Отанның қадірін түсінген-көзсоқырлыққа ұрынбайды

0
725

Кіндік қаны тамып, туып өскен шекаралары шегеленген қасиетті мекенді «Отан» деп атаймыз. Бабаларымыз жерімізді  білектің күшімен, найзаның ұшымен елімізді қорғап, біздерге жерімізді  аманат етіп қалдырған. Бұл аманатты қорғау – дініміздің әмірі, баршамыздың азаматық борышымыз.  Отанды сүю, қажет болғанда отанымызды жаудан қорғау үшін шайқасып, осы жолда жанымызды пида ету – азаматық борышымыз. Отанға деген сүйіспеншілік, тек қана оны қорғау емес, еліміздің аяғынан нық тұрып, өсіп- өніп, өркендеуі   үшін  тер төгу. Отанын сүйген адам өз еліне қызмет етуді өзіне басты парызым деп біледі. Біздің ата-бабаларымыз өз ұрпағын туған топырағын шексіз сүюге, қастерлеуге, құрметтеуге тәрбиелей білген. Ұлаңғайыр даламызға көз тіккен сырт көз дұшпандарымызға тойтарыс бере алды. Ел үшін қасық қаны қалғанша қолына қару алып, жауына қарсы тұра білді.  Қазір арғы-бергі қиырына ат тұяғы сүрініп, әрең жететін кең байтақ даламыз сондай жанқиярлық ерліктің арқасы деп, нық сеніммен айта аламыз. Сондықтан ата бабаларымыздың көзінің қарашығындай қорғап, қастерлеген туған жерімізді сақтау, құрметтеу, біздің болашақ ұрпақтың басты міндетті болмақ.

Тарихта ислам әлемінің қол жеткізген табыстары береке-бірліктің арқасында болған. Мұсылмандардың басына түскен  қиыншылықтардың көпшілігі бірліктің бұзылуы салдарынан бөлінуге әкеп соққан. Бірлік  қуаттың, күштің көзі, ал бөліну – бәленің көзі. Біздің міндетіміз  қоғам  арасындағы бірлікті сақтау, жікшілдік рушылдыққа жол бермеу  бөлінушілікке жол ашатын істерден бойымызды аулақ ұстауымыз керек.Кең байтақ даламызда көк жалаудың көлеңкесі аясында мәңгі өмір сүруіміз бірлігімізге байланысты. Мұны жүзеге асыру үшін мұсылман ретінде бір-біріміздің  бауыр екендігімізді біліп, алауыз болғандарды татуластырып, олардың арасын жақындастыруымыз керек.Өзімізге ұнайтын нәрсені оларға да тілеп, өзімізге ұнамайтын нәрсені басқаларға да жасамағанымыз жөн. Қиындыққа ұшырап, басына іс түскен бауырларымыздың қайғысына ортақтасып, қолымыздан келгенінше жәрдем беруіміз керек.Ұлттық бірлігімізді бұзып, бір-бірімізге айдап салуға тырысатындарға абай болып, арамызға іріткі салатын керітартпа ойларға ермеуіміз керек. Қазіргі заман ақылды қолданатын заман, сезімге берілетін заман емес. Ұлттық бірлігімізді қамтамасыз етуде маңызы зор болып есептелетін діни сенімдерімізді бұзып, отанымыз бен халқымызға  дұшпандық ойлаған, бөлініп кетуімізді көксеген іріткі салушылардың алдап-арбауына сеніп қалмай, дін төңірегінде кездесетін түйіткілді мәселелерді  дін мамандарынан сұрап отыруымыз керек. Дана халқымыз былай деген: «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген.
Отанға және ұлтқа деген сүйіспеншіліктің иманнан екенін біліп, мұсылмандар арасындағы бауырмалшылықтың шырқын бұзбай, оны нығайтуға ат салысқанымыз абзал.

Жандар Көшенов
«Рейтинг» газетінің тілшісі