Балалық шақты ұрлаған сәләфизм

0
44

Сәләфизмнің радикалданып, жасөспірімдерімізге түрлі ой салған кездерінің де белең алған жылдары болды. Атап айтқанда, Солтүстік Кавказдағы қарулы қақтығыстарға елімізден мектеп оқушылары да аттанған. Сол уақыттарда балалық шағы радикалды бағытқа ұласып, бүгінде өмірден өз жолын тапқан «Бақыт» (есімі өзгертілген) есімді кейіпкерімізбен сұхбат жүргізген едік. 
-Сәлеметсіз бе, Бақыт! Өміріңіздегі келеңсіз жайттар қай жылдары орын алған еді?
–Сәлеметсіз! 2009 немесе 2010 жылдары басталған еді. Сол жылдары көптеген мен сияқты жасөспірімдер, ислам дініне қызығушылық таныта бастады. Мен орыс мектебінде оқып, қазақ тіліне шорқақтау болдым. Осыдан кейін діни білім алу үшін ақпараттарды орыс тілінде іздедім. Сол кезде орыс тілінде уағыз айтатын дұрыс бағыттағы лекторлар қазіргідей көп болмады. Мен сол кезде Саид Буряттың уағыздарын ғаламтордан тыңдай бастадым. Бастапқыда бәрі жақсы болды. Жұмақ пен тозақ туралы уағыздар айтты. Алайда, уақыт өте келе жихад тақырыбындағы теріс уағыздары айтылды. Ол кездері Солтүстік Кавказдағы жағдайлар ушығып тұрған. Көбісі сол жаққа баруды жиһад деп түсінді. Шешенстан, Дағыстан және т.б. орын алған қарулы қақтығыс аймақтарына кетіп қалды. Саид Буряттың айтқан уағыздарын тыңдағаннан кейін, кез келген қорқақ адам болса да, қолына қару алып соғысқысы келетін. Оның уағыздарын тыңдап отырған жанның, соғыс ойынын ойнауға құмары артып кетеді. Бұл әрине, ойыншық емес! Бұл соғыс! Расымен де соғыс болатын… 
-Сізге сол жақтағы қарулы қақтығыстарға кетуге ой туындады ма?   
–Шынында менің де сондай қарулы қақтығыстарға қатысып, өзгелер секілді кетуге ойым туындаған болатын. Баратын жолды және қаражатты өзім іздей бастадым. Жасым 16 немесе 17ге енді ғана толған. Ол жаққа барғысы келгендердің көбі жасөспірімдер. Екі жылдай сондай ойда жүрдім. Жатсам да, тұрсам да ойлайтыным тек осы. Ол жаққа қалай кетуге болады деп? Сол уақыттарда қатты өзгере бастадым. Намаз оқымайтындардан өзімді алшақтатып, өзімнің ата-анамды иман келтірмеушілердің қатарына қостым. Анығында солай ойлап олардың берген тамағын жарамсыз, яғни харам деген ойлар санама келді. Әрине, бұл қате пікір! Білімі жоқ адам осындай ойларға, ойланбастан ұрынады екен. 
-Мұндай лаңкестік және террорлық ұйымдардың қатарында еліміздің батыс облыстарындағы азаматтарымз көп пе еді?
-Иә! Негізінен ондай соғыстарға кеткен азаматтардың көбісі Ақтөбе, Атырау, және Маңғыстау облыстарынан еді. Бір отбасының үш-төрт балалары да кетіп қалғандары болған. Уақыт өтіп жатқаннан кейін, бірте-бірте ойлана бастайды екенсің. Және әрбір жағдайларға тоқталасын. Қалайша менің анам мен әкем кәпір болады, егер мені таң намазына оятып жүрсе деп? Сол кездері Қазақстандағы алғашқы лаңкестік оқиға 2009 жылы орын алды. Ақтөбеде өзін-өзі жарып жіберген 1989 жылғы азамат Рахымжан Махатов болды.
-ҰҚКД ғимаратында өзін жарып жіберген жанкешті ме?
-Иә! ҰҚК ғимаратында өзін жарған. Кейбіреулер біреудің ықпалымен жасаған дейді. Енді біреулері Рахымжанның өзі ғана жасады деседі. Сол кездегілер Алла әмірімен жасады депте айтып жүрді. 
