Жүйелі түсіндіру жұмысы — уақыт талабы

0
1604

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында Қазақстанм емлекетін қалыпты жағдайда алға қарай дамытудың басты шарттарының бірі еліміздегі қоғамдық ахуалдың жақсы болуы, саяси, әлеуметтік, діни, басқа да ахуалдардың қалыпты болып, халықтың ынтымағы мен бірлігі қажет екендігін айырқша атап өтті.

Ол азаматтардың, әсіресе жастардың түрлі теріс діни ағымдарға еріп адаспауы үшін, өмірлік белсенділігін арттырудың маңыздылығын айырықша атап өтіп «2020 жыл «Волонтер жылы» деп жарияланды. Еріктілер қызметіне азаматтардың, әсіресе жастардың, студенттер мен оқушылардың қатысу аясын кеңейту, олардың бойында белсенді өмірлік ұстанымдарға қатысты дағды қалыптастыру – маңызды міндет. Бұл – азаматтық қоғамды нығайту жөніндегі жұмысымыздың маңызды құрамдас бөлігі» деді.

Қазіргі таңда еліміздегі діни ахуал айтарлықай тұрақтанып келе жатыр. Осы ретте жағдайдың қалыпқа келуіне нендей іс-шаралар әсер етті деген заңды сұрақ туындайды. Бүгінде жат ағымдар кез келген мемлекет үшін қауіпті дүние екенін жұрттың бәрі біледі. Қазақстанда жұрттың жат ағымның жетегінде кетуіне діни сауатсыздық әсер еткені белгілі.

Жиырма бірінші ғасырға аяқ басқан адамзат баласы көнеден келе жатқан сенім-нанымдарын жалғастыруда. Қазіргі кезде жер шарында дәстүрлі діндер саналатын төрт негізгі дін болса, одан басқа кейінірек пайда болған ондаған діни ағымдар да өмір сүруде. Оның ішінде қазақ халқының ата діні – Ислам дінінің де бірнеше ағымдары пайда болып, олар да жер-жерге таралуда. Жер бетіндегі көптеген келіспеушіліктер мен жанжалдар көп жағдайда діни сенімге, діни сенімнің әралуандығына байланысты тұтанып жатады. Сол себепті зайырлы саналатын мемлекеттер мемлекет пен діннің арасын бөліп қойған. Бірақ, мемлекеттен бөлек екен деп қай дінге болсын еркіндік беріп қоюға да болмайды. Өйткені, дін мемлекеттің бақылауында, назарында болмаса қоғамда тыныштық, түсіністік те болмайды. Әсіресе, біз сияқты Тәуелсіздігін жариялағанына ширек ғасырдан ғана асқан, ұзақ жылдар бойы атеистік қоғамда «Дін – апиын» деп санап келген ел үшін дінге мұқият болу қажет.

Егемендіктің алғашқы жылдарындағы биліктің білместігі мен қалыптасып үлгермеуінен жас мемлекетіміздің аумағына ондаған дәстүрлі емес діни ағымдар мен діни секталар еніп, еркін әрекет етіп діни сауаты аз қарапайым халықты әртарапқа қарай жетектеп кеткені де рас. Әйтсе де, мемлекет тұғырын нығайтып алған соң Діндер туралы заңын қайта қарап, бірқатар реттеп алды. Десек те, әлі де діни ағымдардың қоғамдық ахуалға әсер ету мүмкіндігі бар. Сол себепті жергілікті билік бұл саланы бақылауында ұстап, діни бірлестіктермен тұрақты жұмыс жүргізіп, тұрғындар арасында діни сауаттылықты көтеру бағытында іс-шаралар ұйымдастырып, қоғамға зиянды теріс пиғылды діни ағымдарды тұсаулап ұстауға тырысып келеді.

Жалпы, миллионнан астам тұрғыны бар мегаполистегі діни ахуал толықтай алып қарағанда қоғамға қауіп төндірерліктей емес. Бұл істе ең бастысы қарапайым халықтың, оның ішінде мектеп оқушылары мен арнаулы және жоғарғы оқу орындарының студенттері арасындағы түсіндіру жұмыстарын жоспарлы да тұрақты жүргізу ғана толық нәтиже берері анық. Олардың қиын жағдайларда әлемдік дәстүрлі діни ұғымдарды ажырата білуін және діни ұйымдар бойынша дұрыс ақпарат алуын  үйлесіріп отырудың маңызы зор. Сондай-ақ, бүгінгі күнде жастардың рухани және діни мәселелері бойынша жандүниесінің бай болуын қалыптастыру үлкен рол атқарады.

Қазіргі 21-ші ғасырда интернет желісіндегі теріс пиғылдағы ақпараттар арқылы жастардың ақылы мен жандүниесінің арасында сызат түсуде. Ал, жандүниеміз бен ақылымызды қатар алып жүру санамызға ешбір қате ой салмау  үшін әрдайым моральдық және рухани бағытта дұрыс шешім қабылдауымызға көмектеседі. Сол себепті дәстүрлі дінді насихаттай отырып, теріс пиғылды, адастырушы діни секталар мен ағымдарды әшкерелеп, олардың қоғамға зияндығын, мемлекетке қауіптілігін жұртшылыққа жете түсіндіру өте  маңызды.

Сайып келгенде, діни экстремизм мен терроризмге жол бермеу, оны санаға қабылдамау ең алдымен халықтың діни сауаттылығына байланысты. Ал діни сауаттылықтың деңгейін арттыру мемлекеттік органдардың,  дәстүрлі діни бірлестіктер басшыларымен, үкіметтік емес ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен  бірлесе отырып  жүйелі де сауатты әрі түсіндіру жұмыстарын жүргізуге байланысты.  Олай болса, жүйелі түсіндіру жұмысы — уақыт талабы.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы Таутаев Қуаныш