Әйел қырық шырақты

0
112

Кез-келген қоғамның бет алысы әйел затының тәрбиесі мен әдебіне байланысты. Өйткені, ұлт болашағының  тағдыры әйелдің қолында. Қоғамда бала тәрбиесімен бірге қоғамның дұрыс бой түзеуімен тікелей  айналысатын да әйел екендігі мәлім. Әйел – жаны нәзік, сезімтал, әрі іштей күшті, айналасын  ақылымен гүлдендіріп отыратын күшке ие жаратылыс. Қай дәуір, қай кезеңді алып қарасақ-та, әйел-ананы жырлаудан поэзия өкілдері талған емес. Осы тұста М.Әуезовтың «Адамды хайуандықтан адамшылыққа кіргізген-әйел. Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тариқаты әйел хәліне жалғасады. Сол себепті, әйелдің басындағы сасық тұман айықпай халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ мешел болып қаламын демесең, тағлымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйелдің хәлін түзе!» деген сөзі ойға оралады. Қатпарлы терең тарихымызға көз салар болсақ, сонау түркілік уақыттың өзінде даналағымен, өжеттігімен, қайтпас-қайсар мінезімен елі-жері үшін ер азаматтармен тең дәрежеде елін қорғаған, қоғам тыныштығына атсалысқан әйелдер есімі бүгінде ұрпақ есінде.
Қазақ қоғамында қыз баланың,  әйелдердің орны қашанда ерекше. Қыз баласын жат жұрттық санаған қазақ  қызды төрге шығарып, аялап, барын алдына қойған. Әжесі, анасы, жеңгелері бірлесіп тәрбие берген. Бұл дәстүр асыл дініміз исламның өнегесі, ғұрып болып қалыптасқан әдебі. Осы тұста айта кеткен жөн болар, бейбітшілік пен тыныштықтың діні болған ислам келгенде дейін кейбір қауымдарда қыз баланың дүниеге келуі  ұятты іс саналып, әйел затының қоғамда өзіндік орны болмаған. Десе де, дін ислам әр қоғамға әрқалай сіңісті. Әйел затының мәртебесінің қаншалықты жоғары екендігін ислам дінінің ардақты пайғамбары өз сөзінде: «Кімнің үйінде қыз бала бар болса, ол үйге күн сайын көктен он екі береке түседі. Ол үйге періштелер тынбай келіп тұрады. Әрбір күн сайын олар (сол қыздың) ата-анасына бір жылдық құлшылықпен тең сауап жазып отырады» деген. Сондай-ақ, «Жәннат ананың табанының астында», «Сендердің ең жақсыларың, әйелдеріңе жақсы қарым-қатынаста болғандарың» деп әйел адамның отбасындағы, қоғамдағы орнының қаншалықты маңызды екендігін жеткізген. Ислам тарихына үйілер болсақ ислам дінінің ардақты пайғамбарынан  кейін алғаш ислам дінін қабылдаған, дін жолында бар мал-мүлкін сарп ете білген әйел Хадиша анамыз болатын. Сонымен қатар, исламда ең алғаш Алла жолында құрбан (шаһид) болған да әйел кісі Сумәйә болғандығын, сондай-ақ, көптеген хадистерді біздерге жеткізген әйел адамдардан Айша анамыздың болғандығы ислам тарихынан мәлім. Қорытындылай келе, әйел ол-аяулы ана, сүйікті жар, сүйкімді қыз, жанашыр  әпке болумен қатар, ұрпақтың таралуына септігін тигізетін қоғамдағы орны ерекше жандар. Әйел затын Алла Тағала өте нәзік (ер адамдарға қарағанда 99 есе нәзік) әрі әлсіз етіп жаратып, оған табиғи реңмен көркемдеді. Шырғалаң тағдыр жолында кездесетін түрлі сынақтар мен ауыртпашылықтарға төзе білетіндей сабырлы етіп жаратты. Және дүниеге адам әкелуді, әр ауыртпалықты жеңсін деп Алла Тағала оған мықты қажыр берді. Қазақ халқында: «Әйел–қырық шырақты», «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді», деген ұлағатты сөздер бар. Ол сан түрлі сынға сабырмен шыдап, төзіммен төзе біледі. Тоғыз ай он күн көтеріп бала тәрбиесімен айналысатын қасиетті аналардың қадірін ұмытпайық.

Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ маманы
Гүлбану Қуандық