Адам құқығы мен бостандығы – негізгі құндылық

0
4497

Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абай руханиятын бүгінгі күнмен, мемлекет құрылысымен, елдің дамуымен байланыстыра отырып кеңінен жеткізді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біз егемен ел ретінде өсіп-өркендеуіміз үшін мемлекеттілігімізді нығайтуымыз керек» дей отырып «азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекетті сыйлаудың мән-маңызын түсіндіру қажет» деп ерекше тоқталып өткен.

Осы ретте, Мемлекет басшысының атап өткеніндей мемлекетті сыйлаудың мән-маңызын түсіндіру қажет. Себебі мемлекетті сыйлау Конституцияны сыйлаудан бастау алады.

Конституцияны сыйлау үшін біріншіден оқу керек, екіншіден түсіну керек, үшіншіден қажет екенін ұғыну керек, сонда ғана тәуелсіз елдің қадіріне жете аламыз.

Конституциясының алғашқы бабында «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп бастайды.

Мән берер болсақ, «мемлекеттің басты байлығы – адам» деген бабынан басталғаны бекер емес. Демек, қоғамдағы атқарылған және атқарылуы тиіс шаруалар осы адамның игілігіне арналған. Ал, Конституция сол игіліктерді қорғайды.

Заң – еліміздің барлық азаматтарына бірдей қолданылады. Құранның жақсы мен жаманды, жарлы мен байды бөліп жармайтынындай. Сондай-ақ, «діни сенім бостандығы» Конституцияның 22-бабына сәйкес «ар-ождан бостандығы» ұғымының аясында қамтылады.

Ар-ождан бостандығы – тек дінді таңдау еркіндігі ғана емес, сонымен қатар діни емес таңдауды да айқындайды. Конституция таңдау құқығын әр азаматқа қалдырады және оның қалаған шешімімен келіседі, қабылдайды және қорғайды.

Қазақстан Республикасы әрбiр адамның діни сенім бостандығы құқығын құрметтейтiн демократиялық, зайырлы мемлекет болып табылады.

Азаматтар діни сеніміне қарамастан тең құқылы. Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін дiндердiң мәдени және тарихи құндылығын және конфессияаралық келiсiмнiң маңыздылығын, дiни төзiмдiлiктi және азаматтардың дiни нанымдарын құрметтейді.

Осы ретте, Қазақстан Республикасының азаматтары дiнге деген көзқарасына қарамастан заң алдында бiрдей. Заңда көрсетілген жағдайларды қоспағанда, өз діни сенiмдерiн себеп етiп азаматтық мiндеттерiн атқарудан бас тартуға ешкiмнiң қақысы жоқ. 

Соңғы екі-үш жылда мынандай әлеуметтік зерттеудің қорытындысы жарияланып жүр. Онда Қазақстандықтардың 15%-ы діндар, яғни діни рәсімдерді тұрақты орындайтындар. Азаматтардың 75%-ы Құдайға сенеді, бірақ тұрақты түрде діни жораларды орындамайды және діни бірлестіктер қызметіне тартылмаған. Азаматтардың шамамен 10%-ы өздерін атеист немесе агностик деп санайды. Бұл діни сенім бостандығы саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігінің көрсеткіші болып табылады.

Заңгерлер мемлекет азаматтардың құқығы мен бостандығына қатысты үш түрлі жауапкершілікті айтады. Олар – құрметтеу, қорғау және толығымен жүзеге асыру. Біздің еліміз – осы үш тағанды берік ұстанған елдердің қатарынан.

Сонымен қатар мемлекет іс жүзінде барлық діндер мен азаматтардың құқықтық еркіндігін Конституциядан басталып, салалық заңдар арқылы жүзеге асырады.

Мәселен мемлекеттің «зайырлы» сипаты Конституциясының 1-бабының 1-тармағында, ал «қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық» түбегейлі қағида екендігі 2-тармағында нақты бекітілген.

«Діни» араздықты қоздыратын қоғамдық бірлестік құруға 5-баптың 3-тармағында тыйым салынса, «шетелдік діни бірлестіктердің қызметін» реттеу 5-тармағында нақтыланған.

14- баптың 2-тармағында «діни көзқарасына, нанымына» қарай кемсітуге болмайды деп көрсетілген.
19-бапта әркім «қай дінге жататынын өзі анықтайды».
22-бап толығымен «Ар-ождан бостандығы құқығы» және «Ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс» делінген.
34-баптың 1-тармағында «Әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті» деп жазылған.

Сондықтан Конституцияның нормаларын кез келген азамат жақсы білуі және ұғынуы керек.

