Басшыға бағыну парыз

0
23

Мұсылман үмбетінің алға басуының, күшеюінің алғышарттарының бірі —  басшыға бағыну, өзара бірлікте, ынтымақта болу.
Адамның табиғаты жаманшылыққа бейім болғандыктан, әркез оларға тиісінше жаза беріп, үкім шығару үшін бір адамның қандай да бір қоғамда басшылық жауапкершілігін атқаруы міндетті амалдардан. Өйткені, қоғамда басшы болмау күштілердің әлсіздерге, байлардың кедейлерге үстемдік қылып, қанауына жол ашады. Басшысы жоқ бұл қоғамға Құран аяттарының үкімдері, пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннеті немесе мемлекеттік заңдары еш әсерін тигізе алмайды. Бұл үкімдер мен заңдар тек атқарушы орган, мықты басшылық болса ғана жүзеге асады. Қарапайым бағдаршамның өзін мысалға алсақ, егер ол жоқ болған кезде немесе бір сәт істен шығып қалса, көліктер кептелісі пайда болып, жол апаттарының орын алуына жол ашуы мүмкін. Бұл жай қарапайым бағдаршамның ісі, егер бір сәт мемлекет басшысыз қалса не болмақ, әлбетте ол елде тәртіпсіздік орнары айдан анық, өйткені мемлекет басшысының қызметі тек елді тәртіпке келтірумен бітпейді. Оның қызметік функциясына елдің басқа елдермен қарым-қатынасы, экономикасы, қауіпсіздігі, сауаттылығы, заңдардың атқарылуы, елдің кеңшілікте өмір сүруі кіреді. Жеке қасиеттеріне келер болсақ, парасаттылық, ақылдылық, көшбасшылық, ұшқыр ойлылық, ұлтжандылық негізгі қасиеттер болып табылады. Әрине, мұндай ұлы жауапкершілікті тек бір адам мойнына алғандықтан оған айтылар сын, наразылық та сан-алуан болуы мүмкін. Дегенмен, басты назар аударатын мәселе басшы бір, халық көп. Бір басшының бойында халыққа ұнайтын барлық қасиеттер болуы мүмкін емес, сондай-ақ мемлекет ішінде басшылыққа мүдделі керітартпа топтардың да болуы ықтимал. Тарихтан белгілі болғандай ізгі халифалардың кезінде де кейбір топтар арасында басшылыққа кінә тағып, қарсы шыққандар кездескен, бірақ тарихтан мәлім оның ешқайсысының түбі жақсылыққа апармаған. Сол себепті басшы ол патша болсын, президент болсын немесе сол басшының тағайындаған өкілі болсын бағыну — міндет.

