құқықтық мектебінің өкілдері болып табылады.
-Аталған мектептің басты жетістігі пайғамбар мен оның ізбасар сахабалары дүниеден өтіп, ислам негіздерін «Аһли сунна уал-жамаға» жолы ретінде үммет ғұлама-ғалымдарына, ұлы имамдарға аманат еткен алдыңғылардың ісін ислам жауларының жетегіне бермей оның мұсылман өлкелерінде де ғылыми-тәжірибелікқұқықтық ошағы құрылуын мүмкін етуі. Енді оның айрықша ерекшелігі ретінде Алла мен адам арасындағы таныту мен тану ара қатынасына орай Құранда көрсетілген үкім-заңдар мен қағидаттық желілерді барынша таза әрі әрбірінің өз құзіреті аясында ғана ұғынылып, тәжірибеде қолдануда аса зеректік пен тағаттылық, көсем көрегенділікке бағаланатын шешімдерін айтамыз.
Бар және жоқ қылушы құдірет иесінің жан беріп алушы құзіретінің әлеуметтік ортада уақыт пен кеңестік және жағдай жайына орай ұғынылуының алғашқы сүрлеулерінің «Аһли сунна уал жамаға» — жалпы мұсылмандарға ортақ бірегей мектебінің алғашқы өлкелік ханафи мәзһабы атауымен аталған сүбелі жолын салды. Осы шешімдерден де біз бүгінге жеткен жарық жол–ілім шырағынан, Хақ тағаланың пендесіне деген махаббатын, мейірім шапағатын танимыз.

-Кереғар діни ағымдардың елімізге дендейсінуіне қандай себептер болды?

Бүгінгі этносаяси ықпалдастықтар аясында оның бір жарығы осы зайырлылық принципіне сүйенген ұлыстар мен ұлттар, барша азаматтарды надандық, қараңғы қасам жолдан құтқару әрекеті болып отыр. Оның бүгінгі алғашқы көрінісі мен қадамдарына мына төмендегілерді де жатқызуға болады. Еліміз Егемендік алуымен ислам қайта өрлеу кезеңінен өтті. Оған елімізде мешіттер мен діни оқу орындары көптеп ашылуы дәлел бола алады. Сонымен қатар, мемлекет басқа діндер мен конфессиялардың да бейбіт қатар өмір сүруіне мүмкіндік жасады. Бұған еліміздегі сенім бостандығына байланысты қабылданған либералды заңды айта аламыз. Дәстүрлі емес діни ағымдар, оның ішінде ислам атын жамылған теріс ойлы діни-саяси топтардың мұсылмандар арасына сыналып енуін алғашқы кезең мұрсат беріп қойды. Олардың діни топтар ретінде көптеп таралуына себеп болды. Исламның дамуына радикалды және экстремистік топтардың жат идеяларды уағыздауы кесірін тигізді. Осы жағдайларға байланысты елімізде Ханафи бағытындағы исламның дамуына үлкен орын берілуіге көңіл бөлінуде. Және солай болуы да керек.

-Еліміздің өазіргі тыныс-тіршілігіне қатысты не айтар едіңіз?

Қазақстан Республикасының жас мемлекет ретіндегі қалыптасу кезеңін барынша тиімді зерттеп, өздерінің арамза пиғылдарын  жүзеге асырғысы келетін шетелдік жат, жау күштер алғашқы жылдардағы тәжірибеміздің аздығын пайдаланып, діни ахуал мен сезімге, көңіл – күйге барынша әсер етуге талпынып, түрлі жолдарды пайдаланды. 
Елімізге тәуелсіздіктің ширек ғасырында мақсаттарын бүркемелеп, арамза пиғылмен енген діни ұйымдар мен ағымдар үшін осы өтпелі кезеңде қадағалаудан тыс қалған әлеуметтік топ үгіт-насихат жүргізетін негізгі обьектіге айналып, талай адамдарымыз алдау мен арбауға түсіп үлгерді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында діни идеяларға жаппай бет бұрыс дұрыс қадағаланбады, шет елдерде діни білім алғандардың көбі Араб әлемін де жүрген аджами идеяларға барып саятын, сұрқия саяси көзқарасын уағыздап, дәстүрлі қазақтың мұсылмандық жолын әділетсіз көріп адасты, бұзды немесе шектеді, діни ахуалға теріс ықпал етті. Иә, мұнымен біз күресті дер кезінде бастап, жүргізіп отырмыз. Елбасымыз Н.Назарбаев айтқандай: «Діни экстремизммен күрес, дінмен күреске айналып кетпеуі тиіс» дегенін берік ұстанған шымкенттіктер осы бір өзекті мәселеге барынша сабырлылықпен кең ауқымда қарастырып келеді.
Шымкент қаласында жасөспірімдерді жат ағымдардың ықпалынан сақтап, зайырлылықты өміршең етуде ауқымды жұмыстардың атқарылып жататындығы баршамызға аян.

Сұхбаттасқан: А.Усипов