Серік СӘПИЕВ: Мен үшін имандылық – әдепті адам болу

0
3373

2005 жыл. Мәскеу қаласында өткен бокстан командалық Әлем кубогының жартылай финалында Қазақстан құрамасы Кубамен бетпе-бет келген еді.

Топтық кезеңде Грузия мен Африка құрамаларын ойсырата жеңген боксшыларымыз Бостандық аралының қабыландарымен финалға берілетін жолдама үшін жан алысып, жан берісіп жатты.

Алғашқы 4 жекпе-жектен кейін жалпы есеп – 1:3. Куба алда келеді. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі бесінші жекпе-жек те өте тартысты басталды. Екі боксшы бір-біріне дес берер емес. Тең дәрежеде өткен екі раундтан кейін біздің спортшымыз дәл соққыларымен алға шыға бастады. Барған сайын оның басымдығы үдей түсіп, әбжіл қимылдарымен кубалықтан айласын асырып, ірі есеп айырмасымен жеңіске жетті.

Бұл матчты мен ресейлік спорт арнасынан тамашалағаным есімде. Біздің спортшының бір орында тұрмай, аяқпен жақсы қимылдап, қарсыласына көз аштырмай, қарша боратқан соққыларын көрген орыс комментаторлары: «Міне, бұл жолы, керісінше, қазақ боксшысы кубалық мәнерде ойын көрсетіп жатыр», – деп таңданыстарын жасырмады.

Серік Сәпиев атты боксшыны алғаш рет осы турнирде көрген едім. Сол Әлем кубогында 60 келіде кубалықты тас-талқан етіп ұтқан бұл жас таланттың одан кейінгі жеңіс пен жетістікке толы мансап жолын бүкіл елмен бірге мен де назардан тыс қалдырмай, бақылаумен болдым.

Қазақ боксы тарихындағы ешкімге ұқсамайтын бірегей былғары қолғап шебері бүгінде Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы қызметін атқаруда.

Біз олимпиада чемпионымен арнайы жолығып, спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстар және боксшының өзі туралы, сондай-ақ, қазіргі бокс әлемінде болып жатқан жаңалықтар мен имандылық турасында әңгіме өрбіткен едік.

Бұқаралық спорт – дені сау ұрпақтың кепілі

– Серік Жұманғалиұлы, Сіз басқарып отырған комитеттің алдына қойылған негізгі жұмыс бағыттарының бірі – бұқаралық спортты дамыту. Сол мақсатта еліміздің әр аймағында спорт кешендері бой көтеруде. Осы жұмыстарға кеңірек тоқталып өтсеңіз?

– Президентіміздің бұқаралық спортты дамыту туралы нақты тапсырмасы бар. Осы мақсатта елімізде жүз денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу бағдарламасы қолға алынған болатын.

Карантиннен кейін біздің министрлік қызметкерлері, спорт саласының мамандары аймақтарға шығып, аталған бағдарламаның орындалу барысын, бұқаралық спортты дамыту мақсатында жасалып жатқан жұмыстарды тексеретін боламыз. Онда біз түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, әр аймақтағы спорт инфрақұрылымының жағдайын қараймыз.

Бұқаралық спорт – салауатты қоғам мен дені сау ұрпақ тәрбиелеудің алғышарты. Сол үшін қазір еліміздің барлық облысында спорт кешендері біртіндеп бой көтеріп жатқаны қуантады. Бірақ, әрине, әлі де жетіспейді. Біз қазір қай өңірде қандай проблема барын білеміз. Сол жердегі келеңсіздіктерді жою үшін өз тарапымыздан жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз.

Спорт кешендерінен бөлек, еліміздің көп өңірінде спорт мектеп-интернеттары бар. Тек батыстағы 3 облыста ғана жоқ. Біз жергілікті атқарушы органдарға осындай мектеп-интернаттарды ашу туралы ұсыныс айтып, атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалап отырмыз. Өйткені, бұл мектептерде тәрбиеленетін балалар – ұлттық құрама үшін болашақ спорт резерві болып саналады.

Одан бөлек, өңірлерде балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін ашуға ұсыныс білдіріп жатырмыз. Бұл мекемелер балалар үшін спортпен щұғылдануының алғашқы сатысы болмақ. Сол арқылы салауатты өмір салтын ұстанатын және бұқаралық спортпен айналысатын жеткіншектердің саны артып, олардың арасынан болашақ чемпиондар шығатынына сеніміміз мол.

– Елімізде төтенше жағдай аяқталды. Енді қай кезден бастап спорт жарыстары өте бастайды?

– Ол әлі белгісіз. Бізге рұқсат берілген жоқ. Қазіргі күні тек таза ауада 30 адамнан артық жиналмай жаттығу жасауға рұқсат бар. Ал ұлттық құрамамыздың спортшылары осы айда оқу-жаттығу жұмыстарын бастайды. Әрине, коронавирусқа байланысты сақталуы тиіс нормаларға баса назар аударылады.

