Діни бостандық және зайырлы мемлекет

0
59

Діни сенім бостандығына азаматтардың құқықтарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету – оның одан әрі демократиялық және құқықтық дамуының негізгі құрамдас бөлігі болып табылады. Ел Конституциясының бірінші бабының бірінші тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 22-бабында: «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар», деп анық бекітілген. Ар-ождан бостандығы – ең алдымен жеке адамның кез-келген идеологиялық бақылаудан бостандығын білдіретін адамның негізгі жеке құқықтарының бірі, әркімнің рухани құндылықтар жүйесін өз еркімен таңдау құқығы. Ар-ождан бостандығы адамның абсолюттік құқығы болып табылады. Қазақстан Республикасының Конституциясы әрбір адамның ар-ождан және діни сенім бостандығына кепілдік береді, сондай-ақ, конфессиялық, этникалық және басқа да белгілері бойынша кемсітушіліктің кез-келген түріне тыйым салады.
Діни сенім бостандығына деген құқық қоғамдық және діни мүдделердің теңдігіне қол жеткізу арқылы діни сенім бостандығының конституциялық принциптерін қамтамасыз етуге, сонымен бірге мемлекет пен діни бірлестіктердің арасындағы әріптестік пен өзара түсіністік қатынастарын дамытуға бағытталған 2011 жылдың 11 қазанындағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында бекітілген. Сондай-ақ, осы Заңда Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерді өзінің діни наным себептері бойынша орындаудан бас тартуға ешкімнің құқығы жоқ екендігі айрықша белгіленген. Діни сенім бостандығы негізінен зайырлы мемлекеттерге тән. Зайырлылық – бұл мемлекеттік атеизмнен және бір дінді жалпыға бірдей немесе ресми ретінде мойындаудан бір мезгілде бас тарту арқылы сенім мен ар-ождан бостандығы мәселелерінде азаматтардың толық теңдігін қамтамасыз етуші мемлекеттің сипаттамасы.
Елбасы Н.Назарбаев қоғамда зайырлы сананы нығайту қажеттілігін әрдайым айрықша айтып келеді. Осы жайында өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясында: «Біз мұсылман үмбетінен екенімізді мақтан тұтамыз» деп атап өтеді. Бұл – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері бар, Қазақстан – зайырлы мемлекет екенін естен шығармауымыз қажет. Және зайырлылықты үнемі сақтауға және оны дамыта түсуге бар күш-жігерімізді аямауымыз абзал.

Қазақстан Республикасындағы заңнамаға сәйкес зайырлы мемлекеттің негізін құраушы принциптер мыналар болып табылады:
мемлекет пен оның институттарының зайырлы, конфессионалдық бейтарап сипаты;
дінге қатынасы, діни немесе зайырлы бірлестіктерге қатыстылығына қарамастан адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының теңдігі;
заң алдында діни бірлестіктердің теңдігі;
тұрғындардың ұлттық дәстүрлерін, ділін құрметтеу, ұлттық әдет-ғұрыптар, дәстүрлер мен діни жоралардың өзара байланысын есепке алу;
ар-ождан және дін ұстану еркіндігі саласындағы конституциялық құрылымның негіздерін, адамгершілікті, адам мен азаматтың денсаулығын, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, елдің қорғанысы мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігімен айтылатын осындай шектеулерге рұқсат ету. Аталған принциптер мемлекеттегі конфессиялық қатынастарға қатысты немесе соны реттеуші елдің барлық заңдарында және Конституциясында анық белгіленген.

Қазақстандағы мемлекеттің зайырлы сипаты мен діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлектенуі діни бірлестіктердің мемлекет істеріне араласпайтындығын, ешқандай мемлекеттік функцияларды атқармайтындығын, саяси қызметпен айналыспайтындығын білдіреді. Діни негізде саяси партия құруға тыйым салынады. Діни ілімдермен байланысты діни рәсімдерді, діни іс-шараларды атқару мемлекеттік органдармен немесе мемлекеттік қызметпен сүйемелденбейді.
Мемлекет діни бірлестіктердің ішкі заңдарын құрметтейді және сол заңдарға сәйкес әрекет етуге оларға мүмкіндік береді, діни ережелер мен нормаларға сәйкес ұйымдасуға және басқаруға олардың құқықтарын, сонымен бірге дін қызметкерлерін тағайындауға, сайлауға, шақыруға олардың құқықтарын мойындайды.
Қазақстан Республикасының заңнамасы діни нормалармен байланысты емес, дегенмен олардың жалпыадамзаттық гуманистік бағыттылығын есепке алады.
Діни бірлестіктердің актілері Қазақстандағы құқықтың қайнар көзі бола алмайды. Сондай-ақ, елдің соттық жүйесі діннің ықпалынан еркін және діни бірлестіктер құзыретінің құрамдас бөлігіне ене алмайды.
Мемлекет діни білім алумен, ғимараттарды, діни заттар мен діни әдебиеттерді пайдаланумен, қайырымдылық алумен, елдің ішінде және шетелде бір діндестермен байланыс орнатумен және ұстаумен байланысты азаматтар мен діни бірлестіктердің құқықтарының жүзеге асуына ықпал етеді. Атап кететін жайт, діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлектену принципі діни бірлестіктер мен дінге сенушілердің қоғамдық өмірден шеттетілгенін білдірмейді.
Мемлекет дінге сенушілерді Қазақстанның толық құқықты азаматтары ретінде, ал діни бірлестіктер мен дінге сенушілерді әлеуметтік пайдалы қызметтерді: қайырымдылық көрсетушілік, мәдени-ағартушылық, гуманитарлық жүзеге асырудың маңызды қатысушылары ретінде есептейді және осындай қызметті атқаруда олармен әріптестік орнатады. Оның үстіне мемлекет маскүнемдік пен нашақорлық, қылмыстың алдын алу, саламатты өмір салтын қалыптастыру, жанұяны нығайту, қоғамда жоғары рухани және адамгершілік ахуалды құру сияқты әлеуметтік мәселелерді шешуге діни бірлестіктерді жұмылдыруға тырысады.
Діни бірлестіктерді тікелей қаржыландыруды жүзеге асырмай, мемлекет ең басты мәдени және тарихи құнды діни ғимараттар мен құрылыстарды қайта құру мен жөндеуде көмек көрсетеді.
Мемлекеттік органдарда діни іс-шараларды жүргізуге тыйым сала отырып, мемлекет сол мезгілде діни рәсімдерді атқаруда объективті түрде қиындық туғызатын жекелеген мемлекеттік органдарда: түрмелерде, бас бостандығынан айыру орындарында, әскери бөлімшелерде, медициналық мекемелерде діни сенім бостандығы құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет мемлекеттік және басқа да білім беру мекемелерінде білім берудің зайырлы сипатын қамтамасыз етеді.

Әсет Әссанди,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.