«Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ…»

0
629

Өткен жылдың 2-мамырында Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты Cауд Арабиясында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған 41 жастағы Ділмұрат Махаматовқа 8 жыл бас бостандығынан айыру туралы үкім кесті.

Жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі түрмеде өтейтін Ділмұрат Махаматов ҚР Қылмыстық кодексінің «әлеуметтiк, ұлттық немесе дiни алауыздықты қоздыру» және «терроризмдi насихаттау» бабы бойынша кінәлі деп танылған-тын. Ал Ділмұрат Махаматов кім?
Ол салафизм ағымын ұстанушы. Сауд Арабия елінде Қазақстаннан барған азаматтармен діни уағыз жүргізген. Бұл Қазақстан заңына қайшы. Оның жамағатпен жүргізген діни уағыздарының аудиожазбалары ғаламторға жүктеліп, дұрыс жолдан жаңылған талай жанның санасын улаған. Онда айтылған пәтуалар ұлтымыздың ұлт ретінде сақталуына ұйытқы болып отырған құндылықтарына балта шабуға ықпал ету әрекеттеріне бағытталған. Ділмұрат Махаматов туыстық қарым-қатынастарды ыдыратып, құлдырататын агрессияны тудыратын діни уағыз жүргізген. Оның салдары талай отбасына опық жегіздірген. Қазақстанда жасалған террористік актілердің барлығы дерлік салафизм радикалды ағымын ұстанушылардың қолымен жасалғанының өзі соның жарқын мысалы. Сонымен қатар Қазақстан жерінен Сирияға аттанғандардың барлығы дерлік осы ағымды жақтаушылар болып табылғанын да айта кетейік. Құзырлы орган жүргізген тергеу кезінде экстремистік бағыттағы қылмыстары үшін сотталған 20 азаматтың Ділмұрат Махаматовтың уағызын тыңдағаны дәлелденді. Салафизм ағымын жақтаушылармен жүргізген діни уағыз кезінде Ділмұрат Махаматов қандай мәселелердің мәніне жетпеді? Нені тереңнен түсінбеді? Бұл туралы ой өрбітпес бұрын, алдымен оның өмір жолына ден қояйық.
Ол 1978 жылы Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Қазақстан Республикасының азаматы. Отбасылы. Екі жұбайы және 10 бала-шағасы бар. Ғаламтор желісінде «Ділмұрат Абу Мұхаммад» атымен танымал тұлға.
Ділмұрат Махаматов 7-сыныпты бітірген соң, Өзбекстан Республикасының Наманган және Әндіжан қалаларында діни білім алған. Кейіннен Қырғызстан Республикасында дәстүрлі ислам бойынша оқыған. Одан соң Абдусаттар Смановтан білім алып, өзбек тіліндегі тәфсирын қазақ тіліне аударған.
Қырғыз Республикасында білім алып келгеннен кейін Сарыағаш ауданында орналасқан «Убай ибн Кааб» медресесінің шәкірттеріне діни білім берген. Өзінің діни білімін ұлғайту мақсатында Ділмұрат Махаматов 1998 жылы Сирия Араб Республикасында орналасқан Аминия университетіне оқуға түскен. Аталған оқу орнында 2 жыл білім алып, 2000 жылы Сауд Арабияның Медина қаласында орналасқан Ислам университетінің 3-курсына түсіп, «Хадис» факультетін бітірген. Катар мемлекетінде де діни білім алған.
Сауд Арабияда «Дағуат» мамандығы бойынша магистратурада оқыған. Аталған елде оқып жүріп, алғашында-ақ дәстүрлі емес салафи ағымына бет бұрған.
Ділмұрат Махаматов Сауд Арабияға діни білім алуға барған алғашқы қазақстандық студенттердің бірі. Сауд Арабияда теологиялық университетке грантқа оқуға түскеннен кейін, белсенді болып, жаңадан келген студенттерге діни дәрістер жүргізген. Оған қоса, Медина қаласының қонақ үйлерінде Қазақстаннан және Орта Азиядан қажылыққа барған тұлғаларға да діни дәрістер өткізген. Сол арқылы басқа тұлғалардың дәстүрлі емес салафи ағымына бет бұруына өз септігін тигізген. Оған қоса, Ділмұрат Махаматовтың шәкірттері ұстазының Сауд Арабияда өткізген дәрістерін аудиомен құжаттап, интернет желісіне үздіксіз жүктеп отырған. Осылайша ол Қазақстанда және жалпы Орта Азияда ғаламтор желісінде танымал болған. Қазақстандық салафи ағымы мүшелерінің басым көпшілігі қазіргі таңға дейін Ділмұрат Махаматовтың ғаламтордағы діни дәрістерін тыңдап келеді. Павлодар облысы конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры Гүлназ Мақсұтқызы отандық БАҚ-қа берген сұхбатында былай дейді.
