ҚАЛА ӘКІМІ 1000 ОТБАСЫҒА АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАРАТТЫ

0
1832

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов әлемді жайлаған пандемияға байланысты елдегі төтенше жағдай жариялануына орай, қасиетті Рамазан айында ауызашар орнына мың отбасыға азық-түлік үлестірді.  Олардың ішінде шаһардағы 300-ден астам мешітте қызмет етіп жүрген діни қызметкерлер де бар.

Игілікті шара Шымкент орталық мешітінде ұйымдастырылып, Рамазан сыйлығы ретінде көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға таратылды. Ал тұрғындарға азық-түлікті алып кетуі үшін қаладағы он мешіт таңдалып, үлестерін үйлеріне жеткізіп беру жұмыстарына Шымкент қалалық «Зекет» қоры өкілдері атсалысты.

«Баршаңызға қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтаймын. Осындай айтулы күнде қала әкімі шаһардың орталық мешітімізде төтенше жағдай талаптарын ескеріп тұрғындарға ауызашар орнына Рамазан сыйлығын таратып жатыр. Алла  Тағала ол кісіге разы болып, жұмысына сәтілік тілейміз» деді бас имам Бақдаулет Абдрахманов.

«Өзім алты баланың анасымын. Мына карантин жағдайында табысымнан қағылып, қиын жағдайға тап болдық. Мың отбасыға қамқорлық жасап, азық-түлік үлестірген қала әкіміне алғысым зор. Істеріне сәттілік тілеймін» деді  батыр ана Сәнсенкүл Тасқараева.

Айта кету керек, Шымкент қаласының әкімі күні кеше қайырымдылық негізінде 63 тонна қырыққабат таратқан болатын. Алла Тағала қайырымды жандардың ісіне берекет берсін!