Менің кумирім болған емес

– Шаршы алаңдағы ең алғашқы жекпе-жегіңіз есіңізде ме?

– Иә, алғашқы жекпе-жегім есімде. Ұмытпасам, 12 жас шамасында едім. Туған жерім – Абай қаласынан облыс орталығында өтетін жарысқа келдік. Біз секілді жас бозбалаларға мұндай кішігірім жарыстың өзі өте ғаламат турнир болып көрінетін. Кейін ойлап қарасам, алғашқы жекпе-жегімде қызбалыққа салынып, бар мүмкіндігімді пайдалана алмаппын. Сол себепті жеңіліп қалдым.

– Ал Сізді ұлы боксшы қылған не нәрсе: тынымсыз еңбек пе, табиғи талант па немесе чемпион болсам деген арман-мақсат па?

– Егер кез келген салада жетістікке жетем десең, ең біріншіден көп еңбектенуің керек. Спорттағы жетістіктің де басты кілті – еңбек! Содан кейін жақсы кәсіби бапкерің болу керек. Ал табиғи дарынға келсек, әрине, ол да маңызды. Өйткені, ол – сенің өзегің.

Бірақ, талантты адам жалқау болса, ол талантты емес, бірақ жақсы еңбектенетін боксшыдан жеңіліп қалады. Сол себепті, мен еңбекқорлықтың арқасында бүгінгідей жетістікке жеттім деп айта аламын.

– Кез келген жас спортшыда өзі ұқсағысы келетін бір тұлға болуы тиіс деп ойлаймын. Сіз кімді үлгі тұттыңыз?

– Бала кезімде мен Ермахан ағаның жекпе-жектерін көретінмін. Біз, жас боксшылар, оның өнеріне сүйсініп өстік. Бірақ, ешқашан өзім ұқсағым келген кумирім болған емес.

Иә, мен атақты боксшылардың жекпе-жектерін тамашаладым, олардан үйренгенім көп болды. Дегенмен, біреуге ұқсауға, солар секілді бокстасуға талпынған емеспін. Мен басқадан көрген нәрсені өзімше орындауға тырыстым.

Кәсіпқой боксқа шақырғандар көп болды

– Бір сөзіңізде Рой Джонсты тарихтағы ең мықты боксшы ретінде санаймын депсіз.

– Иә, оны әлемдегі ең талантты боксшылардың бірі деп есептеймін.

– Мен Рой Джонстың Сеул олимпиадасының финалындағы жекпе-жегін бірнеше рет көрдім. Оның бокстасу мәнері, аяқпен жұмыс істеуі, қимылы сізге қатты ұқсайды. Егер Сіз де кәсіпқой боксқа ауысқанда, сол секілді ұлы боксшы болар ма едіңіз?

– Өз күшіне сенетін кез келген боксшы мұндай пәлсапалық сұраққа «Мен чемпион болар едім» деп жауап беретіні белгілі. Бірақ, мен кәсіпқой бокста өз мүмкіндігімді сынап көрген емеспін. Сондықтан бәлен деп сәуегейлік таныту, кеудені ұру дұрыс емес деп ойлаймын.

– Бұл сұрақты қойып отырған себебім – соңғы онжылдықта жартылай орта және бірінші орта салмақ ең жойқын дивизион болып тұр. Мэйвезер, Пакьяо, «Канело», Котто, Кроуфорд, Спенс – мұндай мықтылардың бір салмақта жиналуы тарихта бұрын-соңды болмаған да шығар. Сіз кәсіпқой бокста осылардың ортасына түсер едіңіз…

– Мен өз күшіме сенем. Кәсіпқой боксқа ауысқанымда белгілі бір нәтижеге жетер едім, атап айтқанда, әлем чемпионы болуға толық мүмкіндігім бар еді. Өйткені, әуесқой бокстағы ұзақ жылғы тәжірибем оған жеткілікті.

– Ал Сізді кәсіпқой боксқа шақырғандар болды ма?

– Иә, шақырғандар көп болды. Мен олармен арнайы жолығып та сөйлестім. Мысалы, 2007 жылы АҚШ-та маған Матвей Коробовтың менеджері келіп, кәсіпқой боксқа шақырды.

Бірақ, ол кезде менің 2008 жылғы олимпиадаға қатысам деген мақсатым болған. Екіншіден, «Америкада кәсіпқой боксқа ауысқан жігіттерді алдайды» деген қауесет тарап жатты. Бір жағынан, содан қауіптендім.

Бейжің олимпиадасынан кейін де сол кезде Германияда өнер көрсетіп жүрген Геннадий Головкин хабарласып: «Бізге кел, сені күтіп жатыр», – деді. Бірақ, Бейжіңдегі сәтсіздіктен кейін мен келесі олимпиаданы бағындыруға мықтап бекінгендіктен, одан бас тарттым.

