Діни радикализммен күрестегі ақпараттық жұмыстардың маңызы

0
1752

Алғысөз ретінде айта кетер болсақ, еліміздегі дін саласын реттеу жұмыстары  бүгінгі таңда Конституцияда бекітілген зайырлылық қағидаттарын басшылыққа алады. Сәйкесінше, біздің елімізде адамдардың дінге қатысты қажеттіліктерін еркін өтеулері үшін барлық жағдайлар  жасалған. Қолданыстағы заңнамаларда елімізде ешбір діннің міндетті еместігі және  ешбір дінге қандай да бір артықшылық берілмейтіні және заңды түрде қызмет атқарып отырған барлық конфессиялардың заң алдындағы теңдігі нақты бекітілген.
Осындай қарапайым әрі түсінікті ережелер, өз кезегінде, жұртшылықтың дін саласында жүргізіп отырған мемлекеттің саясатын оңды бағалауына мүмкіндік беріп отыр деп айтуға болады.

Осы ретте, біздің елімізде дін саласындағы саясатты іске асыру шеңберінде діни радикализмнің өсе түсіп отырған қаупін алдын алуға баса мән беріледі. Бұл бағыттағы дін саласындағы  уәкілетті орган болып табылатын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті барлық деңгейдегі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлестікте және  азаматтық қоғам институттарын кеңінен тарта отырып өз құзіреті шегінде бірізді жұмыстар жүргізіп отырғанын айта кету керек.  

Уәкілетті органның діни радикализмнің алдын алудағы өз  құзіреті шегіндегі жұмыстарында қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының және діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» шеңберінде діни әдебиеттер мен ақпараттық материалдарды дінтанулық сараптамадан өткізу, интернет-ресурстарды мониторингтеу арқылы күмәнді діни идеяларды таратумен айналысатын сайттар мен парақшаларды анықтау және оларды бұғаттауға ұсыныс беру жұмыстарынан бөлек жұртшылық арасында діни радикализмге иммунитет қалыптастыру мақсатында ағартушылық-түсіндіру жұмыстарын іске асыруға, әртүрлі теріс діни ағымдар мен жалған діни ұйымдардан зардап шеккендерді оңалтуға және ақпараттық жұмыстар жүргізуге ерекше мән беріледі.

Осы орайда бұл бағыттағы жұмыстарды бірізділігі жағынан бір-бірімен өзара тығыз байланыста көрініс табатын  бірнеше бөліктерге бөліп қарастыру керек.

Бірінші бөлікке діни экстремизм мен терроризм идеяларының таралуының алдын алу мақсатында дін мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру топтарын құру, орталық және жергілікті деңгейде олардың жұмыстарын ұйымдастыру, әдістемелік қамтамасыз ету және үйлестіру арқылы теріс діни идеяларға тоқсауыл қою жатады. Радикалдық ағымдардың ұстанушыларын дәстүрлі ортаға қайтару, кеңес беру және оңалту жұмыстарын қамтитын екінші бөлікте теріс ағымдардың ұстанушыларын дәстүрлі ортаға қайтару және экстремизм баптары бойынша бас бостандықтарынан айырылып, түзеу мекемелерінде жазаларын өтеушілермен оңалту бағыттарында кешенді шаралар іске асырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар уәкілетті органның қаржыландыруымен жұмыс істеп отырған «Ақниет» орталығы арқылы іске асырылуда.