Басшыға бағыну — әрбір мұсылман үшін парыз амал. Бүл амалдың парыздығы Құран кәрім мен хадистерде бекітілген. Алла тағала Құран кəрімде: «Әй, мүміндер . Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған əмір иелеріне бой ұсыныңдар. Сонда егер бір нәрсеге талассаңдар, оны Аллаға, пайғамбарға ұсыныңдар: Егер сендер Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болсаңдар. Міне осы, қайырлы да нәтижеде жақсы» 51 .
Алла тағала басқа бір аятта әмірге бойұсыну турасында : «Қашан оларға (мунафықтарға) аманшылықтан немесе қауіп-қатерден хабар келсе, олар оны жайып жібереді. Егер олар оны Пайғамбарға не өздерінің іс басындағыларына ұсынса, олардан оның мән-жайын білер еді. Егер сендерге Алланың кеңшілігі, мейірімі болмаса, шайтанға ермегендерің өте аз болар еді» 52. Басқа бір аятта Алла тағала пенделеріне дінге мықтап жабысуға, бөлінбеуге шақырады: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер» 53. Егер мұсылмандардың арасында бір басшы шығып, бірлікке, татулықка шақырмаса, ол қоғамның тоз-тозы шығып, құрдымға кетері анық. Алла ондай қауымдар жайында: «Өздеріне ашық дәлелдер келгеннен кейін сондай бөлініп, қайшылыққа түскендер тәрізді болмаңдар. Міне, соларға зор азап бар» 54. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мүбәрак хадисінде: «Кім маған бойұсынса, ол Аллаға бойұсыныпты. Кім маған бойұсынбаса ол Аллаға бойұсынбапты. Кім басшыға бағынса, ол маған бағынғаны»55,-дейді.
Басқа бір хадисте пайғамбарымыз (с.а.у.): « Тыңдаңдар, бойұсыныңдар, тіпті егер сендердің үстеріңнен басы мейіздей болған хабашилік 56 құл билік жасаса да»57. Адамның дүниелік, ақыреттік өмірінің түзелуі тікелей басшыға байланысты, ол жайында: Сахил ибн Абдуллаһ әт-Тустари: «Aдамдар басшысы мен ғальшдарын сыйласа жақсылықта болмақ. Егер (басшысы мен ғалымдарын) құрметтесе, Алла олардың дүниелік тіршілгі мен ақыреттік өмірін түзейді, ал егер оларды елемесе, онда олар өздерінің бұ дүниесі мен o дүниесін құртады»58,- деген. Кезінде хазіреті Әлидің билік құрған заманында мін іздеумен болған хауариждер 59 өзінің арам пиғыльш іске асырмақ болып, Құрандағы: «Барлық билік Алладан. Ол әділ үкім етеді. Үкім жасауда Алладан артығы жоқ…» ,- делінген 60,
«Әнғам» сүресінің 57-аятын елдің бірлігін бұзу үшін пайдаланбақ ниетте: «Үкімді тек Алла шығарады», — деп ел билейтін кісінің үкіміне бойұсынбайтындықтарын жариялады. Хазіреті Әли: «Ия, үкімді тек Алла шығармақ. Алайда, адамдарға тақуасы болсын, яки, тақуасы болмасын бір басшы қажет. Басшы мұсылман болса, айтылған үкімі орындалуға тиіс. Ал, мұсылман емес болса, құлақ аспау қажет», — деп жауап беріп, бұл аяттың түп мағынасын елге түсіндіріп, хауариж ағымының теріс пиғылын паш етіп берді61.
Тағы бір хадисте: «Пайғамбарымыздан (с.а.у.) Әбу Хурайрадан жеткен хадис бойынша «Кімде-кім бағынуға қарсы шықса және жамағаттан бөлінсе, надандық дәуірінің өлімімен өледі» 62.
Бір хадисте Ибн Масғуд Пайғамбардың (с.а. у. ) былай деп айтқанын жеткізген: «Менен кейін озбырлық .және сендер қоштамайтын көптеген нәрселер пайда болады». Ол кісіден: « Уа Алланың елшісі, сол уақытқа куә болсақ, қайткен жөн ?» —  деп сұрағанда, ол: «Өз міндеттеріңді орындаңдар және Алладан өздеріңе тиісті болған нәрселерді қайтаруын тілеңдер»,- деп жауап берді 63. Басшыға құрмет көрсету жайында мынадай да хадис бар: «Пайғамбарымыздан (с.а.у.) Әбу Бәкір жеткізген хадис бойынша «Кімде-кім Алланың жердегі сұлтанын кемсітсе, Алла оны қорлайды »64 деді.
Тіпті шынайы мұсылман үшін басшының қыспағына сабырлық жасауы міндетті амал. Ол жөнінде Ибн Аббастан жеткен хадис бойынша пайғамбарымыз (с.a.у. ) айтты: «Кімде-кім басшысынан ұнамсыз әрекет көрсе, сабыр етсін! Кім егер жамағаттан бір қарыс алыстаса, надандық дәуірінің өлімімен өледі» 65.
Сахабалар мен табиғиндердің және ислам ғалымдарының басшылық жайында сөздері: Әнас ибн Мәликтен жеткен хабар бойынша: «Біздерге үлкендеріміз, Алла елшісінің (c.а.у.) сахабалары: «Басшыларыңды сөкпеңдер, оларға опасыздық жасамаңдар, Алладан қорқыңдар, сабыр етіңдер» дейтін» 66.
Атақты сахаба Әбу Дарда: «Екіжүзділіктің алғашқы белгісі басшыға қарсы шығудан басталады» 67 деді. Бұхаридің «Китабу әт-Тарих» кітабында Ибн Аббастың көзінше Қағбаны жаққан әл-Хаджажды балағаттағанда: «Шайтанға жәрдемші болма» дегені 6ap. Әл-Хафиз ибн Ражаб: «Басшыларға бойұсынып, тағаттылық жасауда өмірдің бақыты, құл өмірінің реттілігі, сол арқылы діні байқалып, Раббысына итағаттылығы көрінеді68.

