«Діні бар да, ұлты жоқ» жандар ел тұтастығына қатер төндіреді

0
491

«Діні бар да, ұлты жоқ, сақалы бар да, мұрты жоқ. Теке сақал, қырма мұрт, елдің түбіне сол жетер». Асыл діннің атын жамылып, түрлі ағымға байланған қандастарымыздың қатары көбейген сайын әулие Мәшһүр Жүсіптің осы бір ауыз сөзі бүтін бір ұлт тағдырын таразыға тартып тұрғандай көрінеді. Ықылым заманнан бері дін мен дәстүрдің арасына сына қағып көрмеген Алаш баласы ала тайдай бүлінетіндей не күн туды басына? Жоқ әлде, салтта – сабақтастық, дәстүрде жалғастық барын қаперімізден шығарып алғанымыз ба?

Ауылдағы ақсақалға аман­даса барып, «Қашаннан бері мұсыл­мансыз?» десеңіз, «Әлім­сақтан бері мұсыл­ман­мын» деп қысқа қайы­рар еді. Бүгінде осы «әлім­сақ» сөзін «көнеден, ертеден» деп ұғына­мыз. Ол да ақи­қат. Бірақ «әлім­сақтың» тамыры одан да тереңде жатқанын білген абзал. Әсілінде «әлімсақ» сөзі алдымен «әлмисақ», оған дейін «ми­сақ» болғанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Мисақ – адам мен Алла арасындағы алғаш­қы ант. Яғни, дана халқы­мыз есте жоқ ескі заманнан бері мұсылман екенімізді ескертіп қояды.

Биыл мәдени құндылық­та­рымыздың мәйегіне айналған Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығы UNESCO көлемінде атап өтілмек. Бір кездері Орхон мен Енисей өзендері алқабынан табылған таңбалы таста тарлан тарихымыздың тамыры лүпілдейді. Түбі бір түркі ха­лық­тарының төл мерейі бұл. Елтеріс пен Білге қағандарға кеңесші болған Тоныкөк баба­мыз­дың дария-даналығы бүгінгі ұрпаққа бүтін бір алып тас, ең­се­лі ескерткіш болып жеткен.

Өрлігіміз бен ерлігімізге осын­­дай таңбалы тастар мен жақ­пардағы жазулар куә! Білге қаған қашап қалдырған бір ауыз сөзінде «Ей, Түрік! Жоғарыда аспан құламай, төмендегі жер тесілмей, сенің мемлекетіңді, әдетіңді кім жоя алады?!» дейді. Бұл жерде «әдет» деп отырғаны сан ғасырмен сабақтас әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүріміз. Соны жоятындар ұлты мен салтынан безінген, жат ағымның жетегінде жүргендер болса керек. Осы қатардағылар «Аспан құламай, жер тесілмей», өзгенің айтағына еріп, төл мемлекетінің  қауіпсіздігіне сына қағатынын білсеші.

Бүлдіргі ағымдардың уағы­зына ден қойып, айдың-күннің ама­нында бейбіт өмірден безі­ніп, отбасын оққа байлағандар аз болмай отыр. Бір ғана мысал, «Жусан» операция­сы ар­қылы Сириядан Отаны­на орал­ған Жанна есімді қанда­сы­мыз Таяу Шығыста өткізген 5 жыл­да небір сұмдықтың куәсі бол­ғанын айтады.

«Аяғым ауыр кезде күйеуіме туған топырағыма оралғым ке­ле­тінін жеткіздім. Ол бас тартты. Өзім кетсем де, баламды тас­тап кетуді талап етті. Өзі бол­са осы жақта өлуге бекігенін айт­­­ты. Ақыры солай болды да. Таяу Шы­ғысқа алғаш табан тірегені­мізде бәрі әдемі көрін­ді. Дүние-мүлкі бар баспана­мыз болды. Ештемеден тарық­па­дық. Әйел адам болған соң, қызық­қанымды жасырмаймын. Жақсы жағдайды кім жатсынсын? Ке­йін, Ракка қаласында болған кез­де небір қуыстармен жүруге тура келді. Ол жерде адам­дар­дың бастары ілініп тұрды. Соны көріп қатты жыладым», дейді отан­дасымыз.

