Жастардың дін жолында адасуының психологиялық салдары

0
1362

Жастар қашанда қоғамның қозғаушы күші. Болашағын бағамдайтын мемлекет жастарының санасының ояу, білімінің жоғары болуына басты мән береді. Елiмiздiң болашағы жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Олар ата-бабаларымыздан мұра  болып келе жатқан құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерiмiздi жаңғыртып, оны алға бастырып қана қоймай, экономикасын, ғылымын да дамытуға, жiгерлене ел үшiн еңбектенуге мiндеттi. Дейтұрғанмен қазіргі таңда еліміздегі кейбір жастарымыздың теріс діни ағымға еріп, саналарының көз алдымызда улануы ойландыратын мәселе болып отыр. Діни ағымдардың кейбір жастардың рухани білімге деген ынтасын теріс бағытқа, өзге мәдениет пен теріс құндылықтарды насихаттап, жастар арасында діни саутсыздық тудырып жатқан жағдаяттары орын алып келеді. Өркениетінің алыстығы теріс жолға түскен жастарымызды ортаға сіңімділігін төмендетіп, өз алдына орта қалыптастыруға алып келетіні сөзсіз. Сонымен қатар ол орталарда қосалқы мәдениет қалыптастыратынын да жоққа шығара алмаймыз. Бұл жерде діннің атын жамылған ағымдардың діни-психологиялық және әлеуметтік тартымдылығы өз алдына бөлек мәселе.

Психология саласының мамандары адам баласының құбылыс екендігі, кез-келген ортада психологиялық әрі әлеуметтік мәжбүрлікпен болған жағдайда, сол ортаның жалған идеяларына сіңісіп, ол идеяларды өте келе ақиқаттай көретінін алға тартады. Жастардың қай замандарда болмасын, әрқашан қоғамда үлкен әлеуметтік күшке ие болғанын байқаймыз. Оның үстіне бүгінгі жастың ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын басшы боларын ескерсек, олардың қоғам үшін маңызы арта түседі. Сондай-ақ жастарда үлкен, әрі жүзеге асырылмаған қуаты мен мүмкіндіктері де бар екенін ұмытпауымыз қажет. Ал, бірақ басқа қырынан қарасақ салыстырмалы түрде жастар қоғамда әлеуметтік жағынан ең аз қамтылған топқа жатады. Сондай-ақ әлі өмірлік тәжірбиесі қалыптаса қоймаған және сезімге ерік беретін жастар, көбінесе өзіне ұнаған кез-келген бір идеяның соңынан еруге дайын тұрады.

Мұнан көріп тұрғанымыздай жастар қоғамның ең күшті әрі ең осал тұсы болып табылады. Көптеген қоғамға таңсық, оның тыныштығын бұзатын идеялар жастар арқылы таралатыны тарихтан белгілі. Бүгінгі күні діншілдіктің діни мәдениеттің қалыптасуы қарқынынан озып кеткенін байқаймыз. Бұл өз кезегінде радикалды идеологияның қалыптасуына ықпал етеді. Ал радикалданудың салдары жақсылыққа апармайды. Сондықтан, діндарлықтың тым жылдам өсуі қауіп-қатерлер әлеуе­тін арттыруы мүмкін». Өйткені дін санаға әсер ететін күш. Ал сана жастардың өмірлік ұстанымдарын қалыптастырып, ынта мен күш-жігерлерін арттырушы. Саналық негіз қалай қалыптасса, үйдің іргетасы секілді жастарда солай қарай бой түземек. Бұл туралы данышпан Абай атамыз: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде. Тәрбие ата –анасы, ұстазы, ортасы арқылы қалыптасады. Жас өсе келе қай ортаны жақсы көрсе, сол ортаның ықпалы жастардың санасына көп ықпал етеді», деген болатын қара сөзінде. Тәрбиедегі қамқорлық маңызды құбылыс. Жастардың теріс діни ағымдарға тартылуының негізгі себептерін саралап өтсек. Оны қазіргі уақытқа дейін сарапталған мәселелермен қатар, жаңаша көзқарастар да қалыптасып үлгірді. Жастарды адастыратын теріс діни ағымдардың айла-әдістерін сипаттасақ.