              Ибн әл-Мубарак: «Кімде-кім ғұламаларға немқұрайлы қараса, ақыретін жоғалтады, ал кім басшыларға немқұрайлы қараса, дүниесін жоғалтады, кім бауырларға немқұрайлы қараса, тақуалығын жоғалтады69.

             Бадру әд-дин ибн Джамағаның ат-Тартушиден жеткізген хабары бойынша Құранның мына аятын түсіндірді: «Алла тағала адам баласын бірін-бірі арқылы қорғамаса, жер жүзі бұзылар еді. Алла бүкіл әлемге кеңшілік иесі»70. Бұл аяттағы бірін-бірі қорғау деген сөз басшыларды жіберу арқылы Алла тағала жерде әділдік орнататынын меңзейді, өйткені басшыларсыз әлемде тыныштық орнамайды, тек олардың болуы арқылы күшті әлсізге әлімжеттік қылмайды71.

             Атақты фиқһ ғалымы Әбу Абдулла әл-Қалғи әш-Шафиғи: «Егер басшылар болмаса, Алланың үкімдері іске аспас еді, жетімдер пана таппай, халық бір-бірін шыдатпас еді»72 деген.

            Басшыға бой ұсынудың Алла алдында мәртебесі өте жоғары, сондай-ақ жеке өз тұлғасы үшін халық алдында пайдасы көп, солардың ішінен жекелей айтар болсақ:

             Бірінші: Басшыға Алланың харам еткен нәрсесінен басқа әмірге бой ұсыну — ол Алла тағаланың әміріне бой ұсынғанмен тең. Жоғарыдағы хадисте келгендей, «Кім маған бойұсынса, ол Аллаға бойұсыныпты.  Кім маған бойұсынбаса, ол Аллаға бой ұсынбапты. Кім басшыға бағынса, ол маған бағынғаны. Кім басшыға бағынбаса, ол маған бағынбағаны» 73.    

             Екінші: Басшыға жақсы істе бойұсыну мемлекет тұрақтылығына, тыныштығына апарады. Егер мемлекет ішінде басшылыққа мүдделі бірнеше топтар болса, олардың арасында болып тұратын дау-жанжалдардың нəтижесінде қарапайым халықтың тыныштығы бұзылып, үнемі қауіпті жағдайда күн кешеді.

              Үшінші: Бір басшыға бағыну арқылы мемлекеттегі адамдардың бірлігі күшейіп, өзара сүйіспеншілігі артады.

              Төртінші: Бір басшыға бағынған елді сыртқы жау ала алмайды. Сыртқы жау бір мемлекетті жауламас бұрын мемлекет басшылығына қарсы топтармен мәмілеге келеді. Бұл ерте заманнан бері ислам жауларының қолданып келе жатқан әдісі.

               Бесінші: Мемлекеттердің гүлденуі, өркендеуі басшыға бағынуда жатыр. Әлемде болған барлық өркениеттер, мәдени ошақтар бір басшыға бой ұсынған тұрақты, тыныштық үстемдік құрған жерлерде болған, өйткені тұрақтылық адамды ғылым-білімнің дамуына, ғылыми жаңалықтардың ашылуына апарады.

