Шетелде діни білім алудың қажеттілігі бар ма?

0
208

Бүгінде өзінің болашағына үлкен сеніммен қарайтын жастар шетелдерде білім алуды, Отанына, еліне қажетті мамандықтарды игеруді және басқа елдерден оң тәжірибе жинауға деген құштарлығын құптайды. Қазіргі күнде біздің елімізде жастардың «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында және әртүрлі гранттар мен ата-аналарының жеке қаражаты есебінен  шетелдерде білім алуына барлық жағдайлар жасалған. Көпқырлы мамандық игеру үшін бүгінде   араб елдері мен Түркия, Пәкістан және тағы басқа  мемлекеттерден жастарымыз діни білім алып келуде. Араб мемлекеттері мен Таяу Шығыс, Азияның кейбір елдерінде жағдай  мезгіл сайын тез өзгеріске түсіп отырады және көп жағдайда діни фактор басымдыққа ие. Өкінішке қарай, кейбір мемлекеттерде, атап айтқанда, Таяу Шығыс елдерінде соңғы жылдардағы әртүрлі діни ағымдардың белсенділігінің артуымен, дінаралық қақтығыстардың белең алуымен және экстремистік, сондай-ақ, террористік ұйымдардың ашық наразылыққа шығуымен қоғамдық-саяси және діни ахуал күрт күрделеніп кетті. Бұған қоса, қазіргі күнде  әртүрлі жалған және деструктивті ұйымдардың қызметі ашық жүргізіліп, олар басқа елдерден білім алу мақсатымен келген шетел азаматтары арқылы өз қатарларын толықтыруды көздейді. Сондықтан, ел азаматтары өздерінің болашақ білім алатын елін таңдау барысында сол мемлекеттің қоғамдық-саяси және діни ахуалы туралы ой түйіп, оның тарихын, мәдениетін, діні мен ділін біліп алғаны жөн. Өкінішке қарай, көптеген ата-ана шетелдерде білім алудың кейбір тұстарына мұқият назар аудармастан,  өз балаларының  басқа елдерде оқуын қуана құптайды. Олар балалары білім алғысы келген елдің ыңғайына бейімделуі үшін уақыт керек екенін, басқа мәдениет пен өзге менталитеттегі адамдармен қатар өмір сүріп, араласатынын білулері тиіс. 

