Ел болам десең бесігіңді түзе

0
134

ХХ ғасырдың соңында әлем картасында Қазақстан деген егемен ел ойып тұрып орын алды. Егемендікке жету әрине оңай болмағаны барлығымызға сыр емес. Қаншама ата-бабамыздың қаны төгілгені тарихтан белгілі. Міне осы елдің егемендігін алу қаншалықты қиын болған болса оның егемендігін сақтап қалу оданда қиын дүние десем артық айтқандық болмас. Нарықтық заманның алтын қағидасы мына өмірде тек қана мықтылар ғана өмір сүреді. Империялистік рухы бар елдердің  бөліп алда билей бер деген қағидасы 21-ғасырдада өз үстемдігін орнатып келе жатыр. Бөлінушіліктің үлкен екі көрінісі бар. Ұлтаралық  және дінаралық алауыздық. Бұл үлкен алауыздық бір елдің ішінде ушығатын болса ғасырларға жалғасатынын талай рет тарихтан көргенбіз. Қазақстан егемендік алғалы тіліміз, дініміз, мәдениетіміз дамып келе жатыр. Бірақ бұл салаларда проблемаларда жетерлік. Міне осылардың ішіндегі дін саласына тоқталғым келіп тұр. Қазақ деген халық сан ғасырдан бері ислам дінін ұстанып келеді. Исламның ішінде Ханафи мазһабының құқықтары негізінде осы күнге дейін ауызбіршілігі бұзылмай бір бағытта келді.  Өкінішке орай егемендік алған жылдары заңымыздың әлсіз болуынан, дін мамандарының аздығынан елімізге көптеген бұрыс ағымдар кіріп келді. Біраз ағымдарға, діни саяси топтарға тыйымда салынды. Соғам қарамай халықты дүрліктіріп жүрген салафилік идеологияға қарсы әлі күнге дейін нақты шешімдер қабылдап қарсы тұра алмай жатқан жайымыз бар. Салафизм- идеологиялық топ. Ешқандай бір ұйым емес. Ешқандай топ ретінде тіркелмеген. Сондықтан бұл топқа қарсы заң шығара алмай отырмыз. Ең өкініштісі дәстүрлі дінді ұстанушыларды кәпірге шығарған да салафилер. Ата-анасынның қолынан тамақ жемей, істеген тамағын харам  деген де салафи. Қазақтың салт-дәстүрін бидғат деп елді дүрліктіріп, Қазақстанды шайтан елі деп шетел асып соғысып жүргенде салафи. Салафилік идеологиясының негізгі құрбандары қоғамнан өз орнын таппаған адамдар. Қоғамға ренжулі адамдар осы топтың мүшесі болып жатады. Сондай-ақ бұл бағыттағы азаматтар негізінен білімсіздер. Білімсіздігіне қарамай өздерін өте білімді ғалым деп есептейді. Өзінің бағытымен жүрмеген басқа азаматтарды адасушылыққа шығарып жатады. Ислам экстремизмі, ислам терроризмі деген терминдердің ХХІ ғасырда көбейіп кетуіне де осы топтың идеологиясы тікелей себеп. Ал, шын мәнісінде эктремизм, терроризм деген терминдер ислам ғылымында жоқ. Ислам сөзінің мағынасы бейбітшілік, тыныштық, амандық дегенді білдіреді емес пе? Соңғы пайғамбар исламды алып келу арқылы адамдарды бейбітшілікке шақырды емес пе? Сол себепті болашақ ұрпақ біз жіберген қателіктерді жібермес үшін осы сәттен бастап ұрпақ тәрбиесіне қатты мән беруіміз керек. Перзенттеріміз дінге қызығып жатса оларды діннен тыймай керісінше ресми орындарда сабақ алуына мүмкіндік беру керек. Өйткені жат ағымдармен күресетін мамандар дайындамасақ сол діннен тыйған балаларымыз керісінше жат ағымның жетегінде кетуі әбден мүмкін. Сонымен қатар болашақ ұрпағымызды білімді, ұлтжанды, толерантты, отансүйгіш етіп тәрбиелесек жат ағымдар түбегейлі жоқ болады демейміз,бірақ, дәстүрлі дінге қарсы ұстанымдағы азаматтар өте әлсіз кейіпке түседі. Бабаларымыз бір ауыз сөзбен «Ел болам десең бесігіңді түзе» – деген.

Балтабаев Талғат
«Уақыт» газетінің бас редакторы