Наурыз ұлттық мереке

0
3708

Наурыз «нав – жаңа, руз – күн» деген парсы тілінен енген кірме сөз. 22 наурыз қазіргі күнтізбе бойынша күн мен түннің теңесуіне сәйкес келеді. Ең алғаш мерекені парсы халықтары ғана тойлайтын болған. Уақыт өте келе түркі тілдес халықтары да наурызды ұлттық мереке ретінде тойлайды. Алайда, діни тұрғыдан таяз ойлайтын кейбір азаматтарымызбен, жергілікті халықтың салт-дәстүрін білмейтін шейхсымақ  дүмшелер діндарлар наурызды тойлауға болмайды «ширк» деп, үзілді-кесілді қатаң пәтуа шығарғандары болды. Наурыз мерекесін тарихта Мұса (ғ.с.) пайғамбар мен Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбармен байланыстырғандар да кездеседі. Байырғы  халықтар исламды қабылдамай тұрған кезде де, наурыз мерекесін тойлай беретін болған. Ол кезде отты айналу мен оттан секіретін жайттар да кездескен. Осыған орай сәлафи ғұламалары наурызды мәжусилерден бастау алған деп қарсылық білдірген. Бірақ, түркі халықтарына ислам келгеннен соң, ондай отқа табыну сынды наным-сенімдер бүгінде жойылған. Қайта керсінше қоғамға біте қайнасып, ұлттық діни таныммен ұштасқандығын аңғарамыз. Наурыз көже ұлттық тағам. Келер жылғы молшылықтың жоралғысы ретінде наурыз тойында әрбір шаңырақта міндетті түрде әзірленген.  Халықтық дәстүр бойынша оған бидай, тары, сүр ет, бұршақ, сүт, су, тұз сияқты кем дегенде жеті түрлі азықтық заттар міндетті түрде қосылуы тиіс. Тақ санын сақтап, мұндай заттар көбейтіле беріледі. Соғымнан арнайы сақталған мүшелер (қазы, қарта, шұжық, т.б.) де қосылады. Ол негізінен бидай көже, тары көже секілді әзірленген (қысқаша Көже). Наурыз көжені халық арасында “тілеу көже”, “көп көже” деп те атай береді. Наурыз көжеге, наурызға арналып сойылған малдың кәделі асына Наурыз бата берілген соң, жиналған халық: “ақ мол болсын” деген тілек айтып тарқасады. Сондықтан да наурыз ұлттық мереке. Оны діни мейраммен байланыстырып, харам, ширк, бидғат деп айту еш қисынға келмейді.

Кеңестер Одағы наурызды тойламауға 1926 жылы арнайы қаулы шығарды. 62 жылдан кейін барып, 1988 жылы наурызды тойлауға қайтадан рұхсат алды. Әрбір халықтың өсіп-өркендеуі үшін ұлттық мерекелері де қатар жаңғыруы қажет. Наурызда ұлттық киім киіледі. Ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар дәріптеледі. Мұхаммед пайғамбар да өз ұлтын сүйген. Діни пәтуа бергенде де, сахабаларына мекен етіп жатқан халықтың салт-дәстүрі ислам шариғатына қайшы келмесе орындауға бұйырған. Хазіреті Әли және Муғауия сынды сахабалардың Наурыз мерекесіне қарсы болмағандығы тарих кітаптарынан мәлім. Тарихшы әл-Хатыб әл-Бағдадидің айтуынша, имам Әбу Ханифаның атасы Нұғман ибн Марзубан сахаба Әли ибн Әби Талибке (р.а.) наурыз күні «фәлузаж» деп аталатын бір тәтті тағам ұсынған. Хазіреті Әли (р.а.): «Бұл не?» – деп, сұрағанда Нұғман ибн Мәрзубан: «Наурыз күніне орай пісірілген тәтті тағам», – деп жауап берген. Сонда сахаба Әли (р.а.): «Бізге күніге осындай наурыз тағамын әкеліп тұрыңдар», – деген екен.

Әл-Яқуби өзінің тарих кітабында: «Сахаба Муғауия (халифа болып тұрған тұста) Басраның әкімі Абдуррахман ибн Әби Бәкраға хат жолдап, өзіне наурыз сыйлықтарын әкелуге бұйрық берген» деген дерек келтіреді. Егер наурыз мерекесі өз алдына харам болса, онда оған орай жасалған сыйлық та харам болуы керек еді. Кез-келген салт немесе дәстүр халықтың діни ұстанымдарына қарай бейімделеді. Наурыздың қазіргі бет-бейнесі біздің салтымыз бен діни құндылықтарымызға әбден сіңіскен деуге болады.

Бүгінде наурыз мейрамы діни ерекшеліктерін жоғалтып, отқа табынушылық дінінің элементтерінен ада, халық арасында тек дәстүр ретінде қалыптасқан. Оған дәлел мұсылман тіршілігіне қатысты сан алуан салалардағы іс-әрекеттердің заңдылық сипатын анықтайтын фиқһ ілімінің негіздерінде «Әдет-ғұрып – төреші», яғни нақтылы дәлелдер келмеген кейбір мәселелерде адамдар арасында қалыптасқан әдет-ғұрыпқа жүгініп, солардың негізінде үкім шығарылады деген заңнамалық қағида.
Наурыз мерекесін тойлау шариғатқа қайшы емес, оны бұзылған діни сенімдерге байланыстыруға да ешқандай негіз жоқ, керісінше осындай салт-дәстүрлеріміз арқылы халқымыздың ынтымақ-бірлігі күшейеді, туыстық, достық қарым-қатынастар нығаяды, сүйіспеншіліктері артады. Ендеше, әз-Наурызды жатсыну, халық арасында дау тудыру, салт-санаға шабуыл жасау – ағаттық. Діні мен дүниесін қатар ұстаған халқымыздың бұрын бөлмегенін бүгін бөлудің ешқандай мәні жоқ.

Сондықтан наурыз мерекесіне қатысты кейбір азаматтарымыз дұрыс танымдық көзқарасты қалыптастырулары қажет.
Түркі халықтарында наурызды тойлау үлкен көлемде аталып өтеді. Көпэтносты еліміздің азаматтары ұлттық тағамдарын әзірлейді. Оны бір-біріне ұсынып, ізгі тілектерін білдіріп жатады. Арасындағы достық қарым-қатынастарының арта түсуіне, Әз-Наурыздың да ықпалы зор.


Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы Байманова Тыныштық