Әйелдің отбасындағы орны

0
67

Алла дүниені жарату барысында ең алдымен Адам Атаны, одан кейін оған серік болсын деп Хауа Ананы жаратқан. Хауа Ананың жаратылуын қазіргі кезеңдерде дінді дұрыс түсіне алмаушылар, Адам Атаның қабырғасынан жаратылғандықтан, оның бір бөлшегі деп түсінеді. Әйел еркекке бағынышты деп қабылдайды. Шындығында, бұл адасушылық. Адам Ата мен Хауа Ананы жарату себебі — олардың бір-біріне адал жар болып, ұрпақ жалғастыру жолы. Алла Тағала адамзат баласына: «Сендер көбейіп, ұрпақ таратыңдар. Сонда мен сендердің көптіктеріңді айтып мақтанамын», — деп өсиет айтты. Бұл екеуінің бірінсіз-бірінің күні жоқ, олар жалғызсырамай, қосылып, өмірді жалғастырушылар. Алла барлық жер бетіндегінің бəрін жұп-жұбымен жаратқан, тек Алланың өзі ғана жалғыз. Бұндай құрылым жер бетінде жаратылған тіршілік иелерінің барлығының өмірінің дамуы мен ұрпақ жалғастығын қамтамасыз етеді. Ал адамзаттың өсіп-өнуі, дамуында əйел адам үлкен жауапкершілікке ие.
Ері — отбасының отағасы, ал əйелі — ошақ қорғаушысы болып табылатын əйелі мен ерінің реттелген жеке құқықтары мен міндеттері бар. Алайда бұл əйел рөлі отбасы, үйі, үй іші тірліктерімен шектеледі деген сөз емес. Қалаған жағдайда, мұсылман əйелі оның ары мен намысына Алланың алдында жауапты адам — ері немесе туысының рұқсатымен өзінің жеке ісімен айналысуына, қоғамның қоғамдық жəне саяси өміріне араласуына, адам баласына игі қызмет — медицина, білім беру, киім тігу, аспаздық т.б. саласада қызмет етуіне рұқсат етіледі.
Қазақ жеріне исламның əкелген ұлы жаңалықтарының бірі білім мəселесі еді. Яғни, шариғатқа сай, əйел адамға еркек адамға міндет етілгендей, оқып-білу, пайдалы ғылым іздеу жүктеледі.
Əйел үшін ең қайырлы жұмыс үйде екенін айта отырып, оған сыртта жұмыс істеуге болмайды деп тыйым салмайды. Тек жұмыс ислам қағидаларына сай, отбасы бірлігі мен берекесіне əсер етпейтін болуы керек.
Мұсылман əйелдер толық қамтамасыз етілген өмір сүруге құқылы, жəне күйеулеріне оларды ақша табуға мəжбүрлеуіне тыйым салады. Алайда ешкім əйелдерге, қалап тұрса, жұмыс істемеуіне тыйым сала алмайды. Əрине, бұл жұмыс əйел адамға лайық болуы керек.
Əйелі күйеуінен бай болса да, күйеуі оның қажеттілігін қамтамасыз етуге міндетті. Жəне əйелінің көмегіне сүйеніп, одан көмек күтпеуі керек.
Əйел адам көбіне үй шаруасы жұмысын атқарса да, ислам бұған мəжбүрлемейді. Күйеуі əйеліне үй жұмысына көмектесіп, өз киімін бүтіндеп, үйдің барлық жұмыстарында қол ұшын беріп отыруға міндетті. Əйелі мен ері үйде біріге отырып, барлық мəселені шешіп, жылулық орнатып, ортақ келісіммен бала тəрбиелеп, бірін-бірі қолдап отырулары абзал.
Отбасының құрылуындағы негізгі орын əйелдердікі. Ол дүниеге бала əкеліп, тəрбие беріп, ол үшін Аллаһтың алдында жауапқа алынады. Ал еркектің бұл жердегі негізгі жəне басты функциясы — отбасының материалды жағдайы.
Өмірдің бастауы, негізі — ана дейтін болсақ, олардың салт-санада, əдет-ғұрып, дініміз бен тілімізде, жалпы айтқанда, мəдениетімізде алатын орны басқа еш адаммен салыстыруға келмейтін өте жоғары тұр. Жəне ол өте ұлы, қасиетті өмірлік бастау.
«Анадан өнеге көрмеген қыз жаман,
Атадан тағылым көрмеген ұл жаман» (Қорқыт ата) –демекші әкенің тағылымын алып, ананың өнегесін алған ұл-қызды тәрбиелеуден шаршамайық!

Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің маманы Байманова Тыныштық Сейлбекқызы