Шетелде діни білім алу мәселесі

0
673

Қазіргі таңда жүйесіз діни оқуды шетелдерде алу керек деген қажеттілік негізсіз. Себебі, елімізде медресе-колледждер, университеттер ашылып, осы бағытта білім беріп жатыр. Айталық, «дінтану», «теология», «исламтану» мамандықтары бойынша Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында жоғарғы оқу орындарында білім берілуде. Оқытушы-профессор құрамы да жеткілікті, біліктілігі де жоғары. Сондықтан еліміздегі діни оқу орындар шетелдегі діни оқу орындарынан кем емес деп айта аламыз. Әрине ғылым жолын елімізден бастап магистратура, доктарантураны шетелде жалғастырамын деушілерге тосқауыл жоқ. Ол бойынша заңнамаларға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, бакалавр яғни білім берудің бастапқы сатысы міндетті түрде еліміздегі отандық діни білім беру стандарттары арқылы беріліп, содан кейін барып арнайы белгіленген шетелдік жоғары оқу орындарында магистратура немесе докторантура бағдарламаларымен білімдерін жалғастыра алады.
Мұны жазу себебім, 1990 жылдары шетелге діни білім алуға кеткен жастар білім мен сол елдің әдет-ғұрыптарын ажырата алмай, діни ілім іздену әрекеттерінде іс жүзінде өздерінің діни ұстанымы негіздері мен қағида ұстыны, заңдық үкім, ережелерін білмегендіктен шалыс басып, діннің таза бастауларынан көз жазған. Соның салдарынан емес пе кейбіреулер өздерінің ата-бабасына жат діни ағымдарға ден қойып, ислам дінінің ілімі туралы сауатсыздығының салдарынан «дәнді қауыздан айыра алмай» қалған жағдайды бастан кешірдік. Сондықтан қазіргі жастар сол жылдарда жасалған қателіктерге ұрынбай діни білімнің ірге тасын елімізде қалап, арықарай заңның шеңберінде шетелде ғылыми ізденістерін жалғастырып дінді ғылыми тұрғыдан ой елегінен өткізе алатын, дін мен шариғат, зайырлылық пен дін, діни тәжірибе мен діни сана аражігін ажырата алатын діннің нағыз мамандары,ғалымдары болса елдің рухани болашағына өз үлесін қоса алады.

Оспанов Дәлелхан 
Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасы
 
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ бөлім басшысы