Ұлттық тәрбие теріс ағымнан сақтайды

0
770

Бүгінде өз болашағына үлкен сеніммен қарайтын жастар шетелдерде білім алуды, Отанына, еліне қажетті мамандықтарды игеруді және басқа елдерден оң тәжірибе жинауды құп көреді.  Елімізде жастардың «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында және әртүрлі гранттар мен ата-аналарының жеке қаражаты есебінен  шетелдерде білім алуына барлық жағдайлар жасалған. Көпқырлы мамандық игеру үшін бүгінде   араб елдері мен Түркия, Пәкістан және тағы басқа  мемлекеттерден жастарымыз діни білім алып келуде. Араб мемлекеттері мен Таяу Шығыс, Азияның кейбір елдерінде жағдай  мезгіл сайын тез өзгеріске түсіп отырады және көп жағдайда діни фактор басымдыққа ие. Өкінішке қарай, кейбір мемлекеттерде, атап айтқанда, Таяу Шығыс елдерінде соңғы жылдардағы әртүрлі діни ағымдардың белсенділігінің артуымен, дінаралық қақтығыстардың белең алуымен және экстремистік, сондай-ақ, террористік ұйымдардың ашық наразылыққа шығуымен қоғамдық-саяси және діни ахуал күрт күрделеніп кетті. Бұған қоса, қазіргі күнде  әртүрлі жалған және деструктивті ұйымдардың қызметі ашық жүргізіліп, олар басқа елдерден білім алу мақсатымен келген шетел азаматтары арқылы өз қатарларын толықтыруды көздейді. Сондықтан, ел азаматтары өздерінің болашақ білім алатын елін таңдау барысында сол мемлекеттің қоғамдық-саяси және діни ахуалы туралы ой түйіп, оның тарихын, мәдениетін, діні мен ділін біліп алғаны жөн. Өкінішке қарай, көптеген ата-ана шетелдерде білім алудың кейбір тұстарына мұқият назар аудармастан,  өз балаларының  басқа елдерде оқуын қуана құптайды. Олар балалары білім алғысы келген елдің ыңғайына бейімделуі үшін уақыт керек екенін, басқа мәдениет пен өзге менталитеттегі адамдармен қатар өмір сүріп, араласатынын білулері тиіс.

Қиындықтардың басқа да жағы жоқ емес. Шетелге білім алуға кеткен жастарымыз бес немесе одан да көп жыл өткен соң Қазақстанға қайта оралуы кезінде күтпеген жағдайларға жолығуы мүмкін. Елге қайтқан жастар мұндағы қоғамға қайта үйренісуі қажет, бәсекеге қабілетті жұмыс тауып, туған топырақтың игілігі үшін өзгелермен қатар қызмет етуі керек. Аталған жағдайдың бәрінде де ата-ана көмегінің маңызы орасан. Әсіресе, шетелге шығу кезінде қазақстандық жастар тап болуы ықтимал төмендегідей қауіп-қатерлерге ерекше тоқталғанды дұрыс деп есептеймін. Біріншіден, сол білім алуға барған елде немесе оқу ордасында жат діннің ықпалына түсу қаупі. Әдетте, адам мұндай келеңсіздіктерге аты беймәлім ұйымдар, бауырластық, достық атын жамылған түрлі діни қауымдастықтар мен хұжыралардың (ордендер) тарапынан қаржылай көмек алатын түрлі шет тілдерін үйрету орталықтарына қатысу, мемлекет бақылауынан тыс ғибадат ету орындарын аралау, белгісіз дін лидерлерінің жеке сабақтары мен дәрістерін тыңдау кезінде тап болуы мүмкін. Екіншіден, балаңыз шетелде діни білім алатын болса, онда ата-ана баласының қандай діни мекемеде немесе діни орталықта оқып жатқанын білуі керек.  Мүмкіндігінше жиі бақылауда ұстап,  балаларының ресми медреселер мен жоғары оқу орындары қабырғасында оқып жатқанын анықтағаны жөн. Сондай-ақ, белгісіз «хұжыралар» мен «марказдарға» (діни орталықтар) байқамай түсіп кетпеуін де жіті қадағалап отырғаны абзал. Балалардың бос уақытын қалай және кіммен өткізетіні аса маңызды. Үшіншіден, ата-аналар мен жастар шетелдің кейбір діни ұйымдары аттарын әртүрлі зайырлы немесе ресми атаулармен жасыратынын білулері керек. Мысалға, ағылшын немесе араб тілдерін, бизнес жүргізу негіздерін тегін үйрету курстары, өзін өзі дамыту, танымал психология, шешендік өнер курстарының артында шетелдік азаматтарды арбаумен айналысатын деструктивті ұйымдар тұруы мүмкін. Барлық аталған факторлар деструктивті, соның ішінде діни идеялар мен көзқарастардың елімізге енуі мен таралу қаупін тудыратынын естен шығармаған жөн. Олар діндарларымыздың арасында ой мен көзқарас қақтығыстарының, қоғамымыздың азаматтық, әлеуметтік-экономикалық және моральдық-этикалық өмір сүру аяларында теріс қоғамдық көзқарастың туындап, дамуына әсер етуі ықтимал. Мұның бәрі, әрине, бізді қатты толғандырады, әрі шетелдегі азаматтарымыздың қауіпсіздік шараларын терең зерттеуге мәжбүрлейді.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 11-бабына сәйкес, мемлекетіміз өз азаматтарының қорғанысы мен қамқорлығын ел шекарасынан тыс жерлерде де қамтамасыз ететіні белгілі. Сондықтан, еліміздің мемлекеттік органдары қазақстандықтарды шет мемлекеттердегі түрлі даулы жағдайларға немесе жат діннің идеологиялық арбауына түсу жолдарынан шеттетуге бар күш-жігерін жұмсап отыр. Алайда, мұндай жағдайлардың алдын алуда ата-аналар мен студенттердің рөлі ерекше екенін тағы да атап өту керек.