Ұлтқа төнген алапат қасірет бұл! Әйт­пегенде, атты әскері ал­ты құр­лық билеушілерінің түн ұй­қы­сын қашырған бағзы бабаларымыз – түркілердің қаһарынан үрікпеген ұлт пен ұлыс кемде-кем жер бетінде. Махмұд Қаш­қари «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегінде: «Ұлы Тәңір айтады: «Менің бір тайпа қосыным бар. Оларды «Түрік» деп атап, Күн­шығ­ысқа қоныстандырдым. Бір ұлыс­қа ашуланып, назалан­сам түріктерді соларға қарсы сала­мын» дейді. Осы ойын жал­ғас­тырып: «Түріктер – көрік­ті, өңдері ұнамды, жүздері ме­йі­рімді, әдепті, үлкендерді құрметтей білетін кішіпейіл, уәделеріне  берік тұратын мәрт…» дегені тағы бар.

«Жүздері мейірімді, әдеп­ті, үлкендерді құрметтей біле­тін кішіпейіл, уәделеріне берік тұратын мәрт». Мұсыл­ман­дықтың мұраты да, негізгі қағи­даты осы емес пе? Әкенің қаны, ананың сүтімен сіңген дара қасиет келе-келе салт-сана­мызға айналды. Әдет-ғұрып бо­лып қалыптасты. Көнекөз қария­лардың осыны меңзеп, «әлім­сақтан мұсылманбыз» деуінің астарлы ақиқаты – міне сол!

М. Қашқаридың сөзі­не кү­­мән­данбас үшін түркі­лер тұр­ғысындағы хадистер­ді қазба­лап көрейік.Байқағаны­мыздай, бір емес бірнеше хадис-шариф бар екен. Соның бірінде Пайғамбар (с.ғ.с) хадистерін сақтаушы сахаба Әбу Хурайра былай деді: Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Сендер қысық көзді, қызыл шырайлы, таңқы мұрынды, бет-жүздері қабат-қабат тері қапталған қал­қан тәрізді түріктермен соғыс­па­йынша қиямет-қайым болмайды. Сондай-ақ сендер аяқтарына жүннен киген бір қауыммен соғыспайынша қиямет болмайды» (Сахих әл-Бұхари). Енді бір сөздерінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Өлкені (дұшпандарға қар­сы) қорғаудың күші онға бөлінеді: Оның тоғызы түркі­лерге, қалғаны өзге ұлттарға беріл­ді» (ат-Табари). «Түріктер сізге тис­пейінше байқаңыз, сіздер де түрік­терге тиіспеңіз. Өйткені Алла­ның үмбетке берген бұл мүлкі (байлық) мен сал­танатын алғаш болып Қан­тураұлдары тартып алады» (ат-Табарани) дей­ді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) түр­кі халқымен соғыспай, олар­ды жақын тартуының бір мәні Тәңірінің «Күншығысқа қоныс­тандырған қосынының» өмір-салты, әдет-ғұрпы мұсыл­ман­дық қағидаттармен әу бастан-ақ ұштасып жатқанын аңғарт­са керек. Әйтпегенде, Жер-Ана төсінде түркілерден өзге ұлт пен ұлыс аз ба? Жоқ! Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Әй адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауа­дан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сен­дерді ұлттар, рулар қылдық. Шы­нын­да Алланың қасында ең ар­дақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» (Һужурат сүресі, 13-аят) деген еді.

Ұлт пен ұғым. Дін мен дәс­түр. Осы­нау төрт сөздің төр­кінін түсініп, ел игілігіне айнал­дыру да оңайға соққан жоқ. Әр ха­лық­тың өз дүниетанымы, төл түсі­нігі, үкілеген ұстанымы бар. Сонда қайтпек керек? Барлық халық, мәселен, бір ғана араб ұлтының дүние­танымымен өмір сүретін болса Жаратқанның «бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» дегенін қайда қоямыз? Олай болуы да мүмкін емес еді. Сондықтан әр ұлт­­тың әдет-ғұрпы ескерілуі ке­рек-ті. Олардың тек өзіне ғана тән тариқаты қажет болды. Тари­қат, шариғат сөздері араб тіл­інен тәржімалағанда «жол» мағына­сын береді. Ендеше, әр халықтың өз жолы бар.  