Олар: адастыратын ақпаратқа толы интернет пен әлеуметтік желілердің санын арттыру, санаға жеңіл патриоттық қуаты мықты теріс діни әдебиеттерді жариялау, санаға жеңіл діни ақпараттар мен шаблондардың тартымдылығын арттыру және насихаттау, әлеуметтік мұқтаждықтары бар жастарды қаржылық ынталандыру,  психологиялық әлсіздігі арқылы теріс ортаға бейімдеу, отбасындағы махаббаттың жетіспеушілігі  мен діни қызығушылығын оңтайлы пайдалану, жастардың бойына діншілдік психологияны арттыра насихаттау, эмоцияларын жалған діни ақпараттар арқылы шығаруға итермелеу, психологиялық күйзелістер шеңберінде жүрген жастарға демеу болу деген  секілді  бірқатар діни-психологиялық әрі әлеуметтік мәселелер. Сонымен қатар, бұл мәселелердің саяси жақтары да өз алдына бөлек дүние екендігі көпшілікке мәлім. Осы орайда мемлекет жастарды теріс діни ағымдардан қорғау жолында көптеген іс-шараларды жүзеге асыруда.

Өзекті мәселелердің бірі интернет  мәселесі. Бұл тұрғыда интернеттегі теріс діни ағым идеологияларына шектеу қою жұмыстары жалғасып келеді. Дегенмен мемлекет интернетке мүлдем тыйым сала алмайтыны белгілі. Осыны пайдаланған теріс діни ағым менеджерлері интернеттегі жұмыстарын жалғастыратынын ескере келе, жастарға интернеттегі ақпараттардың көбісін байқап, арнайы ұстаздармен ақылдаса отырып пайдалану қажеттігін ескертеміз. Сонымен қатар,  қуаты мықты теріс діни әдебиеттердің санаға жеңіл діни ақпараттарды жою мақсатында бірқатар жұмыстары жалғасып жатыр. Мемлекет тарапынан дәстүрлі рухани құндылықтарды насихаттау жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Ал, тәрбиелік мәселелерде мемлекет  тарапынан өнер, қоғамдық салалы мекемелер арқылы жаңаша жолдарға ден қойып, қоғамдық институттар арқылы жастарды тәрбиелеу жолдары іске асырылып келеді. Тарқатып айтсақ, кино саласындағы тарихи-рухани туындылар, театр сахнасындағы қоғамдық тәрбиеге үн қосатын көрсетілімдер, тәрбиелік мазмұндағы еңбектер мен газеттер, интернет пен әлеуметтік желілерде тәрбиелік мәні зор парақшаларды жүргізуді ұйымдастыру, рухани танымдық кештер мен іргелі іс-шараларды жүзеге асыру жалғасып келеді. Дегенмен бұл бағытта ата-аналардың тәрбие саласына аса мән беру керектігін ескертеміз. Неге, өйткені әр ата-ана өз балаларының тәрбиесіне аса мән беріп, отаншылдық бағытта тәрбиелесе,   ол баланың болашақта игілікті істер идеясымен өмір сүретіні белгілі. Шығыс тәрбиесінде білімді әрі иманды ұрпақ тәбиелеу үшін «баланы аз материалдық дүниелермен қанағаттандырып, көп уақыт бөлу керектігі» туралы ұстаным бар. Тарихымыздағы еліміз үшін жанын пида еткен ата бабаларымыздың тәрбиесіне зер салсақ, арғы жағында ұлағатты ата-ананың тәрбиесін байқаймыз. Сонымен себебін мазмұндай келе, аталған мәселенің салдары бойынша атқарылған мәселелерге тоқталсақ. Салдарларымен күресуде теріс пиғылды діни көзқарастағы жастарды дәстүрлі бағытқа оңалту жұмыстары, шетелдік діни оқу орындарына ұмтылушы жастарды қадағалау бағыты, діни экстремистік және радикалдық идеяларға шақыратын істері үшін азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту жұмыстары белсенді түрде жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар сотталушы азаматтарды жазасын өтеу орындарында дәстүрлі діни бағытқа бейімдеу жобалары да жүзеге асуда.
Жастарды өзгеше ойлауға жол бермеу мүмкіндіктерінің бірі, ол- спорттық және өнер орындарына тарту жұмыстары болмақ. Себебі қолы бос жастардың уақытты толтырудың ермегі әлеуметтік желілердегі теріс идеяларға байлану мен топтасу арқылы заңсыз әрекеттерге ұрыну жағдайларын туындататыны анық. Келесі бір мәселе, теріс діни идеологияларды таратушыларға заңдық негізде шектеулер қою.  Жастардың теріс діни ағымдарға тартылуының бірі жастарымыздың рухани аштығы болмақ. Зерделі оймен зер салып қарасақ, бұл көзқарастың да мәні мен маңыздылығы орынды мәселе. Ендеше, мемлекеттің  жастарды әрдайым әлеуметтік әрі рухани қолдау жауапкершілігін сеніммен жүзеге асырып келе жатқанына сеніміміз мол.

Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің психолог маманы Ахат Алдиев