– 2000 жылдардың басында біздің қазақстандық жігіттер теологиялық білім алу үшін шетелге кетті. Сол кезеңде біз Сауд Арабиясы Корольдігіндегі оқу шарттарымен бәсекелесе алмадық. Атап айтқанда, біздің елден барған студенттерге тегін оқу мүмкіндігі берілді. Олар үйлеріне баруы үшін тегін әуе билеттерімен қамтылды. Қажылыққа жылына бір рет баратын жеңілдікке ие болды. Шәкіртақылары 150-200 АҚШ долларын құрады. Жатақханада тегін тұру, асханада тамақтану ұсынылды. Соңғы онжылдықта отбасылы азаматтар үшін балалары мен әйелін өзімен бірге алып келуге рұқсат етілді. Әрине, мұндай жеңілдіктер Қазақстандағы діни мектептерде болмады. Жастар осы игіліктерді пайдалана отырып, осы университеттерде өте жақсы теологиялық дайындықтан өтті. Алайда, болашақ «жұлдызды» уағыздаушылар оқудан өткен оқу орындарының кепілгері болды. Нәтижесінде олар ғаламтор арқылы біздің қоғамға жат діни идеологияны агрессивті түрде насихаттай бастады.
Сонымен қатар ол, деструктивті ағымды ұстанған бұндай азаматтардың негізгі проблемасы – Қазақстан халқының азаматтық, ұлттық бірегейлігін жоққа шығару деп атап өтеді.
Ділмұрат Махаматовтың ғаламторға жүктелген уағыздарын арнайы мамандар ұлтаралық және діни араздықты қоздыруға бағытталған экстремистік деп таныды. Өз кезегінде онда айтылған насихаттардың мақсаты жарқын емес, керісінше жымысқы екенін түсіну қиын емес. Айталық, дәріскер, Ділмұрат Махаматов басқа діндер мен этностардың өкілдерін жек көруге үндеп, қоғамдағы ұлтаралық және діни араздықты қоздырады. Сонымен қатар ол, намаз оқымайтын азаматтарға «кәпірлер» деген теңеу тағады. Ділмұраттың ғаламтор желісінде дәріс кезінде айтқан уағыздары бойынша үзінділері тыңдаушылардың санасында жек көруді қажет ететін адамдардың жағымсыз бейнесін қалыптастырады. Ғаламторда тараған аудиожазбалар арқылы мамандар Ділмұрат Махаматовтың уағызы қоғамның бірлігін бұзуға бағытталғанына көз жеткізеді.
Ділмұрат Махаматов 20 жыл бойы елде өмір сүрген жоқ. Сондықтан да ол Қазақстан заңдарын жетік білмей, уағыздарын ғаламтор арқылы насихаттаған. Бұл тұрғыда ол өзіне көп ерік берген. Яғни, оған ешбір билік те Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да жамағатқа уағыз айту туралы ұсыныс бермеген. Және оған оның моральдық та, заңды да құқы жоқ-тын. Бірақ…
Павлодар облысы конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры Гүлназ Мақсұтқызы өз пікірінде «Иә, Ділмұрат Махаматов өзінің ізбасарларын соғысқа немесе жиһад жасауға ашық түрде шақырмады. Бірақ Сирияға кеткен көп адамның Ділмұрат пен өзге де «көшбасшылардың» уағызын тыңдау арқылы сәләфи ағымына бет бұрғаны анықталған. Олардың «Халифат» туралы идеяларына қанаттанып, олар Қазақстаннан бас тартқан. Өз елінен «кәпір» деп безініп, Сирияға бет алған. Көпшілігі сол жерде қаза болған. Осы жолда қаншама жазықсыз балалар мерт болды. Қазір жазасын өтеп жатқан азаматтарға «Кімдерді тыңдадың?» деген сұрақ қойғанымызда дені Ділмұрат Махаматовты сілтейді. Егер олар Д. Махаматовтың уағызын тыңдамағанда деструктивті ағымның жетегіне ермейтін бе еді? Экстремис атанбас па еді… Тағдыры тәлкекке түскен осы азаматтар арқылы Ділмұрат Махаматовтың кінәсі дәлелденді» деп келтіреді.
Арнайы мамандар жүргізген диалог кезінде Ділмұрат Махаматов «Көптеген азаматтар менің кесірімнен түрмеге түсуі мүмкін екенін түсінемін. Соның нәтижесінде аналардың айтқан қарғысы маған тиген шығар» деген. Мамандар мұның өзін оң динамика деп түсіндіреді.
Біздің бұл оқиға бойынша шолу жасауымыздың себебі не?
Қазақстанда салафизмді ұстанушылардың осындай «көшбасшыларының» құрықталғанынан оң тұжырым жасауға шақыру. Яғни, олардың қоғаммен қарама-қайшылықта болуын тоқтату. Салафи ағымының өкілдері ел тұтастығы мен тыныштығына қауіп тудырмауы керектігін баса айту. Олардың Қазақстан құндылықтары мен салт-дәстүрлеріне құрмет көрсетулері керектігін еске салу. Және оңалту орталығындағы теологтар мен мешіттердегі имамдар оларға қол ұшын созуға әрдайым дайын екенін еске түсіру болып табылады.

М. ӘБДІРАЙЫМ

Ақпарат көзі: http://uaqyt.kz/?p=7958