Рамазан — тәрбие айы

0
2393

Ұлы жаратушының пенделеріне тартқан теңдессіз сыйы – қасиетті Рамазан – сансыз сезімдер мен толып тасыған ізгі ойлардың салтанат құрған, күн мен түн де тұтастай Жасаған Иеміздің рахымы мен мейіріміне тұнған ай.

Рамазан – айлардың сұлтаны. Басқа уақытпен салыстырғанда жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы да – Рамазан.

Рамазан – ол мейрімнің, кешірімнің, құлшылықтың, тәрбиенің  айы. Мұсылмандардың шам-шырағы болған Құран Кәрім осы қасиетті Рамазан айында түскен. Рамазан айында ораза тұтқан адам дене қалауларын тәрбиелеп, нәпсінің құлы болып кетуден сақтайды. Адамдарды төзімділікке, бауырмалдылыққа, игі істерді істеуге шақыратын айлардың бірі.  Рамазан айында ораза тұту ислам дінінің шарттарының бірі болып саналады.        
Рамазан айында жәннаттың есіктері ашылып, тозақ есігі жабылады әрі шайтандар кісенделеді.
Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, бекем тұтынатын жолбасшы, ақ пен қараны айырушы ретінде  Құран түсірілген ай.
Рамазан айының бастапқы он күні Алла Тағаланың рахметі, кейінгі он күні кешірім, соңғы он күні тозақтан азат болу.
Ораза — Алла Тағала өзіне бойынұсынған пендесіне мол игілікті уәде еткен.

Рамазан айында ораза тұту мұсылман баласы үшін парыз. Құранда: «Ей, иман келтіргендер, тақуалы болуларың үшін сендерден ілгерілерге (алдыңғы үмбеттерге ) парыз етілгені сияқты сендерге де ораза ұстау парыз етілді.» Бақара сүресі

Жалпы ислам дінінде ғибадат 3 ке бөлінеді.

  1. Денемен жасалатын құлшылық (иман келтіру, намаз, ораза)
  2. Мал-мүлікпен жасалатын құлшылық (зекет, құрбан шалу)
  3. Денеменде мал-мүлікпен де жасалатын құлшылық (қажылық)

Ал ораза ұстау денемен жасалатын құлшылық түріне жатады.
Ораза – адам нәпсісін тыйып, рухани өсуге, өз бойындағы жаман әдеттерден арылып, көркем мінезін тәрбиелеп қалыптастыруға мүмкіндік беретін ғибадат.
Ораза тұтқан кезде дініміздің басқа бұйрықтарына да мән беруіміз керек. Оларға мән берілмесе тұтылған оразаның сауабы азаяды немесе жоқ болады. Оразаның және басқа бұйрықтардың мақсаты — дұрыс адам болу. Ораза тұтқан адам жаман істер жасайтын болса, оразадан күтілген пайдаға қол жеткізу өте қиын.

Хадис шәрифте былай деп бұйырылған: «Қаншама ораза тұтқан адамдар бар, олар ашығу мен шөлдеуден басқа ешнәрсе ала алмайды».
Оразадан күтілген үлкен пайдаларға қол жеткізу үшін:
Көзді пайдасыз нәрселерге, харамға қараудан, жүректі жақсы нәрселерден тыйатын жағдайлардан сақтау керек. Тілін жалған, өсек, арандатушы сөздерден сақтау қажет. Оразаның сауабын сақтау үшін тілді түрлі жамандықтардан қорғау керек. Хадис шәрифте былай делінген:«Ораза – барлық жамандықтардың қалқаны. Ораза тұтқан адам надандыққа салынып, жаман сөз айтпасын. Егер біреу онымен ұрысса, «мен оразамын» деп жауап берсін».

Ораза жылына бір ай, яғни Рамазан айында тек күндізгі уақыттары оразаны бұзатын нәрселерден аулақ болу деген сөз. Оразаның дүниедегі пайдаларының бірі адамдарға аштық пен сусыздықтың не екенін үйрету. Қарны тоқ адам ешқашан аш адамның халін түсіне алмайды және оған мейрімділік танытпайды. Сонымен қатар ораза нәпіске ие болуды да үйретеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.с : «Бір адам рамазан айында ораза ұстауды парыз деп біліп, міндет деп біліп және оразаның сауабын Алла Тағаладан күтсе, өткен күнәлары кешіріледі.»— деген.

Ораза тұту денсаулыққа зиянды емес, керісінше өте пайдалы. Өйткені Алла Тағала құлына зиянды нәрсе әмір етпейді. Пайғамбарымыз да «Ораза тұтыңдар, денсаулыққа қауышыңдар» деп бұйырған.

Бесбаев Мәди дінтанушы