-Сіз Рахымжан Махатовты жақсы таныдыңыз ба?
-Өзімнің жеке басым оны жақсы танымадым. Сол жарылыс орын алған кездері, ол туралы көп айтылып жүрді. Рахымжандыкы дұрыс немесе дұрыс емес деп. Менде қайтадан ой туындай бастаған еді. Кіммен соғысу керек? Кімге қарсы соғысу керек деген. Әйтеуір, көрінбейтін жау. Солтүстік Кавказға шақырғанда, онда Ресейге қарсы соғысу керек деп атайтын. РФ президенті Владимир Путинды да атап көрсетеді. Уақыт өте келе бәрін бұның киелі соғыс еместігін түсіндім. Бұл дін үшін соғыс емес екен. Жай ғана ол жақтағылар өздерінің тәуелсіздігін қалайды. 1990 жылдары Қазақстан, Қырғызстан және т.б.  елдер сияқты, олар өз тәуелсіздігін ала алмады. Олар РФ бөліне алмаған соң, осылайша соғыс жүргізіп көрді. Ал, Ресей болса өзінің қазіргі тұтастығын сақтап қалғысы келеді.
-Бұл сонда сіздің ойыңызша саяси соғыс болды ғой?
–Әрине, саяси соғыс болды! Бұл біреудің жай ғана идеологиясы. Ол жаққа кеткендер алданып қалды. Уақыт өте келе Дачку Омаровтың да кім екендігін біле бастадық. Сөйтсек, олар бұрын сотталғандар екен. Маған сәләфизм ағымындағы бір танысым жолыққан еді, бірақ ол мұның бәріне ол қарсы болды.
-Ол танысыңыз сәләфизм ағымындағы, бүгінде ішінен бөліп қарап жүрген  «байсалды» болған ортадан ба?
-Иә! Менің осы айтқандарымның бәрін, өзіме қайтадан қарсы түсіндіре бастады. Осыдан кейін барып, мен барлығынан алыстай бастадым. 
-Қандай уағыздарды тыңдап немесе ғаламтор сайттарын сол кездері пайдаландыңыздар?
-Сайттарға қатысты менің хабарым болмады. Сол уақыттарда орыс тілінде әлеуметтік желілерден білім алдық. Көптеген уағыздар да болды. Уағызшылардан Саид Бурятский ең танымалы болды. Және Назаратулла Абу Марьям. 
-Олардың басқалардан айырмашылықтары қандай еді?
— Мысалға олар ешқашан мемлекеттің басшылығына қарсы шықпайды. Керісінше, басшылыққа қарсы шықпау керек деп әдейі насихат жүргізеді. Намаз оқымайтындарды кәпір деп айыптамайды. Олар кәлима айтқандарды мұсылман санатына жатқызады. Бірақ, күнәһар мұсылмандар ретінде көреді. Олар шариғат талаптарын орындамайды деп. Олар ата-ананы тастап кетуге қарсы. Туыстық қарым-қатынастың үзілгеніне де қарсылық білдіреді. Әрине! Кейбір адамдар өз беттерінше ойлана алады. Қаттырақ айтқанда, кейбір адамдардың ақымақтары да болады. Бұл адамның өзіне байланысты және оның қабылдауында. Менің ол жамағаттан көп кездестіргенім, өз отбасыларына қарайласатындары да болды. 
-Надир Абу Халидты достарыңыздан тыңдаушылар болды ма?
–Болмады. Тек Надирды уақытша тыңдағандары болды. Бірақ, ол басында жақсы уағыздар айтып жүрді. Аяқ астынан «ДАИШ» (ИМ) лаңкестік ұйымына қосылып кетті. Оның террорлық ұйымға кетіп қалғандығы, бәріміз үшін күтпеген жағдай еді.  Әлбетте, расымен де оны тыңдаушылар бар! Ең таңқалатын тұсы ол басында байсалды болып көрінген. Оларда өздерін «сәләфилерміз» дегенмен, бірақ бір-біріне қарсы топтар. Бұлардың қауіптілері тәкбіршілері. Араларында әлі танылмай жүрген уағызшысы болуы мүмкін. Мысалы Абу Мусаб дегені. Бірнеше рет осыны да тыңдағам! Ол барлық мұсылмандарды айыптайтын уағыздарды айтатын. Мысалға: «Мурджиттердің идеологиясы», «Ихуандардың идеологиясы» т.б. Бұдан кейін оларды байсалды деп айта алмайсыз. 
