Псевдосалафилердің сандырақтары

0
49

Қазақстан егеменді ел болғалы қазақтың діни ұстанымына, салт-дәстүріне, мәдениетіне жат болған діни ағымдар көбейгені жасырын емес. Жат ағымдардың көбеюінің өзіндік себептері бар. Егемендіктің алғашқы жылдары діни мамандардың аз болуы, заңдарымыздың әлсіздігі сияқты көптеген факторлар мысал бола алады. Кейіннен діни білімді мамандардың көбеюінің және діни заңдарға өзгерістер енгізілуінің нәтижесінде елімізде діни тұрақтылық орын алып келеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда 24 діни ұйымдарға тыйым салынған. Дегенмен діни проблемалар толық шешілді деген сөз емес әрине. Жоғарыда айтылған тыйым салынған ұйымдардың басым көпшілігі исламға қатысты ұйымдар болып есептеледі.
Жат ағымдар негізінен екі топқа бөлінеді.  Саяси және  идеологиялық болып бөлінеді. Саяси ағым қорқынышты болғанымен, идеологиялық ағым қауіптірек болып есептеледі. Өйткені саяси ағымдарға заңды түрде тыйым салуға болады. Бірақ, идеологиялық ағымдарға тыйым салу өте қиын процесс болып есептеледі. Себебі идеологиялық ағымдардың нақты бір орталығы болмайды. Сондай-ақ, идеологиялық ағымдар түбінде саясилануы сөзсіз. Сол себепті бұл ағымдардың қоғамға, мемлекетке тигізер зардабы көп. Ендеше осы ағымның ең негізгі кемшіліктерін тізбектеп көрсетсек.
— Жат ағымдардың ең бірінші қателігі классикалық исламның ұстанымдарына қарсы шығады. Өздерін ғана дұрыс бағыттамыз деп, өзге мұсылманның барлығын адасқан деп есептейді. Исламның атын жамылған кез-келген топтың алғашқы ұстанымы осылай болып келеді. Пайғамбар «Менің үмметім адасушылықтың үстіне жиналмайды» деген. Пайғамбар бұл сөзімен көпшілік мұсылмандар қай бағытты ұстанады солармен бірге болу керек екендігін меңзеп тұр.  Статистикаға қарайтын болсақ, жат ағымның жетегіндегі адамдар жалпы мұсылмандардың өте аз  пайызды мөлшерін көрсетеді. Сондай-ақ, көпшілікпен бірге болу керек деген сөз, басым көпшілік ислам ғұламаларының ұстанымында болу керектігін білдіреді.
— Сан ғасырлардан бері исламды ұстанып келе жатқан халықтардың    тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жоққа шығарады. Қазақстандағы псевдосалафилік ұстанымындағы азаматтардың әрекеттерін мысал ретінде көруімізге болады. Бірақ, пайғамбар ислам дінін алып келгенде арабтың киім үлгілерін әдет ғұрыптарын жоққа шығармаған. Тек қана, исламның негіздеріне қайшы келмесе болды. Өйткені Алла Тағала құранда «Біз адамдарды ұлт-ұлыстарға бөліп жараттық. Бір-бірін танып білсін деп» — деген. Псевдосалафилік ағымы бұл түсінікті жоққа шығарады. Себебі қазақ болғанына  намыстанып Алланың жаратылысына қарсы келеді.
— Өздерін «салафимін» деп атаушылар негізінде уахабилер. Уахабилік деген атау халықтың арасында негативті көзқарас қалыптасқан соң өздеріне салаф деген жақсы атау қойып алған. Шын мәнісінде салаф деген атауды тек қана пайғамбардан кейінгі 3 ғасыр өмір сүрген мұсылмандарға ғана айтылады. Псевдосалафилердің айтатыны біз нағыз салаф емеспіз. Бірақ, салафтардың ұстанымындамыз, солардың жолындамыз деп жала жабады. Өзінің бұрыс бағытын салаф ғалымдарына жабады. Өйткені салаф ғалымдары елдің арасына іріткі салмаған, бүлік жасамаған. 
— Діни рәсімдерді толық орындамаған адамды кәпір деп есептейді. Яғни өзін мұсылман санап намаз оқымаған адамды кәпірге шығарады. Онымен қоймай кәпірдің малы адал деп оның мал-дүниесін зорлықпен тартып алуға болады деп біледі. Бұл да исламның атына күйе жағу болып есептеледі. Исламның ешбір ғылымында кәпірдің малы адал оны тартып алуыңа болады деген үкім жоқ. Сенімге қатысты ғылымда кәлима айтқан адам мұсылман болып есептеледі. Намаз оқымаған адамды кәпір деп исламның бетке ұстар ғұламалары айтқан емес.
Жоғарыда айтылған дүниелер исламның атын жамылған псевдосалафилердің негізгі кемшіліктері. Бұл ағымның басқада қателіктері де жетерлік. Дегенмен ең негізгілерін көрсетуге тырыстық. Жоғарыда көрсеткен псевдосалафилік ағымы сияқты ағымдар ислам тарихында аз болған емес. Бірақ, барлығыда тарихта бүлікшілер деп жаман атты ғана болып қалған. Алдағы уақыттарда біз жат ағымдармен өркениетті түрде ғылыми негіздерге сүйене отырып күресуіміз керек деп есептеймін.

Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің маманы Айдос Уралбаев