Үшінші бөлікті дәстүрлі тарихи сананы, мәдени-рухани құндылықтарды насихаттау арқылы еліміздің тұрғындарын радикалдық діни ағымдардың теріс идеяларынан сақтандыру мақсатындағы  ақпараттық жұмыстар құрайды.
Жалпы, дін саласындағы ақпараттық жұмыстар тұрғындардың кең тобының арасында деструктивті және экстремистік идеялардың алдын алуға бағытталған ақпараттық-танымдық және ағартушылық жұмыстардың маңызды бір бөлігі болып табылады. Мұндай кешенді жұмыстар конфессияаралық келісімді нығайтуға, қоғам назарын осы салада орын алып отырған мәселелерге және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бұра отырып тұрғындардың мемлекеттік құрылымдарға қатынастағы сенімдерінің негізін қалауға және олардың белсенді азаматтық ұстанымдарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Діни радикализмнің алдын алу шегінде жүргізілетін ақпараттық жұмыстар еліміздегі діни ахуал туралы толыққанды, сапалы әрі сенімді ақпарат бере отырып, деструктивті діни ағымдарды мансұқтау және діни сипаттағы экстремистік идеялардың таралуының алдын алу мақсатына жұмылдырылуы тиістігі анық.
Діни радикализмді еңсеру бағытындағы ақпараттық өнімдер мақсатына сәйкес кең жұртшылықпен қатар нақты аудиторияға бағытталуы қажеттігін және еліміздегі діни ахуалды есепке алатын ақпараттық-танымдық және ағартушылық сипатқа ие болуы керектігін көрсетеді. Сәйкесінше, қазіргі күнде мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен жүзеге асырылып отырған  радикализмге қарсы ақпараттық жұмыстар дін саласындағы одан да ауқымды ақпараттық басымдықтарға бағындырыла отырып, жүзеге асырылуда.

Осы мақсатта  
— еліміздің тұрғындарының дін саласындағы мәселелерге қатысты көзқарасы мен ұстанымын  қалыптастырумен;
— азаматтардың дін саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуы туралы ақпараттандырылуын қамтамасыз етумен;
— дін саласындағы жалпы сауаттылық деңгейін көтеру арқылы азаматтардың құқықтық мәдениетін көтерумен;
— қоғамда зайырлы қағидаттар мен конфессияаралық келісімді ілгерілетумен және осы мәселелер шегінде орын алуы мүмкін шиеленістердің алдын алумен;
— жұртшылыққа заңды қызмет атқарып отырған діни бірлестіктердің  жұмыстарын ашып көрсетумен;
— қоғамда деструктивті жалған діни ұйымдар мен ағымдардың таралуының алдын алумен.
— өз құзіреттері шегінде дін саласындағы саясатты іске асырумен айналысып отырған мемлекеттік органдардың қызметтерін және осы бағыттағы жұмыстарға атсалысып жүрген қоғамдық ұйымдардың жұмыстарын жариялаумен және осы қатардағы басқа да байланысты жүзеге асырылып отырған кешенді жұмыстарды ашып көрсетумен байланысты ақпараттарды әзірлеуге, орналастыруға және таратуға үлкен мән беріліп отыр.

Осы орайда, діни радикализмнің алдын алудағы ақпараттық жұмыстарда бірнеше жылдар бойы пәрменді нәтиже көрсетіп келе жатқан «Kazislam.kz» ақпараттық-ағартушылық порталының жұмысы елеулі деуге болады.
Өзінің жеті жылға жуық тарихында танымал отандық діни сайтқа айналып үлгерген осы портал бетінде тұрғындардың діни сауатын арттыру, мемлекеттің зайырлы қағидатын және дәстүрлі рухани құндылықтарды насихаттау, азаматтардың бойында діни радикализм, экстремизм мен терроризм идеяларына қарсы иммунитет қалыптастырудың өзекті мәселелері бойынша ақпараттық материалдар толассыз жарияланып отырады.
Осы ретте, аталған порталдың сарапшылар бағанына келіп түскен сұрақтарға білікті теологтар тарапынан жауап беріп отыру бағаны жақсы жолға қойылғанын айта кету керек.
Қорыта айтқанда, дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету шеңберінде бүгінде іске асырылып отырған ақпараттық жұмыстардың қоғамымызда идеялық тұрғыдан бой көрсетіп отырған діни радикализмді еңсерудегі маңызы күшейе түсетін болады.

Мейрам Иманбаев,
сарапшы





Ақпарат көзі: https://kazislam.kz/%d0%b4%d1%96%d0%bd%d0%b8-%d1%80%d0%b0%d0%b4%d0%b8%d0%ba%d0%b0%d0%bb%d0%b8%d0%b7%d0%bc%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d0%ba%d2%af%d1%80%d0%b5%d1%81%d1%82%d0%b5%d0%b3%d1%96-%d0%b0%d2%9b%d0%bf%d0%b0%d1%80%d0%b0/