Дін және дәстүр

0
1230

Халқымыз салт-дәстүрге кенде емес. Ертеде салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарғаны белгілі сондықтан да оның ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік және халықтық мәні зор болған. Өйткені, дін адамдары қашанда бейбітшілік, әділдік, имандылық туын көтерушілер қатарынан табылуы тиіс. Қазіргі таңдағы басты мәселе – халықтың асыл қазынасын қабылдау, рухани байлығынан сусындау – салт-дәстүрін, тілін, діні мен ділін жетік меңгеру.Дін мен дәстүр – біздің ұлттық болмысымыз болып қала бермек. Халықтың салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне бүгінгі күнде үлкен мән берілуде. Бұған дәлел ретінде ҚР –ның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал» деген ғибратты сөзі дәлел бола алады.
Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор. Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет.Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Мәселен, еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі ғасырлар бойы халқымыздың бойындағы, батырлық пен ерлік дәстүрін тудырған. Қазақ – ұлттық дәстүрге ерекше мән беретін халық.Дәстүр – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым. Екеуі егіз тақырып десек те болғандай.
Дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін де бар деп айтуға болады. Ислам діні әрбір халықтың, ұлттың өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері – әдет-ғұрпына ерекше көңіл бөлген. Сондықтан ислам ғұламалары әдет-ғұрып мәселесін талдап, оның өзін жеке бір тақырып етіп зерттеген. Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болып та табылады.
Егер әдет-ғұрып шариғатқа қайшы келмесе, оған Ислам тыйым салмайды. Халқымызда: «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген керемет нақыл бар. Осыған орай: ғұрыптардың барлығы дерлік әлбетте бірдей емес. Сол үшін де, оларға бір жақты қарауға әсте болмайды.Себебі, әдет-ғұрыптардың ішінде тыйым салынатыны, сондай-ақ рұқсат етілетіні, тіпті орындалуы қажет болып табылатындары да бар. Өйткені, салт-дәстүр уақыттан-уақытқа, халықтан-халыққа ауысып келе береді.
Дініміз Ислам – адамгершілік пен парасаттылықтың, қайырымдылық пен ізгілік діні. Осынау асыл дінімізді әр саққа жүгіртіп, бұрмаламай өзінің тұнық қайнарынан үйренуге тырысқанымыз жөн. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып келген дәстүрлі дінін, әдет-ғұрпын жоққа шығарып, іріткі салушы топтар бар, олар қайдағы бір ағым, секталардың сойылын соғып жүргендер.
Ардақты Пайғамбарымыз: «Шын мұсылман – тілі мен қолынан ешкімге еш зияны тимейтін адам» – деген. Соңғы кезде  әлемдік діндердің  атын жамылған теріс пиғылды ағымдар елімізде көбейіп бара жатқандығы жасырын емес. Осынау ағым, секталардың ешқайсысы дұрыс емес, бұрыс екендігі айтылып та, жазылып та жатыр. Бірақ өкінішке орай, біздің қаракөз бауырларымыз әлі де болса солардың еліткеніне еріп, желіктеріне желігіп, шырмауынан шыға алмауда. Өз құндылығымызды өзіміз қадірлей білмегеннен, кім болса соның соңынан еріп, жетегінде еріп, жүре береміз. Сондықтан ұлттық қасиетімізді де бағалай білгеніміз жөн.