                  Басшыға бағынбаудың зардаптарын айтар болсақ, алысқа кетпей-ақ Қазақстан тарихына-ақ көз жүгіртсе болады. Қазақ бір тудың астына жиналып, бір басшыға бағынған кезде сыртқы жаулар баса-көктеп кіре алмаған. Жүз-жүзге бөлініп, әр жүз, әр ру өз мақсатын көксегенде ғана жаудан ойсырай ұтылған екен. Соның бір мысалы 1 723 жылы орын алған «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» қырғыны. Қазақ руларының бір басшыға бағынып, бас қоса алмағанының нәтижесінде қазақ халқының жартысы қырғынға ұшырады. Бүкіл қазақ елін жауламақ болған жоңғарларға тойтарыс тек Аңырақай шайқасында бір тудың астында жиналғанда ғана жүзеге асты. Бұл тарихтағы қырғындар келесі ұрпаққа сабақ болу керек. Заманымыздағы ислам мемлекеттеріндегі соғыстар, ондағы тұрақсыздық басшыға бағынбағанның кесірінен туып отыр. Египет, Тунис, Ливия, Ауғанстан, Ирак, Сирия және басқа мемлекеттердегі қарапайым халықтың тоз-тоз болуы — басшыға бағынбағанның нәтижесі. Бір мысал, Ливия Жамаһириясын айтар болсақ, бір басшыға бағынып өмір сүрген кездері мен осы кездерін салыстыру мүмкін емес. Әртүрлі руларды біріктіріп, халықты ортақ билікке бағындырып отырған басшыларының қасақана өлімінен кейін Ливия халқы әр ру өз пайдасын көксеген майдан алаңына айналды74.Африкада ең бай мемлекет болып саналатын Ливияда қазіргі кезде жоқшылық, азық-түлік жетіспеушілігі байқалуда. Бұл тек басшыға қарсы шыққанның бір көрінісі, келешекте Ливия деген мемлекеттің әлемдік картадан жойылып кету қаупі бар. Тізімге тек Ливияны ғана емес, Ирак, Ауғанстан, Сирия, тағы да басқа мемлекеттерді мысалға келтіруге болады.

             Мүсылман үмбетінің бірлікте, ынтымақта өмір сүруінің өзіндік алғышарттары бар, олардың ең маңыздысы:

            Бірінші: Ақида сенімде бір болу.

              Мусылмандар арасында өзара ынтымақ, бірлік болу үшін ең алдымен бір ақидаға иман келтіруден басталады, өйткені исламның іргетасының негізі болған ақидада қате сенім болса, ондай мұсылман қоғамында бірлік орнамайды. Бұл ақида Адам атадан бастап соңғы пайғамбар Мухаммедке (с. а. у. ) дейінгі бүкіл пайғамбарлардың ақидасын қамту керек. Алла тағала Құран кәрімде:

             «Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүміндер де барлығы: Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірді. «Елшілердің араларын бөлмейміз, естідік те бой ұсындық. Раббымыз! Сенен жарылқау тілейміз, қайтып барар жеріміз де Сенің алдың» деді 75.

              Бұл көпшілік мұсылмандардың ақидасы, осы негізге Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабалары және мұсылмандардың алғашқы ғалымдары сүйенген. Ал егер осы таза сенімді кірлету мақсатында Алланы басқаша сипаттай бастаса, мұсылмандар арасындағы ауызбіршілікке сызат түсіреді76. Ондай қауымға Алла тағаланың азабы, қаһары болары анық. Алла тағала Құран кәрімде былай деп баян еткен:

       «Кім иманға қарсы шықса, оның амалы жойылады және ол, ақыретте де зиян етушілерден болады» 77.

                Екінші: Бір шариғатпен үкім ету.

        Ақида негіздерінде бір болған секілді шариғат заңдарында да бір болуы тиіс. Бұл жерде шариғат заңдарына, бір орталыққа бағынуды айтады. Егер әрбір мұсылман жеке өзі пәтуа шығаратын болса, оның соңы елдің тұрақсыздығына апарады. Бұл орайда ислам мазһабтарының орны ерекше, өйткені олар елді бірлікте, ынтымақта ұстауда басты күш болып саналады.

         Үшінші: Ортақ негізге қайту.

         Барлық мұсылман мемлекетерінің діни мәселеде үкім беретін орталықтары жұмыс істейді. Оны пәтуа беру орталығы немесе мүфтият деген атаулармен атайды. Сол елдегі мұсылмандар өздерінің діни ұстанымдарында осы орталықтарға қарап бағыт алуы керек. Осылай жасау арқылы ғана мұсылмандар арасында бірлік орнайды. Ал, егер кез келген мəселеде орталыққа жүгінбей əр адамнан сұрайтын болсақ, оның түбі адасушылыққа апарады.

          Төртінші: Білімсіздіктен құтылу.

         Ислам үмбетіндегі бөлінуге, бүлікке апаратын негізгі себеп ол — білімсіздік. Алла Тағала Құран кәрімде былай деп айтқан:

           «Менің жолым — осы. Мен және маған ілесушілер сендерді Аллаға білімге сәйкес шақырамыз», — де»78.

