Құныңызды біліңіз

0
1193

Сөз сөйлегенде дүйім жұртты аузына қарататын атақты бір шешен, семинарын 50 долларды тыңдармандарына көрсетіп тұрып бастайды. 200-ге тарта тыңдармандарға:
– Мына ақша кімге керек? — деп сұрағанда барлығы қолдарын көтереді. сөз шебері сөзін ары қарай сабақтап:
– Осы ақшаны сіздердің араларыңыздан біреуге беремін. Бермес бұрын, біраз нәрсе көрсетемін, — дейді. Сосын ақшаны мыжғылап, тағы да тыңдармандарға қарап:
– Осы ақшаны әлі де алатын бар ма? — дегенде тағы қолдарын көтереді. Ол тағы да:
– Егер осы ақшаны былай істейтін болсам ше? — деді де 50 долларды жерге тастап, аяғымен шаң-тозаңға малып, ластады. Бірақ сонда да ақшаны алатындар ниеттерінен таймады. Сосын шешен:  
– Құрметті бауырлар! Сіздер бұл жерден тамаша сабақ алдыңыздар. Мен ақшаны қанша жерден ластап жатсам да ақшаны алғалы тұрсыздар. Өйткені менің әрекеттерім ақшаның құнын түсірмеді. Ол баяғы 50 доллар. Мына өмірде кейбір шешімдеріміз орны толмас өкініштерге апарып соқтырып жатады. Біз оған қатты қапаланып, өз-өзімізді жегідей жеп қиналамыз. Бірақ болған іс пен алда не болатындығы маңызды емес. Қандай қиын іске душар болсаңыз да ешқашан еңсеңізді түсірмей, құныңызды біліңіз. Өмірдің түрлі соқпағына ұрылып, сүрініп жатсаңыз да ештеңе болмағандай жүріңіз. Өйткені сізді жақсы көретін адамдар, сіздің қаншалықты құнды екеніңізді әрқашан жүректерінде сақтайды.

Өмірдің үзік сырлары еңбегінен
Файзулла Тайтелиев