Еліміздің жастары қазіргі таңда діни білімді отандық діни оқу орындарында алғаны маңызды. Ата-аналар мен студенттер сапалы діни білім алу үшін Қазақстанның да мүмкіндіктері жоғары екенін білулері керек. Еліміздегі жоғары оқу орындарында мемлекеттің тапсырмасымен 800 студент – болашақ дінтанушылар мен теологтар білім алуда. Бүгінде мемлекет пен отандық оқу орындарының тарапынан шетелдің діни оқу орындарынан Отанға қайтып оралған қазақстандық студенттердің діни білімдерін жалғастыруын қамтамасыз ету үшін бірлескен шаралар қолға алынып отыр. Мұның жастар мен тұтас Қазақстан қоғамының рухани қауіпсіздігіне ықпал ететін мәселе екенін атап көрсеткіміз келеді. Расында да біле білгенге рухани азық, білмегенге – от. Дін – ізгілік, жақсылық, мейірімділік, адамды шындыққа жеткізетін жарық. Демек, шет елде діни білім алып жатқан жастардан бөлек отанымыздағы кейінгі толқынның да діни таным-түсінігінің кеңеюіне баса назар аударуымыз керек.

Қазақ әдебиетінің классигі Ғ.Мүсірепов айтқандай: «Адам баласы бірдемеге сенбей, арқа сүйемей тұра алмайды, сол сенімнің аты – дін».

Адамзат тарихында мәдениет қалыптастырып, мемлекет құра алмаған халықтар болған, бірақ, сенімсіз, дінсіз және ғибадатханасыз мемлекет болмаған. Дін барлық тақырыпта адаммен байланысып, соның пайдасын, жан тыныштығын және бақытты болуын қалайды.

Діннің негізгі рөлі – адамға өзін таныту және осы жалған мен кейінгі өмірде адамзат баласын барлық атқарған істері үшін не күтіп тұрғандығын ұғындыру. Әрбір жақсылықтың да, жамандықтың да сұрауы бар екендігін таныту. Діннің арқасында адам ізгілікке, имандылыққа тәрбиеленеді. Дін – адамды адастырмайтын шамшырақ, құндылықтарды қасиеттеп, құрметтеуге үйрететін үлгі мектебі. Халықтың мәдениетінің, рухани әлемінің негізі. Діннен, мәдениетінен, тілінен айырылған халық жер бетінен ұлт ретінде де жойылады. Сол үшін әр халық өзінің болмыс-бітімін, ерекшелігін сақтауы үшін дін тазалығын сақтау да аса маңызды.

