Деструктивті түсінік дәстүрлі дініміздің ортақ тағлымына қайшы

0
84

Қазақ даласында ханафи мәзһабы салт-дәстүрлерімізбен сабақтасып кең етек жайған. Қазақ осы мәзһабты ұстана отырып өзінің әдет-ғұрпын да сақтап қалған, намазын оқи отырып қымызын да ішкен, оразасын ұстап, бәйгеде ат шаптырған, бір Аллаға дұға ете отырып баласының тұсауын да кескен, Аллаға сәжде ете отырып келініне құрмет ретінде сәлем де салдырған, азанын шақыра отырып домбырасын да тартқан. Осының бәрі ұлттық келбетімізді сақтап, дінімізді қорғау болып саналған. Біз шариғат пен дәстүрді сабақтастыра білген халықпыз. Солардың арқасында бізде ешқашан да діни алауыздықтар, келіспеушіліктер болмаған.
Дегенмен тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Елімізге түрлі миссионерлер ағыны, әр түрлі ислам ағымдары мен жамағат эмиссарлары, тіпті қарапайым алаяқтарға дейін ағылды. Шетелдердегі ислам орталықтарына оқуға кеткен жастардың дені діннің негізі түгіл, өз отанының тарихын біле бермейтін еді. Мысырға, Сауд Арабиясына, Пәкістанға, Иранға оқуға кеткендердің көбісі танымал діни білім ордаларының есігін де көрген жоқ. Көпшілігі жекелеген жамағаттардың қарасын көбейтті. Психикасы толық қалыптаспаған, білімі толыспаған жастар, «кімнің кім екенін» объективті түрде айқындамай жатып, «рухани ұстаздары» ұстанған түрлі жамағаттардың жақтастары болып шыға келді. 
Олар тек қана өздерінің тәпсірлеуіндегі исламның дұрыс екендігіне сенімді болды және тек қана өздерін ғана ақиқаттың шырағын жағушылар деп санады. Ол адамдардың санасына, діни көзқарастармен қатар, сол жердің мәдениеті пен дәстүрі сіңірілді, соның ішінде, киім кию үлгісі де бар. Сол себептен де шығар, соңғы кездері Қазақстанда хиджаб мәселесі бойынша пікірталастар өршіп тұр. Сол миссионерлер мен кешегі медресе шәкірттерінің ішінде уаххабизмді ұстанушылар аз болған жоқ. Қазақстанға қайтып келгеннен кейін олар исламды осы көзқарас тұрғысынан уағыздады. Дегенмен, бір нәрсені естен шығармауымыз керек, уаххабизм – бұл идеология мен рухани догма ғана емес, нақты тәжірибе: тәуелді жақтастар топтастыру, мемлекетке қарсы шығу, өте қатыгез  әрі сипаты жағынан дөрекі әрекеттерге бару. 
Уаххабилердің қиын жағдайдан шығу мен қарсылықтар жасау жөнінен аса мол тәжірибелері бар. Олар өз идеяларын насихаттау үшін әдейі алыс жатқан мешіттерді, шалғайдағы қаңыраған ауылдарды, әлеуметтік және экономикалық жағынан нашар аудандарды таңдады. Олар «ресми исламның» теологиялық дайындығының әлсіздігін, мемлекеттік органдардың қаперсіздіктерін, қоғамның әлеуметтік және басқа да сырқауларын шебер пайдаланып, үнемі өз желілерін кеңейтіп отырды. Өйткені олардың вертикаль түрде ұйымдасқан құрылымы бар деуге қазірше келмейді. Уаххабизмнің эмиссарлары шетелден көмек алып қана қойған жоқ, сонымен қатар, өздерін ел ішінде қаржыландырудың желісін қалыптастыра алды. Олар діни әдебиеттерді аударды, таратты, веб-сайттар ашты.
Мемлекет пен дін саясатының өзара алшақтығы, яғни мемлекеттік дін саласына қатысты ұстанған зайырлы саясаты қоғамның азаматтық тұрғыда дамуына айтарлықтай пайда келтіргенімен, бұл өз кезегінде белгілі бір деңгейіде кедергілерге де ұшырамай қоймады. Соның ішінде тәуелсіздік жылдары Ислам атын жамылып елімізге кірген бірқатар ағымдарды атай аламыз. Алайда соңғы жылдары дін саласының мемлекеттің ерекше назарына алынуымен осы саладағы заңнама да ретке келтіріліп, мемлекеттік бақылауды пайдалана отырып өзіміздің төл дәстүрлі Исламымыздың мерейі өсе түсті. Бұл тұрғыда Уаххабизм сынды керітартпа ағымдар қызметінің шектелуі өз жемісін бергені анық.

Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің бөлім
басшысы Заманханов Бауыржан