Діннің қоғамдағы қызметі

0
6701

Дін – адам тарихының үлкен тағлым-тәрбиесінің бірі және сарқылмас даналық көзі. Егемен ел болып қалыптасуымыз, мемлекетіміздің өсіп, өркендеуінде діннің алатын орны зор. Өйткені, дін-имандылықтың, әділдіктің, сыпайылықтың, парасаттылықтың, көпшілдіктің, төзімділіктің кепілі. Діні, тілі, жоқ халықтың – болашағы жоқ. Шынында, әрбір дүниеге келген адамның бойында дінге, рухани тазалыққа, тылсым күшке сену сезімі болады. Бойдағы бұл  сезім адамды ерте ме, кеш пе әйтеуір бір тылсым күшке сенуге жетелейді. Адамның ет пен сүйектен жаратылғаны белгілі болса,  тән мен жан да сол адамдық ұғымның қос қанатын құрайды. Тән азығын ішіп-жеумен және басқа да нәпсі қанағаттандыратын дүниелермен байланыстыратын болсақ, жан азығы – ең алдымен, Ұлы Жаратушыға құлшылық ету болады.
Дін мәселелері қандай заманда болмасын қоғам мен мемлекет үшін аса маңызды, күрделі мәселелердің бірі болып келген. Кеңестік идеология қирағаннан кейін діннің қоғамдағы орны және қызметі түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Қазіргі кезеңде дін қоғамның әлеуметтік және рухани өмірінің маңызды құрамы. Дін арқылы адамдар өздігін, өздерінің дәстүрлі құндылықтарын қайта жанғыртуға талпыныс жасауда. Қоғам өмірінде діннің алар орны ерекше.
Өйткені, діннің әдептілік қағидаларына, қоғам бірлігіне, әділеттілікке және тәрбиеліккешақырудағы рөлі өте зор.Адамзат дінге сенген соң, өзгелерге жәбір көрсетуден, тәртіпсіздік жасаудан, ішімдік, есірткі секілді жаман әдеттерден бойын алыс ұстайды. Дінсіз қоғамда тәртіпсіздік пен қылмыс етек жаятындығы белгілі. Дін- қоғамның ең қажетті және негізгі тармағы. Өзіміз өмір сүріп отырған ортадан дінді бөліп қарау әсте мүмкін емес. Өйткені, дінсіз, бір Алланың бар екеніне сенімсіз қоғамда, адам баласының бойынан қорқыныш сезімі жоғалады. Ал жүрегінде қорқынышы болмаған адамдар – ең қорқынышты орта, қорқынышты қоғам. Асылы текті бабамыздың Құдайдан қорықпағаннан қорық деуі де сондықтан. Осы мәтелдің астарында үлкен мән жатқанын ұғынуымыз керек. Кез келген тұлға қаласа да, қаламаса да дін қоғам өмірінен өз орнын алатын болады. Өйткені, адамдарда жүрек пен сана бар. Пенделік тірліктен қажып, мұңға бататын жүрек, өзінің дауасын іздесе, өмірдің мәнін іздеуде оныңсанасында сұрақтар мен ізденістер маза бермейді. Сол себепті де көптеген адамдар жүрекке дауа, санаға өріс беретін діннің мәңгілік құндылықтарына жүгінуге мәжбүр болады. Міне, осындай жандар адам өміріндегі, қоғам өміріндегі діннің орнын түсініп, оның мәні мен маңызын ашуға ұмтылады. Адамды осындай биік құлшынысқа, рухани жетілуге жетелейтін қасиетті діннің орның түсініп,оның мәні мен маңызын  құлшынысқа, рухани жетілуге жетелейтін қасиетті діннің басты бір маңызы болып табылады.
Дін – Алла Тағаланың пендесіне берген ең үлкен нығметтерінің бірі. Дінді тану – бір Жаратушының бар екенін тану. Таныған жаратушымыз кім десек, ол – күллі ғаламның, барлық жаратылыстың иесі болған Алла тағала. Мейірімі шексіз жаратқан иеміз адамзат баласын махаббатпен жаратты, басқа жан иелерінен артық етіп ақыл берді. Дін–адамзатпен бірге жасасып келе жатқан түрлі тарихи кезеңдер мен қоғамда өзін әртүрлі пішінде көрсетті. Адамзаттың рухани сұраныстарының түрлілігіне байланысты діндер де әртүрлі аталды. Дүниедегі халықтар, мемлекеттер өз тарихын зерттегенде діни, рухани үдерістерді негізге алады.
Адамзат баласын өзге жаратылыстан ажыратып, өзінің осы жаратылған барша жаратылыстың қожасы екенін, бірақ сол үшін осы әлемнің иесі алдында жауапты екендігін сезіндіретін нәрсе-дін. Бұл кез-келген халықтың тарихи тағдырында діннің маңызды рөл атқаратындығын, оның рухани, мәдени өркендеуінің көкжиектерін айқындайтын негізгі фактор екендігін көрсетеді.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы
Шахобов Саъдинхужа