Дін мәселесі – өзекті тақырып. Қазіргі таңда дінді саяси құрал немесе қаржы көзі ретінде пайдаланушылардың қарасы көбейіп, өз мүдделері үшін жұмыс жасауда. Дін атын жамылып, адамдардың санасын улап, көздеген мақсаттарына жету. Бейбітсүйгіш, дархан көңіл, меймандос халқымызға жат бұл әрекеттер жақсылық әкелмейтіні белгілі.

Жастарымыз дәстүрлі емес жат діндердің соңына көзсіз кетуі, қоғамнан оқшаулануы әрбір азаматты, ата-ананы қатты алаңдатады. Жастардың дінге бет бұруы дұрыс-ақ, бірақ қай бағытта екені ойландыратын мәселе. Өкінішке орай кейбір «құндылықтар» дінімізден, ұлттық тәрбиемізден, дәстүрімізден жоғары болып тұр.

Ата-бабаларымыз ұстанған Ислам діні үлкенді сыйлауға, кішіні құрметтеуге негізделген. Ислам діні – адамзатқа жіберілген ең соңғы кемел дін. Ислам діні – ғаламдық мәдениет пен өркениет жолы. Ислам қандай болсын ұлтқа, дін өкілдеріне қарсы шықпайды және басқаларды бірлікке шақырады. Қайта олармен әлеуметтік деңгейде жақсы қатынаста болуға шақырады. Себебі, Ислам ұлтқа және ұлттық мәселеге қатысты анық әрі берік ұстанымға сүйенеді. Ислам әлемдік дін ретінде қазақ халқының өмірі мен салт-дәстүрімен үйлесімін тапқан. Бұл халқымыздың ділі мен тілінде, мінез-құлқында және салты мен әдет-ғұрпында айшықталған.

Қазіргі таңда мынау дұрыс емес, харам, күнә деп ата-анасына қарсы келіп жатқан жағдайлар орын алып жатқанын көпшілігіміз естіп те, көріп те, алаңдап та жүрміз. Сондықтан ұрпақ тәрбиесіне үлкен мән бермесек, онда біздің мемлекеттің болашағы бұлыңғыр деп айта аламын. Сол үшін әрбір ата-ана ұрпақ тәрбиесіне жауапты. Себебі олар біздің болашағымыз.

Үйлену, ұрпақ көбейту – адамзат баласының сақталуының бірден-бір кепілі. Баланы өз өмірінің жалғасы деп ұққан қазақ халқы бала тәрбиесіне баса назар аударған. Бала тәрбиелеуде халық өзінде бар асыл сөз, даналық ойларын балаларға арнады. Ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін баланың бойына сіңіруге тырысқан. Бала тәрбиесі жөнінде Абай: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер, білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады. Ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе олардың қайсысын жақсы көрсе, содан жұғады», — деп, осы үшеуіне баланың болашағы байланысты екенін ескерткен. Сол кезеңде қағидаларды қатаң ұстанған қазақ баласын жеті жасынан бастап хат тануға, иманды да ибалы болуға үйрететін ұстазға берген. Қазақ әдебиетіндегі қай жазушы, ақынды, ғалым, мемлекет қайраткерін алмаңыз, бәрі де алғаш ауыл молдасынан хат танып, білімі исламнан бастау алған. Сондықтан да артында ғибратты сөз қалған, халқына барынша адал қызмет еткен. Мұның барлығы діни, имани тәрбие, тазалықтың белгісі.

Тәрбие отбасынан басталады. Отбасы баланың адамгершілік, тұлғалық қасиеттерін, жеке қабілеттерін дамытып, белсенділікке, шығармашылыққа, жігерлі, қайратты болуға тәрбиелейді. Отбасы ұғымы тек ұрпақ жалғастырумен өлшенбейді. Отбасы қоғамның маңызды бір бөлігі, ұлттың бүгіні мен ертеңі. Ислам діні отбасын сүйіспеншілік пен жанашырлық сезімін қалыптастыратын қасиетті шаңырақ ретінде қарастырады. Отбасылардың бірлесуінен ұлт пайда болады. Ұлт үшін отбасының маңызы зор. Отбасы – ұлтты ұлт ететін, ұлттық және рухани дәстүрлерді үйрететін мектеп.