           Имам әш-Шаукани бұл аятқа қатысты былай деді: “Яғни айқын дәлелге сәйкес шақырамыз. Әл-Басыйра — бұл ақиқатты жалғаннан ажырататын түсінік, білім! ”79.

    Әли ибн Әбу Талиб: “Білімсіз жасалған ғибадатта қайыр жоқ және дұрыс түсінік болмаған білімде де қайыр жоқ! ”- деп айтатын.

           Мүсылман адам дін туралы бір нәрсе айтпастан бұрын немесе дінде бір нәрсені істемес бұрын, ол туралы қажетті нәрселердің барлығын біліп алмайынша, амалға асырмау керек, себебі білімсіз жасалған амал өзіне де, өзгеге де орасан зор зиян әкеледі. Расында, білімсіз амал ететіндер қараңғылықта адасып жүрген адам сияқты. Омар ибн Әбдул-Әзиз былай деген: “Кімде-кім Аллаға білімсіз құлшылық етсе, онда ол пайдадан гөрі, зиян көп әкеледі”80.

             Қазіргі уақыттағы кейбір жат ағым өкілдері өздерінің уағыздарында мұсылмандарды басшыға, әмірге бой ұсынуға шақырғанмен, ақиқатында олардың әрекеттерінде бұл байқалмайды, өйткені басшыға бағыну ауызбен айту емес, іспен дәлелдеумен болатын іс. Басшыға бағыну ол оның барлық істерде (шариғатта харам амалдардан басқа) әмірлеріне бойұсыну. Және оның қарамағындағы тағайындаған қызметшілеріне, өкілдеріне бойұсыну. Егер оның өкілдеріне бой ұсынбаса, басшының өзіне қарсы шыққанмен тең.

             Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы — тікелей мемлекеттің, Елбасының салиқалы саясатына сәйкес ислам шеңберінде жұмыс істейтін діни мекеме. Оның бағыт-бағдары мемлекет тарапынан жіті қадағалануда және үлкен қолдауға ие. Негізгі мақсаты елімізді имандылыққа үйіріп, ынтымақ-бірлігін асқақтату. Діни үкімдер беру, халықты діни тұрғыда сусындандыру тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына тиесілі әрекет. Яғни, діни басқарма тарапынан бекітілген имам-молдаларға халық діни мәселеде бағынып, шақ асуы міндетгі.

Қорыта келе, ислам бірлікке, ынтымаққа негізделген дін. Кез келген бұзық ниет, топтан бөліну исламда қатты сынға алынады және Алланың қаһарына душар болуға апаратын себеп, өйткені басшыға, жамағатқа қарсы шығу ол өмірдегі тепе-теңдікті бұзады. Бұған жамағатпен бірге болу керектігі жайында келген жүздеген хадис дәлел. Исламдағы адамның жеке намазынан жамағат намазының 27 есе сауабы көп болуы, оны әркез мешітке шақырып, исламдағы бауырларымен бірге болуға үндейді. Бес уақыт намазда бірге болу арқылы олардың арасында бауырмашылдыкты, сүйіспеншілікті күшейтеді. Бір қалада, бір мешітте, мұсылмандардың жұма уағызына жиналуы, барлығы ұйып имамның уағызын тыңдауы, әлбетте, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға апарады. Бұған тағы да мысал айт намаздарын, жаназа намаздарын келтіруге болады. Жылына бір рет ұлтына, нәсіліне, түсіне қарамай қажылық парызын өтеу мақсатында мұсылмандардың басы Мекке қаласында қосылуы Ислам дінінің нағыз ынтымақ, бірліктің діні екенін көрсетеді. Ислам дінінің негізі бірлікке үндегенмен, бұл жүйені реттеуші, бақылаушы әмірлер болмаса, ол жүйе іске аспайды.

             «Көш басшысы жоқ ел оңбайды, Құралай бастаған киік оңбайды» демекші, әр елдің әл қуаты, өсіпөркендеуі басшының елмен, елдің басшымен қарым-қатынасына тікелей байланысты. Іргесі берік, егеменді ел болайық десек, басшыларымызға бағынып, халықты бірлік пен ынтымаққа үндейік.

Ислам жікшіл дін бе? кітабінан
Алтынбек Ұтысханұлы