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы шығарған «Дін мен дәстүр» кітабында «Мұсыл­ман шариғатында адамдардың еркіне қалдырған мубах яки ерікті істері бар. Мысалы, той­лар­ды, мейрамдарды өткізу жол­дары, салт-жоралғылары әр­бір халықта әркелкі. Олар­дың бәрін шариғатқа сай кел­мейді деп айтуға болмайды» делінеді. Ендеше, келіннің бетін ашу, домбыра шерту, өмір­ден озған адам­ның жетісін, қыр­қын, жылын беру шариғатта бол­мағанымен, «ерік­ті істер» деп қабылдауға бола­ды. Осы кітапта айтылғандай «Ұлт­тық ерекшеліктерге, тілдік ерек­­ше­ліктерге қарсы шығу, олар­ды дәл арабтардыкіндей ету­ге тырысу барып тұрған надандық».

Мәселен, қазақ халқы жеті атаға жетпей қыз алыспайды. Дана халқымыздың қасиеті де, келер ұрпағына жеткізген өсиеті де осы. Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасында қыз алысып, қыз беріскен құ­дан­далығымыздың арқасында тіліміз бүлінбей, салтымыз сар­қылмай келеді. Ардақ тұтқан әдет-ғұрпымыз да, діни сабақ­тастық та осылай сақталды. Қазақ халқы үшін қатаң қағида, қастерлі ұғым – өзге ұлт­тарға тән емес. Сол сияқты, өз­ге халықтардың да дара дәстүрі біз үшін адамгершіліктің өлшемі болған жоқ. Дін ортақ бол­ғанымен, сан түрлі салт, әл­де­неше әдет-ғұрып бар. «Салт-дәстүрін ел бұзбас, уәде-сер­тін ер бұзбас» дейді қазақ жұрты.  Ен­деше, бір халықты бір халық­тан ерек­шелейтін дін емес, дәс­түр болғаны ғой.

Бұл күні қазақ қоғамында айрандай ұйыған ұлттың іргесін сөгіп, іріткі салғысы келген уаххаби-салафилер қатары көбейіп барады. Өкініштісі сол, осы сор-соқпақта сандалғандардың басым-көпшілігі – жастар. Араб дәстүріндеміз деп байбалам салып, қазақтың өзіне ғана тән болмысын бүлдіріп әлек. М.Жүсіп айтқандай, «Діні бар да, ұлты жоқ»! «Елдің түбіне солар» жет­песе екен дейміз. Дейміз де, қазақы наным-сенімі жоғалған адамды қазақ деу­ге қалай аузымыз барады? Сақ­тардың салтын, ғұндардың ғұр­пын, түркілердің таным-түсіні­гін ұстанған ұлт емес пе едік? Қазақ ұғымы тарих сахнасы­нан біржолата жойылып кетпеу үшін де жастарымыз­ды, дара дәстүрімізді көздің қара­шы­ғындай қорғау керегін ұғынар кез келді. «Ең мықты заң­дар ха­лық­тың дәстүрлері» (Кон­фу­­ций) екенін ұрпақ құлағына құю­дың маңыздылығы күшейді.
Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Қазақтың түп атасы – батыр Түрік, «Арабсың» деген сөздің түбі шірік. «Пәленше сахаба­ның затысың» деп, Алдаған дін жа­мылған өңкей жүлік» деп толғайды. Жат ағымның жете­гінде кеткендер араб емес, түбі­міз – түрік, қанымыз – қазақ еке­нін осыдан-ақ ұғынар еді. Себебі дін – діңгек дегенімізбен, салт-дәстүрден аулақтаған болса, ол да «ұстай білсең – қасиетің, ұстай білмесең – қасіретің»…

Ақпарат көзі: Egemen Qazaqstan Рауан ҚАБИДОЛДИН