Тәуелсіз мемлекетіміз өркениетті әлемге танылып, елдігіміздің берік іргетасы қаланды. Қасиетті де киелі құндылығымыз – Тәуелсіздік халқымыз үшін жаңа өрлеу жолын ашты. Қазақстан – көп ұлтты, көп конфессиялы, зайырлы мемлекет. Еліміз тек қана бейбітсүйгіш діндерді қолдайды, діни алауыздыққа жол бермейді. Басты құндылығымыз – бірлік. Бірақ бейбітшілігімізге, бірлігімізге сына қағушылар да жоқ емес. Дінді қолжаулық етіп, елімізге іріткі салу арқылы түрлі тармақтарға, бір-бірін жек көретін топтарға бөліп, бір елдің, бір ұлттың ішінен бітіспейтін дұшпан топтар жасақтауға жол бермеу керек. Онымен қоса түрлі мәдениеттерді тықпалау арқылы жастарды ұлттық болмысынан, әдет- ғұрпынан ажырату, оған бейтарап күйге қарайтын күйге ендіру арқылы олардың санасын жаулап алуға ұмтылады. Жат діни ағымдар азаматтарымызды адастырып, жас бала түгілі ересек адамның өзін шатастырып жүр.

Діни тұрақтылық ең маңызды мәселе екенін ұмытпауымыз керек. Жастарға ақылшы болып жүрген дін атын жамылушылар «әке-шешең намаз оқуға рұқсат бермесе, оларды тыңдамауыңа да болады» деп ата-ана мен перзент арасындағы сыйластыққа сызат түсіруде. Нәтижесінде ата-анасынан гөрі ұстазы жақын болып кетіп жатады, ал Ислам діні отабасына, әсіресе оның негізгі екі тірегі – ата-анаға ерекше мән берген. Әуелі Жаратушы алдындағы борыштарымыздан кейін бірден ата-анаға деген міндеттеріміздің келуінде де ерекше мән бар. Қасиетті Құран Кәрімнің «Әнғам» сүресінің 151- аятында: «Сіздерге Раббыңызды нені харам еткенін білдірейін, Оған (Аллаға) еш нәрсені серік қоспаңдар, ата-анаға жақсылық жасаңдар!» деп білдірген.

Өзін тура жолда деп есептейтіндер діншілдіктің белгісі сақал қою, хиджап кию деп санайды. Діннің тонын жамылған әсіредіншілдер мен жат ағымға бойұсынғандардың ұстанымында: Отан, дәстүр, ұлт, тіптен ата-ананы құрметтеу ұғымдары жоқ десем де болады. Дәстүріне, ата-анасына, мемлекетіне қарсы шыққан азаматтың елімізге пайдасынан зияны көп сияқты.

Сондықтан елдің бірлігін сақтау үшін мемлекеттік идеологияға сүйену қажет. Отбасындағы тәрбие ең алдымен отаншылдық, елдікке, бірлік-ынтымаққа тәрбиелейтін мемлекетшіл идеология болу керек. Онымен қоса отбасынан бастап оның егізіндей етіп, рухани-мәдени өзекте діни тәрибені қалыптастыру керек. Мемлекеттің жүргізіп отырған саясатында идеология жоқ деуге болмайды. Бірақ ол идеология өз еліміздің оқшау қалуына емес, ортақ әлемнің озық үлгілеріне де жол ашатын, жаңашыл болғаны жөн.

Қорыта айтар болсақ, халықтың санасында қуатты егемен ел болу мемлекеттің материалдық байлығына ғана емес, идеологиясына да байланысты. Әрине, елдің қуатты болуы қазынаға да тәуелді, бірақ, халық рухани байлықтан жұрдай, ұлттық санадан алшақ болса, мұның барлығы бекер. Себебі қашанда елдің болашағы, дамуы қазынамен өлшенбеген, ұлттық құндылықтар мен рухани байлыққа негізделген. Сондықтан үшінші мегаполис – Шымкентте де біздің орталық қызметкерлері жат ағымның алдын алу жұмыстарын жалғастыра беретін болады.

Шымкент қаласы ішкі саясат және
дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің директоры Мади Бесбаев