Мемлекеттің Конституциясы адам құқығы мен бостандығын құрметтеу – мемлекет пен қоғамның негізгі құндылығы. Конституцияда азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтары нақты көрсетілген және шынайы кепілдендірілген.

Біз тілге тиек етіп отырған діни сенім бостандығы Азаматтық кодексте және «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңда, өзге де нормативтік құқықтық актілерде нақты көрсетілген. Елімізде діни сенім бостандығы мен еркіндігін қамтамасыз етудің барлық қажетті мемлекеттік-құқықтық кепілдіктері жасалған.

Сондықтан Мемлекет басшысы айтып өткендей қоғамда береке-бірлігімізге іріткі салатын жағымсыз әрекеттерге бой алдырушылардың ылаңы шаң беріп қалады. Ол – адам өміріне, қоғамға қауіп төндіретін радикалды көзқарастар мен терроризмге жетелейтін әрекеттердің орын алуы.

Азаматтарымыз ешкімнің құқығына қол сұғуға болмайды. Азаматтардың дiнге көзқарасына қарай олардың құқықтарын тiкелей немесе жанамалап шектеу, қандай да бiр артықшылықтар белгiлеу, өшпендiлiк пен келіспеушілік туғызу, азаматтардың ар-ождан бостандығы жәбiрлеу, сондай-ақ, қайдай да бiр дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершiлiкке тартылады.

Бір сөзбен айтқанда діни сенім бостандығы – адамның жеке өзі немесе басқалармен бірге қандай да бір дінді ұстануға немесе ұстанбауға, еркін таңдауға, діни сенімде болуға және таратуға, соған сәйкес әрекет етуге құқықты адамның негізгі жеке бостандықтарының бірі.

Елімізде Қазақстанда 18 конфессияны құрайтын 3796 діни бірлестік қызмет атқарады. Олардың ішіндегі басым көпшілігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттер құрайды – 2664.

Ал саны жағынан екінші орын алатын – 342 діни бірлестігі бар Орыс Православие Шіркеуі. Келесі орындағы Рим-католиктік шіркеуінің 86 діни бірлестігі бар.

Сондай-ақ, Қазақстанның конфессиялық кеңістігінде 500-ден астам простестанттық діни бірлестіктер,  7 иудей қауымы, 2 буддистік діни бірлестік, Кришна санасы қоғамы, бахаилер, методистер, меннониттер және өзге де бірқатар діни бірлестіктер қызмет атқаруда.

Мемлекеттің дін саласындағы саясаттың нәтижесінде Қазақстанда қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ететін діндердің өзара әрекеттесуінің тұрақты моделі қалыптасты.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев:
«Қазақ топырағы арқылы барлық әлемдік діндер өткен, сондықтан да жатырқаушылық немесе діни фанатизм бізге жат. Осынау рухани дәстүр, Жаратушының қандай жолмен болса да түскен сөзіне жүрегіміздің ашықтығы – Қазақстандағы конфесссияаралық татулықтың аса маңызды тұғырларының бірі. Біз өзіміздің жатсынбас тұрпатымызбен, этносаралық, конфессияаралық татулығымызбен және өзара үндесуімізбен күллі әлемге танымалмыз. Еліміздің өсіп келе жатқан бітімгершілік әлеуеті алдағы уақытта да мұқият сақталып, дамытыла береді» деп атап көрсеткен болатын.

Діни сенім бостандығы саясатын ілгерілету қызметі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетіне жүктелген. Сонымен қатар мемлекеттік уәкілетті орган мемлекеттің дінаралық қатынастарды реттеу тек діни бірлестіктердің қызметін бақылау, заң бұзушылықтарға жол бермеу секілді шаралармен ғана шектелмейді.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дегендей, конфессияаралық қақтығыстарға, діни экстремизм, лаңкестік секілді әрекеттердің алдын алу екендігі түсінікті.

Дін істері комитеті мен өңірлік дін істері басқармалары үлкен көңіл бөледі. Осы бағытта Дін істері комитеті жанынан  құрылған дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы мен қатар 2393 адамды біріктіретін 24 өңірлік ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс жүргізуде.

Қорытындылап айтқанда, зайырлылықты адам құқықтарын, соның ішінде ар-ождан бостандығы мен діни сенім еркіндігін құрметтеу және қорғау аясындағы мемлекет пен діннің өзара ықпалдасуы деуге болады.
Демек біздің қоғамымыз үшін адамның діни сенімі мен құқығын қорғауға және сақтауға жауап бере алатын зайырлы қағидаттарды қамтамасыз ету басты міндет болып қала бермек.

Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ, дінтанушы, РАТТ мүшесі

Ақпарат көзі: https://kazislam.kz/adam-y-y-men-bostandy-y-negizgi/?lang=ru