Сәләфилер (уаһабилер) неліктен Алланы аспанда деп түсінуде?

0
330

Сәләфилік идеологияда жүрген бауырларымыз Құранда келген мұташабиһ (астарлы мағыналы) аяттардың бірін зоһири (сыртқы) мағынасында алса, басқа бір мұташабиһ аят кездессе өздерінің ұстанымына ыңғайлы етіп астарлы мағынасында қабылдайды. Құран аяттарын осылай өздеріне ұтымды, ыңғайлы түсіп, амал жасау Алланың бұйрығы бұйрығы ма, әлде Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетіме?
Әрине жоқ! Алла тағала Құрандағы мұташабиһ аяттар жайлы «…Ол Алла, саған Құран түсірді. Оның ашық мағыналы аяттары бар. Солар Кітаптың негізгі ірге тасы. Екінші ұқсас ұғымда аяттар бар. Ал Жүректерінде қыңырлық болғандар, бұхақылық іздеп, ұқсас мағыналы аяттардың ұғымын іздестіріп соңына түседі. Оның ұғымын Алла ғана біледі. Сондай-ақ ғылымында озат болғандар: «Бұған сендік. Барлығы Раббымыздың қасынан» дейді. Бұны ақыл иелері ғана түсінеді» [1], — деп тәфуид (мағынасын Аллаға және Елшісіне) тапсыруды бұйырып тұр.
Ал сәләфилік идеологияның көсемі болған, САК экс-мүфтиі Абдулазиз ибн Баз сипаттарды тек сыртқы мағынасында қабылдау қажеттігі жайлы «…сипаттарды тәуил жасау және оларды зоһири (сыртқы) мағынасынан бұрмалап түсіну жәһмия, мұғтазила және оларға ергендерден болған бидғат халқының мәзһабы…» [2]— деп мұташабиһ аяттарға қатысты өз пікірін білдірген. Бұл пікрі жоғарыда келтірілген аятқа қарсы. Сәләфилік бағытта жүрген бауырларымыз осындай жаңсақ пікірлерге сүйеніп, Алла аспанда, Аршының үстінде деген сенім қалыптастырған. Бұл сенімдеріне сәләфилердің өз арасында ең үлкен ғалымдары болған Ибн Тәймия (1263-1328жж) «…Мұхаммад, Алла Елшісін Раббысы оны Аршыға Өзімен біргеа отырғызады»[3]— деген сөзін дәлелге алса керек. Бұл сөзден түсінеріміз Алла өзі жаратқан жаратылысы Аршыға отырады деп тұрғаны. Осы идеологияның тағы бір көсемі әл-Усеймин өз еңбегінде күң туралы хадисті мысалға келтіріп ол жайлы былай дейді «…Бұл Алланың сипаты жайлы келген жәрия күң хадисі Алланың мекеніне әрі Оның аспанда екеніне дәлел» [4]— деп Усеймин Алланың мекені аспанда деген нақты пікір білдірген.
Сәләфилік идеология Алланың сипаттарына байланысты келген мұташабиһ аяттарды сыртқы мағынасында қабылдатып үйретіп, соған амал жасауға үгіттейді. Ал Құрандағы Аллаға қатысты аяттарды тікелей түсінген адам, қасиетті кітаптағы соғысқа байланысты келген настарды сыртқы мағынасында түсініп, амал жасаймын деп қоғамда ойран салмасына кім кепіл.Алланың мекені аспанда деп түсіндірудің қаупі осында жатыр.
Шындығына келгенде нағыз Ислам ғұламалары және қазақ ағартушылары осы тақырыпта қандай пікір білдірген, соған тоқталсақ.
Қазақстан мұсылмандары ұстанатын Абу Ханифа мәзһабы ғалымдарының пікірі:

«Хақ Тағаланың Аршыға ешбір мұқтаждықсыз әрі оған орнығусыз истәуә қылғанына иман келтіреміз. Әсілінде Алла Аршыны да, одан басқаны да сақтаушы әрі оған мүлдем мұқтаж емес. Егер Хақ Тағала Аршыға мұқтаждық танытса, жаратылған жаратылыстың деңгейіне түсіп, әлемді жаратуға, басқаруға шамасы келмес еді. Егер Хақ Тағала оған отыруға, орнығуға мұқтаждық танытса, Аршы жаратылмай тұрып Алла қайда еді? Хақ Тағала мұндай кемшіліктерден пәк»[5].
«…Егер біреу: «Алла қайда» десе не дейсіз?
Оған: «Алла Тағала жаратылысты жаратпай тұрып, ешбір мекен жоқ кезде бар еді. Жаратылыстың ешбірі және «қайда» деген ұғым да жоқ кезде Ол бар еді. Ол – барлық нәрсені жаратушы…»[6].
«…Аллаға жоғарыға қарап дұға жасалады, төменге қарап емес. Өйткені төмендік құдайлық, тәңірлік сипатқа лайық емес…»[7].
Имам Тахауи: «… Кімде-кім Алланы пендеге тән бір қасиетпен сипаттаса, дінсіз болады. Мұны түсінгендердің барлығы абайлап, дінсіздердің сөзін айтудан сақтанады. Және олар шыныда да Алланың сипаттары адамзаттың болмысына ұқсамайтынын біледі»[8].
«…Алла Тағала шектелуден, шекаралардан, бөлшектерден, мүшелерден тұрудан пәк. Оны жаратылған нәрселер сияқты алты тарап қамтымайды»[9].
«Әл Аршы да әл-Курси де – хақ. Ол Аршыға да, одан басқаға да мұқтаж емес. Ол барлығын және аршының үстіндегініде ілімімен қамтиды. Жаратылған нәрселер Оны қамти алмайды…»[10].
Имам махмуд ан-Насафи: «Жаратушының мекені бар деу Таухидке (Бір Аллаға сенуге) қарама-қайшы ұғым…»[11].
Осындай Ислам ғұламаларының еңбектерінен сусындаған бабаларымыз «Алла аспанд, Ол барлығын көруші әрі естуші», — деген сөз қалдырған. Бабадан қалған «Алла аспанда» сөзінде «аспан» сөзінің ұғымын сәләфиміз деп жүрген бауырларымыз өздерінің сеніміне байланыстырып, бұл сөзді де тікелей қабылдауда. Қазақ «аспан» сөзін ешқашанда Аллаға мекен тарапында айтпаған. Аспан сөзі қазақта «барлығанан жоғары, үстем, билік иесі» деген мағыналарда қолданылған. Қазақ тарихында «Алла аспанда» деп ешбір зиялы қауым өкілдері айтпаған. Абай Құнанбаев:
«Мекен берген халық қылған Ол Лә мәкан,
Түп иесін көксемей бола ма екен?
Және оған қайтпақсың оны ойламай,
Басқа мақсат ақылға тола ма екен?!»[12]