-Бірақ, Дарын Мубаровты тыңдаушылармен, Дильмурадты тыңдаушылардың айырмашылықтары барма?
— Дильмурадтың ұстанымы Саудиядағы Ради аль-Мадхал деген ғалымның көзқарасына сәйкес келеді. Олардың көзқарастарын Дарындыкымен салыстырғанда басқаша сияқты. Дарынның бір уағызынан естіген едім: «кім намаз оқымайды сол күпірлікте, яғни иманда емес» дейді. Бірақ, тәкбірді жеке айтып шығармайды. Яғни оны ислам ғұламалары шешуі керек дегенге келеді. Осыдан кейінгі ойлайтыным, жамағаттардың арасында бөлінушіліктер туындайды. Жеке өз басым исламда пәтуа бергенде, жеке біреудің ойы болмауы керек деп есептеймін. Мен бір жерде жұмыс істегенмін. Жұмыста бір жігіт Дарынды тыңдаған еді. Және Дарыннан бөлек Ибрахим мен Дидарды. Басқалары Назаратулланы тыңдады. Бұлардың бәрі басында ұйымшыл болып, бір-бірлерімен жақсы қарым-қатынаста жүрді. Уақыт өте келе бір-бірімен төбелесетіндей халге жетті. Әрқайсысы бір-біріне бір нәрсені дәлел қылып көрсетіп жатады. Ақыры,  іс насырға шауып намазда бір-біріне ұйымайтын болды. Міне, осындай уақыттарда сәләфилерден көңілім қалды. Мені қатты ойландыра бастады. Бәрі де сәләфиттер бірақ, неліктен бір-біріне ит секілді үреді? Неге ҚМДБ имамдары ондай емес? Сонда көптеген сұрақтар туындады. Олар ақида да бір бағытта, ал сәләфилердің сенім түсінігі де әртүрлі. Тура солай фиқта да бір болғанымен, іштерінен бөлінушіліктері өте көп. 
-Сонда олардың мақсат идеологиялары да әртүрлі болғаны ма? 
-Иә! Олардың идеологиялары да бөлініп кеткен. Міне, осы кезде қатты ойлана бастадым. Неге барлығы осындай екен деп? Бұдан бірнеше жыл бұрын Октам Заурбеков пен Ерсін Әміренің пікірталасы болған. Негізінде Октам Заурбеков жеңілді. Маған сол кезде көптеген таныстарым мұны тыңдама дейді. «Жүрекке шубха салады» т.б. сылтауларды айтып.
-Дильмурад Абу Мухаммед те бұл диспутты тыңдамауға шақырған сияқты еді?
–Дильмурад та тыңдамау керек деген. Мен осы сәтте қатты ойландым. Егер, сен тура жолда болсаң, сенің ақиданда неге күмән болуы керек деп? Неліктен қорқасың? Мен сәләфилерден әдейі сұраған кездерім болды. Мынандай уағызды тыңдасам болады ма деп?  Саған тыңдама демеймін, бірақ тыңда деп кеңес бермеймін дейді. Олар тыңдауға еш кеңес бермейді. Өз тараптарынан ондай уағыздарды тыңдама деп те айтатын. Назаратулла орыс тілінде уағыз айтқанымен оны тыңдағаным жоқ. Дарын Мубаровқа қатысты да көптеген жайттар айтылды. Еш жерде білім алмаған деп. Өз-өзіме сұрақ қойдым. Мен онын кім екендігін нақты білмеймін ғой! Сондықтан бірдеңе деуім орынсыз деп. Бірақ, кейбір оған қатысты жайттарды нақты естіп білдім. Сосын ондай адамнан дінді үйренбеймін деп шешім қабылдадым. 
-Алдағы уақытта бұндай жайттардың өміріңізде қайталанбауына ниет білдіріп, өмірден сізге тек қана сәттіліктер тіледік. Сұхбатыңызға рақмет! 
–Сізге де рақмет!

Қадірәлі Сарыпбек
Abai.kz