Сыбайлас жемқорлық – ғасыр індеті

0
72

Жаратқан Алла Тағаланың адамзат баласына бұйырған әрбір бұйрығында бұл дүниесі үшін де, ақиреті үшін де үлкен сауап,  әрі жақсылық бар. Әрбір тыйған тыйымдарында күнә, әрі жамандық бар. Сол тыйған тыйымдарының бірі – сыбайлас жемқорлық. Сыбайлас жемқорлық қазіргі таңда кез келген саланың дертіне айналды. Адамгершілік тұрғысынан да, діни тұрғыдан да оны жақтап алу мүмкін емес. Себебі жемқорлық дамыған немесе дамушы мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін індет. Сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу туралы кез-келген мемлекеттік мекемелерде тіпті мешіттерде алқалы жиындар өтіп жатады. Өкінішке орай көбіне парақорлықпен бетпе-бет келетін қолында билігі бар шен-шекпенділер. Елімізде жыл сайын жүздеген, мыңдаған  шенеуніктер сыбайлас жемқорлықпен айналысқаны үшін, қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қамауға алынса да, сыбайлас жемқорлық тыйылар емес. Оны бұқаралық ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желілерден көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр.Тіпті ондай жаңалықтарға етіміз үйреніп кеткендей. Қарапайым халықтың арасында да «Бара бергенше пара бер» деген қате түсінік қалыптасқаны ащы шындық. Өйткені барлық салада сыбайлас жемқорлық дендеп, парасыз ештеңе бітпейтінін бұқара халық әлдеқашан түсінген. Ең сорақысы мектепке еден жуушы жұмысшыны да параменен жұмысқа қабылдап жатады. Ал, біз дамыған өркениетті ел боламыз десек,  сыбайлас жемқорлықпен қоғам болып күресуіміз керек. Ал, дінімізде парақорлық туралы не дейді? Дінімізде парақорлықтың үкімі-харам.Үзілді-кесілді тыйым салынған, үлкен күнәлар қатарына жатады.  Ислам шариғатында кез-келген мәселенің түйінін тарқатар кезде алдымен Құран аяттарымен хадистерге сүйене отырып, үкім алынады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің Мәйдә сүресінің 42 аятында былай дейді: «Олар өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер. (Мұхаммед Ғ.С) егер олар саған келсе, араларына үкім бер немесе олардан жүзіңді бұр. Егер олардан жүз бұрсаң, олар саған ешбір зиянын тигізе алмайды. Ал егер араларына үкім берсең, тура үкім бер. Шәксіз Алла турашыларды сүйеді »,-деген. Алла Тағала бұл жердегі аятта арам жеушілер деп, өзіне тиесілі емес, өзгенің ақысын жеп, өзгенің мал-мүлкін иемденгендерді меңзеуде. Тәпсірлерде Сағид бин Жубайр: «Мұндағы аят жемқорлық туралы айтылған»-деп түсіндірген. Жалпы жемқорлық әділдік болмаған ортада белең алады. Дана бабаларымыз: «Дүние-байлық не керек, денсаулығың болмаса, Төрелігің не керек, халықтың көңілі толмаса», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген нақыл сөздерді ешкімге бұра тартпай, қара қылды  қақ жара әділ сөйлейтін азаматтарға бағышталса керек. Тағы бір аятта Алла Тағала Бақара сүресінің 188 аятында былай дейді: «Араларыңдағы малдарыңды арам жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлігін жеу үшін билерге апармаңдар»-делінген. Бұл жердегі аят астарлы мағынада айтылмаған, жалпы қоғамға түсінікті ашық мағынада баяндалған. Абдулла ибн Омар (р.а): «Пайғамбарымыз (с.а.у) пара берушіні де, пара алушыны да лағнеттеген»,-деген. (Ат-Тирмизи).
Сонымен қатар, пара сұрап, пара алған мен пара бергеннің арасында параны тасымалдап, дәнекерлік жасаған тасымалдаушы да  қарғысқа ұшырағандардың қатарына жатады. Парақордың арам жолмен тапқан табысының өзі арам екендігін Пайғамбарымыздың (с.а.у) мына бір хадисінен аңғаруға болады. Әбу Хумайда әл-Сағидия (р.а) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у) «Лауазымды қызметтегі тұлғаға берілген сыйлық-арам жолмен табылған жалақысы»-деген. Ибн Бурайда (р.а) әкесінен жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у) : «Үш түрлі қазы болады, олардың екеуі тозақта, ал біреуі жұмақта. Өз дегенін орындаймын деп үкім шығарған және білімсіз бола тұра үкім шығарған қазылар-тозақта. Ал, әрдайым шындыққа жүгінген қазы-жұмақта»,-деген. Жоғарыда баяндалған Алла Тағаланың қасиетті аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадистерінде сыбайлас жемқорлыққа тыйым салып тұрғандығына бірден-бір дәлел. Қазіргі таңда елдің арасында таныс-тамырың, көкең-жәкең  болмаса немесе дүниең болмаса лауазымды қызметті армандамай-ақ қой деген қасаң көзқарас бар. Неге? Өйткені ол лауазымдық орындарға пара беру арқылы немесе таныс-тамыр арқылы қол жеткізесің дейді. Ал ондай әрекеттерге бару еліміздің заңнамасы бойынша қылмыс болып табылады. Сыбайлас жемқорлық   ҚР. Қылмыстық кодекстің  366- (пара алу), 367-( пара беру), 368- (парақорлыққа делдал болу) баптарында көзделген. Жазасы мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның жетпіс еселенгеннен сексен еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Пара алу, беру, делдал болу бұл дүниеміз үшін де ақиретіміз үшін де пайдасыз. Пара алуға құныққан адам бұл дүниеде абыройсыз болса, арам жолмен тапқан дүниесінің өтеуі арғы дүниеде ауыр болады. Сөзіміздің соңын әділдікті, туралықты ту еткен Әз.Омар (р.а) дың мына бір оқиғасымен аяқтағым келіп отыр. Бір күні Әз. Омар (р.а) халифа болып тұрған кезінде түнде халқына, еліне байланысты іспен шұғылданып жатады. Сол кезде біреу жеке басының шаруасымен  оның алдына кіріп, шаруасын айта бастайды. Әз.Омар (р.а) шапшаң орнынан тұрып, сол жерде жанып тұрған май шамды сөндіріп, басқа май шам жағады. Бұдан ештеңе түсінбей қалған қонақ  Омардан (р.а): «Екеуі де май шам. Қараптан-қарап біреуін сөндіріп, екіншісін жаққаныңыз не?»-деп сұрайды. Әз.Омар (р.а) оған былай деп жауап береді: «Сөндірген май шам мемлекеттікі. Сенімен жеке шаруа жайында әңгімелесу үшін мемлекеттің малын қолдануға хақым жоқ. Сондықтан оны сөндірдім де, өз ақшама алған май шамды жақтым»-деген екен. Бұл оқиға биені бүгімен, түйені түгімен жұтып, мемлекеттің қазынасына қол салып жатқандарға сабақ болса екен дегім келеді. Судың да сұрауы бар дейді дана қазақ. Арғы дүниеде Жаратқанның алдында әрбір нәрсенің сұрауы болатынын естен шығармайық.

Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»КММ-нің бөлім
басшысы Омарбаев Бектұрсын Ақбердіұлы