Намазға азан шақыру қайдан шыққан?

0
3136

Сұрақ: Намазға азан шақыру қайдан шыққан?

Жауап: Намаздың кірген уақытын білдіріп халықты намазға шақыру үшін азан айту үрдісі бірден қалыптасқан жоқ. Пайғамбар (с.ғ.с.) мұсылмандарды бір мезгілде намазға шақыратын құрал немесе амал ойластырды. Мысалы, христиандарда құлшылыққа шақыруды білдіретін шіркеу қоңырауы бар. Егер сол қоңырау соғылса, онда христиандар шіркеуге барады. Сол сияқты пайғамбар да (с.ғ.с.) мұсылмандарды мешітке үндейтін құрал ойлады. Сөйтіп, алғашқыда мұсылмандарды мешітке шақыру үшін керней дұрыс па әлде қоңырау ма? деген сұрақ мазалады. Бұған қатысты оқиғаны Абдулла ибн Зайд әл-Ансари әкесінің былай деп айтқанын риуаят қылады:

«Алланың елшісі (с.ғ.с.) әуелде намаз оқуға шақыру үшін керней қолданғысы келді, кейін қоңырау қолдануға бұйырды. Бірде мен түсімде жасыл киімде және қолында қоңырауы бар адамды көрдім. Мен оған:

  • О Алланың құлы, мына қоңырауды сатасың ба? – дедім.

Әлгі адам:

  • Мұнымен не істемекшісің? – деп сұрады. Мен болсам, біз оның көмегімен мұсылмандарды намаз оқуға шақыратынымызды айттым. Әлгі адам сонда:
  • Мен одан да жақсысын айтсам бола ма? – деп сұрады. Мен:
  • Әрине! – дедім.

Сонда ол маған:

  • Аллаху акбар! деп айт, – деді.

Сөйтіп, ол маған намазға азан шақыруды үйретіп, біраз уақыттан кейін ғайып болды. Сондай-ақ, ол адам маған қамат түсіруді де үйретті.

Оянғаннан кейін мен Пайғамбарға (с.ғ.с.) барып, көрген түсімді айттым.  Пайғамбар (с.ғ.с.):

  • Сіздердің бауырларыңыз түсінде аян көрген. Ол мешіттегі Біләлға барып азан шақыруды үйретсін, себебі, оның дауысы ең әдемі – деді. Мен солай еттім».

Осыдан бастап намаз уақыты кіргенде азан шақыру бекітілген сүннетке айналады.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
Ақпарат көзі: https://kazislam.kz