Ал, бүгінде жасыратыны жоқ өзін мұсылман-намазханмын деп жүріп, ата-анасына «кәпірсің» деп тіл тигізіп, асын ішпей, өз ұлтынан жиреніп, ұлттық ғұрыпты харам деп, салт пен сүннетті қағыстырып жүрген бауырлар бар.Сонымен қатар елімізде  соңғы кезде дәстүр мен дінді бөліп қарайтын жастар тым көбейіп бара жатқандығы ойлантады. Дәстүрді исламнан бөліп қарауды кейбір ағымдар әдейі теріс пиғылмен насихаттап отырса, ал енді бір жастар білместікпен солардың сөзіне сеніп, ата-баба дәстүріне қарсы шығуда. Осы ретте дін мен дәстүр сабақтастығын, салт-сана мен діни танымның бір арнада тоғысатындығын дәлел-дәйектер арқылы дәлелдеудің орайы туып отыр. Бүгінгі таңда  біз елдігімізді сақтап қалу үшін жан-жақты білімді де мәдениетті болып, «Өз асылымызды құндап, өзгенің қаңсығына қызықпай, ұлттық ар-ұлтжанды» болуымыз қажет.
Тарихымыздың тағылымына назар салсақ тағы бір шындыққа көзіміз жетеді. Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды. Ал, ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Баршаға белгілі, ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан, дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі. Дәстүрлі құндылықтар – қазіргі зайырлы қоғамдардағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы негізгі факторлардың бірі. Кез-келген теріс пиғылды діни ағым қоғамда қалыптасқан құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға жол ашады. Ал, бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан, ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау – елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып табылады. Дін мәселесі – рух мәселесі. Дінге руханият негізі ретінде қарап, оның жасампаз құндылықтарын, рухани әлеуетін басты назарға алған жөн. Діннің рухани әлеуетін мәңгілік идеяларға, зайырлылық идеяларына пайдалануға болады. Сол арқылы, барлық жоғалтқанымызды түгендеп, мызғымас құндылықтар қалыптастыра аламыз. Дәстүрлі рухани құндылықтардың негізінде де дәл осы – дінді руханиландыру үдерісі жатқанын ұмытпаған жөн. Адамзат қоғамын өркениетке жеткізген құндылықтар кешені бір-бірімен тығыз байланысты. Бір ғана мысалға тоқталайық. Дін құндылықтарының төресі – бейбітшілік пен келісім. Ал, зайырлы қоғам тұрғысынан қарасақ, бейбітшіліктің маңызы тіпті өлшеусіз. Дін ісі де, дүние ісі де бейбітшілік жағдайында ғана көгеріп-көктейді. Осыны түйсіну өз кезегінде отансүйгіштік сезімдерге тәрбиелеп, елдік мұраттарға жетелейді. Өйткені тыныштық, тұрақтылық пен татулық тек заңдылыққа, тәртіпке, жүйеге негізделген біртұтас құрылым – мемлекет аясында ғана орнайды. Сондықтан да, Исламда «Отанды сүю – иманнан» делінеді, дінге қызмет – елге қызмет деп бағаланады. Діннің рухани әлеуеті мен шынайы мазмұны адамзат өміріне терең рухани мағына дарытатын, оны өркениет шыңына жетелейтін осындай кең өрісті дүниетанымнан бастау алады.
Бүгінде Мәңгілік Ел боламыз деп жатырмыз. Оның бірден-бір жолы – «Бірлігі бар елдің, берекелі тірлігі бар» -демекші ел ішінде тыныштық пен тұрақтылық, ынтымақ пен бірлікті нығайту. Тұрақтылық пен тыныштық бар жерде ғана өсіп-өркендеу, ертеңгі күнге деген үкілі үміт болатыны айқын.
Сонымен қатар ұлттық асыл құндылықтарымызды дәріптей отырып, оны паш ету. «Уықты басқұр сақтайды, ұлтты дәстүр сақтайды» — дегендей, ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі дініміз бен әдет-ғұрпымызды қадірлеп, құрметтей білуіміз керек.
Осындай асыл құндылықтарымызды дұрыс сақтай алсақ қана елдігімізді сақтай аламыз. Сонда ғана тәуелсіз кең байтақ дархан еліміз бар деп мақтана аламыз. Мәңгілік Ел тек осындай өзіндік қадірімен ғана мәңгілік болмақ деп ойлаймын.

Бағжан Елтай
Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ бөлім маманы