Терроризмнің діні жоқ

0
76

Терроризм сөзінің төркіні латын тіліндегі terror «Террор»,«терроризм» «қорқыту, үрейлендіру, шошыту, қаймықтыру» деген мағыналарды білдіреді. Анықтамаларда террор – халықты үрейлендіру, шошыту, қоғам мен тұлғалардың  санасына соққы беру кереғар іс-әрекеттер арқылы адамдардың зәресін алу. «Терроризм» саяси-идеологиялық мақсаттарға жету үшін билікті, режимді құлату үшін ұйымдасқан, жүйелі және жалғасты террорлық іс-әрекеттерді қолдану.
Елбасы Н.Назарбаев өз сөзінде «Терроризм-әлемге, адамзатқа төнген қауіп! Адамзат осы қауіппен бірлесіп күресу тиіс. Ислам дінінің терроризммен ешбір байланысы жоқ» деген.
Терроризмнің бір дін немесе бір ұлтпен шектелмейтіні ақиқат. Қазіргі кезде, ислам экстремизмі мен терроризмі деген ұғымдардың кеңінен тарап отырғаны баршаға мәлім. Исламның өз болмысында ешқандай агрессияшылдық жоқ. Алайда терроризмнің көрініс табуына діни-саяси радикализмнің түрткі болуы ықтимал. Оның үстіне экстремизм  мен терроризмнің таралуына террористік топ ұйымдарының көбеюі мен үгіт-насихатталуы да әсерін тигізіп отыр.
Бүгінгі таңда халықаралық терроризм және діни экстремизм дінге залалын тигізуде. Дін атын жамылған сыртқы күштердің қолшоқпарына айналған террористер көп жағдайда діннің қайнар көздеріндегі негізгі қағидаларынан хабары жоқ, радикалды уағызшыларға көзсіз ерген адамдар болып келеді. Зорлық-зомбылықтың барлық түрі дәстүрлі діндердің ортақ тағылымына қайшы келеді. Дін негіздері бойынша Алла Тағала адамдарға өзі белгілеген шеңберден шықпауды бұйырады және әлемде зұлымдық жасауға, әділетсіздікке, зорлыққа, өлтіруге, қан төгулерді үлкен кәна санап тыйым салады.
Ислам дінінде «фундаментализм», «экстремизм», «терроризм», «радикализм» деген ұғым да, түсінік те жоқ. Бұлар ислам дінінің қағидаттарымен сәйкес келмейді. Құран Кәрімнің Мәида суресінің 3 аятында  «Міне бүгін діндеріңді кемеліне жеткіздім, сендерге деген нығметімді тамамдадым және исламды дін деп разы болдым….» деген. «Ислам» дегеннің өзі «бейбітшілік, тыныштық, амандық.» дегенді білдіреді. Исламның басты мақсаты – әлемдегі адамзат арасында бейбітшіліктің болуына негізделген. Терроризмнің түп-тамыры белгілі бір дінде жатыр дейтін мәлімдемелер дұрыс емес. Өйткені, терроризм – дін де, идеология да емес, белгілі бір идеологияны пайдаланатын құрал болып табылады.
Ислам – әлемдік дін. Екі миллиардқа жуық халық мұсылман дінін ұстанады. Экстремистер әр дінде болып жататын жағдай. Ол екеуін біз ажыратып айтуымыз керек.  Еш уақытта ислам діні соғыспен, қолына қару-жарақ алып біреуді өлтіріп, заңсыздыққа барып, басшылыққа қарсы жүру деген мәселелер болмайды. Шынайы мұсылман дәстүрлі діннің тағылымы мен салт-дәстүр жолымен жүретін болса, ол елде ынтымақ пен бірлік болады.
Терроризм – тамыры тереңге жайған қауіп-қатер. Азаматтардың санасында «терроризммен күрес құқық қорғау органдарының ғана міндеті» деген түсінік дұрыс болмайды. Халық болып, қоғам болып күресетін дерт.
Ол үшін қоғамда әр салада білімді ғалымдардың шығуына жағдай жасауымыз керек. Қоғам арасында бір-бірімізге деген мейірімділікті жоғалтпауымыз керек. Егерде де, осы білім мен мейірімділік деген құндылығымыз қоғамнан алыстататын болса, Құдай сақтасын бүліктің есігі ашылары анық. Сондықтан бұл «экстремизм, терроризм» дертімен сауатты халық болып күрескеніміз абзал. Білетін адам-ел басқарады демекші білімді, сауатты қоғам әлемді басқарады.

Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»КММ-нің бөлім
басшысы Айтаев Икрам Сатыбалдыұлы