Қиындықтардың басқа да жағы жоқ емес. Шетелге білім алуға кеткен жастарымыз бес немесе одан да көп жыл өткен соң, Қазақстанға қайта оралуы кезінде күтпеген жағдайларға жолығуы мүмкін. Елге қайтқан жастар мұндағы қоғамға қайта үйренісуі қажет, бәсекеге қабілетті жұмыс тауып, туған топырақтың игілігі үшін өзгелермен қатар қызмет етуі керек. Аталған жағдайдың бәрінде де ата-ана көмегінің маңызы орасан. Әсіресе, шетелге шығу кезінде қазақстандық жастар тап болуы ықтимал төмендегідей қауіп-қатерлерге ерекше тоқталғанды дұрыс деп есептеймін. Біріншіден, сол білім алуға барған елде немесе оқу ордасында жат діннің ықпалына түсу қаупі. Әдетте, адам мұндай келеңсіздіктерге аты беймәлім ұйымдар, бауырластық, достық атын жамылған түрлі діни қауымдастықтар мен хұжыралардың (ордендер) тарапынан қаржылай көмек алатын түрлі шет тілдерін үйрету орталықтарына қатысу, мемлекет бақылауынан тыс ғибадат ету орындарын аралау, белгісіз дін лидерлерінің жеке сабақтары мен дәрістерін тыңдау кезінде тап болуы мүмкін. Екіншіден, балаңыз шетелде діни білім алатын болса, онда ата-ана баласының қандай діни мекемеде немесе діни орталықта оқып жатқанын білуі керек.  Мүмкіндігінше жиі бақылауда ұстап,  балаларының ресми медреселер мен жоғары оқу орындары қабырғасында оқып жатқанын анықтағаны жөн. Сондай-ақ, белгісіз «хұжыралар» мен «марказдарға» (діни орталықтар) байқамай түсіп кетпеуін де жіті қадағалап отырғаны абзал. Балалардың бос уақытын қалай және кіммен өткізетіні аса маңызды. Үшіншіден, ата-аналар мен жастар шетелдің кейбір діни ұйымдары аттарын әртүрлі зайырлы немесе ресми атаулармен жасыратынын білулері керек. Мысалға, ағылшын немесе араб тілдерін, бизнес жүргізу негіздерін тегін үйрету курстары, өзін өзі дамыту, танымал психология, шешендік өнер курстарының артында шетелдік азаматтарды арбаумен айналысатын деструктивті ұйымдар тұруы мүмкін. Барлық аталған факторлар деструктивті, соның ішінде діни идеялар мен көзқарастардың елімізге енуі мен таралу қаупін тудыратынын естен шығармаған жөн. Олар діндарларымыздың арасында ой мен көзқарас қақтығыстарының, қоғамымыздың азаматтық, әлеуметтік-экономикалық және моральдық-этикалық өмір сүру аяларында теріс қоғамдық көзқарастың туындап, дамуына әсер етуі ықтимал. Мұның бәрі, әрине, бізді қатты толғандырады, әрі шетелдегі азаматтарымыздың қауіпсіздік шараларын терең зерттеуге мәжбүрлейді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 11-бабына сәйкес, мемлекетіміз өз азаматтарының қорғанысы мен қамқорлығын ел шекарасынан тыс жерлерде де қамтамасыз ететіні белгілі. Сондықтан, еліміздің мемлекеттік органдары қазақстандықтарды шет мемлекеттердегі түрлі даулы жағдайларға немесе жат діннің идеологиялық арбауына түсу жолдарынан шеттетуге бар күш-жігерін жұмсап отыр. Алайда, мұндай жағдайлардың алдын алуда ата-аналар мен студенттердің рөлі ерекше екенін тағы да атап өту керек.
Еліміздің жастары қазіргі таңда діни білімді отандық діни оқу орындарында алған маңызды. Ата-аналар мен студенттер сапалы діни білім алу үшін Қазақстанның да мүмкіндіктері жоғары екенін білулері керек. Бүгінгі күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты бір Ислам университеті мен тоғыз медресе жұмыс істейді. Президентіміз Н. Назарбаев елдің қиын экономикалық жағдайларына қарамастан, Алматыда Нұр Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетін ашқызды. Алғаш құрылған жылдан қазіргі кезге дейін университет елдің беделді діни оқу ордасына айналып үлгерді. Бүгінде аталған білім ошағы қазіргі күннің талаптарына жауап беретін жоғары білімді әрі білікті дінтанушы, исламтанушы, араб және ағылшын тілдерінің аудармашысы мамандарын даярлаумен айналысады. Осы оқу орындарындағы барлық діни, сондай-ақ, зайырлы пәндерді оқыту бағдарламалары Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес дайындалған. Сонымен қатар, зайырлы білім берудің бөлігі ретінде елімізде бес жоғары оқу орнында – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде мен Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Шет тілдері және іскерлік карьера университеті  дінтану мамандары даярланады. Аталған жоғары оқу орындарында мемлекеттің тапсырмасымен 800 студент – болашақ дінтанушылар мен теологтар білім алуда. Бүгінде мемлекет пен отандық оқу орындарының тарапынан шетелдің діни оқу орындарынан Отанға қайтып оралған қазақстандық студенттердің діни білімдерін жалғастыруын қамтамасыз ету үшін бірлескен шаралар қолға алынып отыр. Мұның жастар мен тұтас Қазақстан қоғамының рухани қауіпсіздігіне ықпал ететін мәселе екенін атап көрсеткіміз келеді. Атап айтқанда, қазіргі кезде Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы мен Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің атсалысуымен Түркия, Мысыр және Ресейдің бірқатар беделді жоғары оқу орындарымен келісім-шарт әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әдетте, бұлар тексерілген, білім беру мен оқу-тәрбие үдерісін қадағалау саласында ынтымақтастық туралы келісім-шартпен негізделген жоғары оқу орындары.
Қорыта айтқанда шет елдердің діни оқу орындарында Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы және мемлекетаралық келісім негізінде магистратура және докторантура оқуға болады. Ал бастапқы білімді, яғни бакалаврлық базалық білімді шет елдердің діни білім орталықтарында алудың қажеттілігі жоқ. Өз елімізде білікті мамандар дайындалып жатыр. Ойымызды түйіндеп айтар болсақ, болашағын дінтану мен теологиялық ілімдерді зерттеуге арнаған қазіргі жастарға өз Отанында кәсіби білім алудың барлық мүмкіндіктері жасалған.  

Шымкент қаласы ішкі саясат және
дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің директоры М. Бесбаев