Шын мұқтаждардың жағдай не болмақ?

0
220

Нәбік деген бір кедейдің тұлпары болады. Бір бай осы атыңды маған сат деп қанша дүние, мал ұсынса да Нәбік атты сатпайтынын айтады. Атты ақшаға сатып ала алмасын білген бай айлаға көшеді. Айласы Нәбік жолаушылап келе жатқанда, оның жолына қайыршы киімін киіп алып отырады. Оның қасына жеткенде, Нәбік «қайыршыдан» жөн сұрайды. «Қайыршы» мына қырдың астындағы ауылға жете алмай отырғанын айтады. Ойында ештеңе жоқ кедей маған мінгесіңіз, апарып тастайын дегенде, бай «шырағым аттан түсіп мені мінгізіп жібермесең, міне алмаймын» — дейді. Нәбік атынан түсе салып, байды атқа көтермелеп мінгізгенде, арам бай атқа қамшыны басады ғой келіп. Істің анығын енді ғана аңдаған Нәбік: «Байеке, тоқтаңыз айтатұғын бір сөзім бар» — депті. Бай бұл пақыр не дер екен деп, атын іркіп: «Ал бейбақ, не дейсің айт айтарыңды» — депті. Айтарым: «осы жағдайды ешкімге айтпай-ақ қойыңыз. Бар өтінішім осы» — депті.
Бай сонда: «Мен бұл жағдайды айтқанда түсіп қалар дейтұғын беделің жоқ, несіне айтпа деп оған ерекше қам жей қалдың, сорлы» дегенде, Нәбік: «Мәселе онда емес, менің қорқып отырғаным бұл оқиға елге тарап кетсе, осы жаман сөздің әсерінен аты барлар жолда кездескен шын мұқтаждарды да мінгестірмей кетпей ме? Менің ойлап отырғаным сол ғана, сол үшін де бұны ешкімге айтпағаныңызды сұрап тұрмын» депті. Кедейдің ойының қандай кең көлемді қамтып тұрғанын түсінген бай аттан түсіп, атты егесіне қайтарып берген екен.

Өмірдің үзік сырлары кітабінан
Файзулла Тайтелиев