Оразаның қандай нығметтері бар?

0
320

Күллі мұсылмандар арасында рамазан айының мұншалықты маңызға ие болуына басты себеп – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с): «Рамазан айында жақсы іс жасаған адамға Алла басқа айларда жасағаннан жетпіс есе көп сауап жазады» деген хадисі. Бұл өсиет-хадис жақсылықтан үмітті мүминдердің оразаға деген ынта-ықыласын оятса, тақуалар үшін бұл ай нәпсі тізгіндеудің кемел амалы деп біледі.

Табиғиндер дәуірінде өмір сүрген исламның үлкен пірадары Хасан Басри бабамыз «нәпсінің тізгіні – ашығу» деген пәтуалы сөзін айта отырып,   қасиетті оразаның төмендегідей төрт нығметін жіктеп-жіліктеп түсіндірген екен.   Соны тарқатып, айтар болсақ:

Оразаның бірінші нығметі – тәубе ету. Яғни, бұл адам баласының тәубесі мен тәуекелі қабыл болатын ай. Тәубесі қабыл болған жанның сыйлығы қиямет-мақшарда пайғамбарлармен бірге бір сапта тұрады.

Екінші нығметі – кешірім айы. Бұл айда Аллаға өте көп истағыфир (кешірім сұрау, жарылқану тілеу) жасаған дұрыс. Алла шынайы ықыласпен кешірім өтініп, жарылқану тілеген құлының мал-мүлкін көбейтеді, оны көлденең пәле-жаладан сақтайды. Алла жарылқау тілеген қауымға рахым етеді. Олардың несібесін молайтады, ұрпағын көп қылады және қуатты қауымға (мемлекетке) айналдырады.

Үшінші нығметі – күнәдан тыйылу айы. Құранда мұсылман адам үшін Алла өзі үкім еткен тыйымдар бар. Әлбетте Раббымыз өзіне бойұсынушыларды харам дүниеден тыйды. Ал, оразада адамдар (мұсылмандар) харамды былай қойып, халалдың өзінен тыйылады. Яғни, ораза тұтуға байланысты адам күнделікті қолданып жүрген халал астан тыйылады. Бұның тәрбиелік мәні зор. Халалдан тыйылып үйренген адамға ертең харамнан тыйылу оңай болады.

Төртінші нығметі – иманды күшейту. Мысалы, дені сау, ақшасы бар,  қарны тоқ адамда нәпсі қуаты да күшті болады. Басына қиындық туып, (денсаулығына, дүниесіне, бала-шағасына қатысты) қатты қиналған адамның нәпсісі азайып, иманы оянады. Сол сияқты ораза тұтқан адам да шөлдеу арқылы тоқшылық нәпсісін тізгіндейді.

Осы орайда, тағы бір есте болатын дүние –  рамазан айында ауыз оразасынмен қатар көз бен құлаққа да «ораза» қажет. Яғни,  ораза ұстаған адам жаман сөз айтудан, естуден, ұрыс-керістен аулақ жүргені абзал. Өйткені атақты сахаба Әбу Һурайра жеткізген мына бір хадисте:  «Кім жалған сөйлеуді, жалған амал қылуды қоймаса, оның тамақ пен сусын ішпей жүруі Аллаға қажет емес» деген пайғамбарымыз өсиеті есте болғаны жөн.  

Дана Абай атамыз 13-ші қарасөзінде «иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек» дегеніндей, оразаға берік болуды нәсіп етсін баршыларыңызға!