Ұлы тұлға имам Абу Ханифа

0
72

Имам Ағзам һижраның 80-150 (699-767) жылы. Ирактың Куфа қаласында дүниеге келген. Толық аты-жөні  Нұғман ибн Сәбит. Кейбір көзқарастарда  ұлтын парсы, түркі деп көрсеткен. Өз ғасырының ірі ғалымы болғандықтан оны – «имам Ағзам», (үлкен имам) деп атаған. Имам Ағзамның көзқарастары басқа ғалымдарға қарағанда кеңпейілділік, жеңілдік дінінің рухына сай келгендіктен, «Әбу Ханифа» деп аталған. Арабша «әбу» тек қана әке мағынасында емес, сонымен қатар, бір нәрсеге өкілдік, иелік мағынасын береді. Әбу Ханифаның ғылыми танымының қалыптасуына туған жері Куфа өз әсерін тигізді. Куфа көне мәдениеттердің бесігі болумен қатар, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Сахабалары   қоныс аударып, сол сахабалардың ілім кәусарынан сусындаған табиғиндардың өмір сүріп, ілім шырағын шартарапқа таратқан айтулы өңір болатын. Болашақ  үмбетінің шамшырағы Әбу Ханифа бала күнінен Құранды жаттап өсті. Құран ілімін атақты жеті қырағат ғалымы Имам Асымнан үйренеді. Құранға деген ыстық ықыласы сонша, рамазан айында Құранды 60 рет хатым еткендігі риуаят етілген. Жас кезінде саудамен айналыса жүріп, хадис және фиқһ ғалымдарынан сабақ алады. Араб тілі әдебиеті мен грамматикасын терең меңгереді. Әбу Ханифаның жас кезінде негізгі қызыққан ілімі – діннің иман (сенім) негіздерін зерттейтін «кәлам» саласы еді. Куфа – Ирактың ең үлкен шаһарының бірі. Ол жерде көптеген діни ағымдар болған. Аса зерек имам Ағзам сол ағым өкілдерімен пікір таласып, ой жарыстырған. Хазіреті имам Ағзам сахабалардың он алтысын көрген, оның сегізінен хадистерді риуаят еткен. Имам Ағзамның жалпы 40 мыңға жуық шәкірті болған солардың ішінде бес мыңы (мужтаһид) ғалым шәкірттер болған деген деректер келтіріледі. Ал өзінің дәріс алған ұстаздарына келер болсақ олардың саны 4 мыңға жуық болған. Ең үлкен ұстазы табиғиндерден болған Куфалық Амир ибн Шарахил. Ол кісі Пайғамбарымыздың 500 сахабасын көрген.
Әбу Ханифа өзінің пәтуә шығару тәсілін «Ең бірінші Құраннан үкім көрсем соны аламын. Құраннан таппасам, Пайғамбардың хадистері мен сүннеттеріне қараймын. Пайғамбардың хадистері мен сүннеттерінен таппасам, бірлесе отырып ортақ келісіммен шығарылған сахабалардың үкімдерін аламын. Олардың арасында тартыс болған болса немесе біреулері келісімге келсе, олардың арасынан жөн көргенімді қабылдап, жөн көрмегендерімді теріске шығарамын» деп түсіндірген. Әбу Ханифа өз уақытының көпшілігін пікірталаспен өткізетін болған. Ол қисын (логика) және философия ілімін жақсы білгендіктен, харижиттердің ибадия, суфрия секілді ағымдарының өкілдерімен әдейі кездесіп, оларды адасу жолында жүргендіктерін мойындататын. Әбу Ханифа өзіне қойылатын сансыз сауалдарға шариғат талаптарына сәйкес жауап беру үшін, ижтихад (тұжырым) жасайтын болған. Оның фиқһ тармақтарына қатысты жасаған ижтихадтарының көптігі сонша, кейбіреулер оның санының миллионнан асып кететінін айтады. Әбу Ханифа шәкірттеріне сабақ жүргізу тәсілі ерекше болған. Бір жағынан, бұрынғы өтіп кеткен жағдайларға байланысты  үкімдерді талқылап түсіндіріп жатса, екінші жағынан, болып жатқан оқиғаларға қандай үкімдер шығарылуы керектігі жөнінде айтылатын. Осы екі мәселеге (өтіп кеткен және болып жатқан жағдайларға) байланысты үкімдерді талдау барысында болашақта болуы мүмкін мәселелердің де шешімін табуға тырысатын. Осылайша, Әбу Ханифа шәкірттердің ойлау қабілеттерін арттыра отырып, фиқһтың негізгі қағидаларын өмірдегі нақты мәселелерді шешумен түсіндіретін. Әбу Ханифаның білім мәжілістерінде кез келген мәселенің шешіміне қатысты пікірлер талқыланғанда, шәкірттер әуелі түрлі пікірлер айтып, оларға тиісті жауаптар берілетін. Шәкірттер Әбу Ханифаның да жауабын тыңдайтын. Көбінесе Әбу Ханифаның көзқарасы көпшіліктің көзқарасына сәйкес келетін. Ол діни мәселелерде ешқашан шәкірттерінің пікірлеріне құлақ аспай, өз білгенімен үкім шығарған емес. Бұл оның дінде ижтихад жасау және Алла Елшісіне және мүміндерге ерекше шынайылық таныту жолын ұстанғандығын білдіреді. Ол діндегі көптеген түйінді мәселелерді ортаға салып, шәкірттерінің пікірін тыңдап, өзінің көзқарасын айтып, бір ай көлемінде немесе одан да көп уақыт бойы бір тұжырымға келгенше олармен ой бөлісетін еді. Соңында шәкірті Әбу Юсуф түйіні шешілген мәселені әдіснамаға енгізіп қоятын. Осылайша, ол әдіснаманы толық хатқа түсіреді. Әрине, бұл мәзһаб (жол, ұстаным) негізін бір ғана адам қалаған, соның ғана көзқарасына құрылған мәзһабқа қарағанда ақиқатқа ең жақын және көңілге қонымдысы» деген. Қазақ халқы он екі ғасырдан бері мұсылман. Қазақ халқының рухани өмірінде ханафи мәзһабының орны ерекше. Қазіргі таңда Қазақстан республикасы аумағында тіркелген Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының ұстанымы Ханафи мәзһабы мен Мәтуриди сенім мектебі.

Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің маманы Тойшиев Нұртаза