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы:
«Ол Алла жисм жауһар ғариз емес,
Боларға басқа-басқа бөлектенбес.
Алланы еш нәрсеге ұқсатуға
Еш нәрсе Оған ұқсап, жөні келмес.
Бар Құдай көкте де емес, жерде емес,
Мекенін бір Алланың ешкім білмес.
Алды, арты, асты, үсті, оң, солы жоқ.
Ауыз, мұрын, аяқ, бас, көз, қолы жоқ.
Еш нәрсе ұқсамайды, Ол еш нәрсеге
Кітаптың айтқанынан ойлама көп»[13].
Ы.Алтынсарин: «Біреу сұраса «Құдай тағаланың сипаты нендей» деп жауап бермекке керек? Құлшылық етуімізге лайық Алла тҽбҽракҽ уҽ тағала жалғыз-ды, ешкімнің ол Алла тағалаға ұқсастығы, теңдестігі жоқ. Ол Алла тағала дене иесі емес, сурет иесі емес, асыл жауһардай заттар сипатында емес, мекен я бір орын иесі емес, бос орынды толтырушыдан емес, тамақ жеушілерден, ішушілерден емес, біреуді тудырған емес, яки біреуден туған емес, һҽм ол Құдай тағаланың бар болуына ешбір заман жоқ жиһат сҽттен яғни алты түрлі тараптан: оңы, солы, алды, арты, асты, үсті болудан таза-ды»[14].

Қорыта келе айтар ойымыз қазақ бабаларымыз «Алла аспанда, Аршы үстінде, Аршыға отырды» деген сәләфилік (уаһабилік) сенімде болмаған. Бұл жолдың шариғаттан емес екендігі әуел баста түсінген. Сөзімізге жоғарыда келтірген мысалдар дәлел. Сәләфиміз деп жүрген бауырларымыз Ибн Тәймия, Ибн Баз, Усеймин, Фаузан, бұлардың ешбірі сәләф-солих ғалымдарынан болмағанын түсінсе. Пайғамбарымыздың сүннетімен, Аллаға деген сенімімен жүрген сәләф ғалымдарының бірі еліміздегі мұсылман халқының 90% ұстанатын ханафи мәзһабының негізін қалаған Имам Абу Ханифа. Ата-Бабаларымыз өз еңбектерінде сәләф-солих ғалымдарының сенімін өлең жолдарында келтіріп кеткен. Өздерін сәләфиміз деп жүрген қандастарымыз шетелдік пәтуашыларды емес, алдымен бабаларымыздан қалған діни еңбектермен танысып шықса, елімізде бөлінушілік болмас еді. Сондықтан қазақ жастары аталарымыз ұстанған Ислам дінін ұстанып, ауызбіршілікті жоғалтпай, бірлігімізді бекем ұстап, аманатқа қиянат жасамасақ, бұл бір сауабы мол іс болары анық.

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
бөлім басшысы Мұрат Мұстафаев

[1]Әли-Имран 3/7-аят
[2]Мажмуаь фатауа Абдулазиз ибн Баз 5-том 374 бет
[3]Мажмуаь фатауа 4-том 374 бет
[4]Мажмуаь фатауа 4-том 287 бет
[5]Имам ағзам тағылымы «Китабу уасия» 156 бет
[6]Имам ағзам тағылымы «Фиқһу әл-абсат» 126 бет
[7]Имам ағзам тағылымы «Фиқһу әл-абсат» 107-108 бет
[8]Ақида сабақтары Имам Тахауидің «Әһлүс-сүннәһ уәл-жамағат баяны» Алматы 2012ж. 117- бет
[9]Ақида сабақтарыИмам Тахауидің «Әһлүс-сүннәһ уәл-жамағат баяны» Алматы 2012ж. 120 бет
[10]Ақида сабақтары Имам Тахауидің«Әһлүс-сүннәһ уәл-жамағат баяны» Алматы 2012ж. 125- бет
[11]Әдістемелік құрал Қарағанды 2015ж. 72 бет
[12]Қалың елім қазағымА.Құнанбаев Алматы 2002ж. 153 бет
[13]Әдістемелік құрал Қарағанды 2015ж. 62 бет
[14]Ы. Алтынсарин «Мұсылманшылық тұтқасы» Ақтөбе 2014ж. 12-13 бет

Ақпарат көзі: https://centre-tur.kz/kk/maqalalar/din-jane-jastar/salafiler-uahabiler-nelikten-allany-aspanda-dep-tusinude-141/