– Ал Мэйвезердің Сізді шақырғаны рас па?

– Ол мені арнайы шақырған жоқ. Тек бір жолыққанда: «Неге кәсіпқой бокста өнер көрсетпейсің, сен әлі жассың ғой», – деп сұрағаны бар.

Мэйвезерге төтеп берер едім

– Кезінде әуесқой бокста Сізден талай таяқ жеген Эррол Спенс, Эгидиус Каваляускас секілді боксшылар қазір кәсіпқой рингте атой салып жүр. Спенс – бүгінде әлем чемпионы, Каваляускас та былтыр белбеу үшін таласты. Олардың жетістіктерін көрген кезде «Қап, мен де кәсіпқой боксқа баруым керек еді» деген ойлар келмей ме?

– Ондай ойлар келген емес. Өйткені, мен 29 жасымда олимпиада чемпионы болдым. Егер сол кезде кәсіпқой боксқа ауысып, 30-31 жасымда чемпион болсам, ар жағында спорттағы «зейнеткерлік» жасқа да аз уақыт қалар еді. Мұндай қысқа мерзім үшін денсаулығымды тәуекелге салғым келмеді.

– 1981 жылы әлемдегі ең мықты әуесқой боксшы Серік Қонақбаев пен ең мықты кәсіпқой боксшы Шугар Рэй Леонард арасында жекпе-жек өтуі тиіс болатын. Бірақ, белгілі себептермен ол өтпей қалды.

Сол секілді Сіз 2012 жылы Олимпиада ойындарында Вэл Баркер кубогын ұтып, үздік әуесқой боксшы атандыңыз. Ол кезде Мэйвезер кәсіпқой рингтің королі болатын. Екеуіңіздің салмақтарыңыз да бірдей. Егер сіздер рингте жолықсаңыздар, кім жеңер еді?

– Егер әуесқой бокстың ережесімен үш раунд жұдырықтассақ, менде басымдық болар еді. Ал кәсіпқой рингте Мэйвезермен 12 раунд бойы бокстасу өте қиын. Өйткені, ол ұзақ уақытқа дағдыланған тәжірибелі боксшы.

– Менің ойымша, ешкім жеңе алмаған Флойдты тек Сіз тоқтата алатын секілдісіз. Өйткені, аяқпен жақсы қимылдау, үнемі қысымға алу және үздіксіз соққы жаудыру секілді басымдықтарыңыз бар…

– Иә, 5-6 раундтық жекпе-жекте мен Мэйвезерге төтеп бере алар едім. Бірақ, одан әріге созылып кетсе, ұзақ уақыт бойы қозғалыста жүру оңай емес. Оған көп дайындық керек.

Головкин жеңілген жоқ

– Қазіргі қазақстандық кәсіпқой боксшылардан үлкен үміт күтетін бес есімді атай аласыз ба?

– Данияр Елеусінов, Садриддин Ахмедов, Батыр Жүкембаев, Жәнібек Әлімханұлы, Мейірім Нұрсұлтанов, Айдос Ербосынұлы, Мадияр Әшкеев, Иван Дычко, тағы басқалар… Шамамен 10 боксшы жақсы келе жатыр. Осылардан үміт күтемін.

– Қазір Даниярдың салмағы қызық болып тұр. Ол жерде Кроуфорд пен Спенс бар, Ресейден Александр Беспутин, Раджаб Бутаев, өзбекстандық Шахрам Гиясов жарыс жолына қосылып жатыр. Біздің боксшының чемпион болуға мүмкіндігі қаншалықты?

– Менің ойымша, Данияр әлем чемпионы болады. Ол командасымен бірге сенімді түрде алға жылжып келе жатыр. Ең бастысы, Даниярдың өзі қазір кез келген боксшымен жұдырықтасуға дайын. Қалғаны – уақыттың еншісі.

Дегенмен, Мэйвезер, Пакьяо секілді өнер көрсету үшін әлі де көп еңбектену керек. Негізі әлем чемпионы болу аса қиын емес, ал одан кейін абсолютті чемпион болу, бірнеше салмақта жеңімпаз атану – оның кәсіпқой бокста қалай жетілуіне байланысты.

– Головкинмен араласып тұрасыз ба?

– Генамен қарым-қатынасымыз жақсы. Көбіне оның бауыры Максиммен байланысып тұрамын. Өйткені, Геннадий АҚШ-та, мұнда сирек келеді. Сондықтан көптен бері көріскен жоқпыз.

– Биыл Головкин «Канеломен» үшінші жекпе-жегін өткізуі мүмкін. Осы жолы ұтуға мүмкіндігі бар ма?

– Бұл жекпе-жек өтуі тиіс деп ойлаймын. Өйткені, оны бәрі күтіп жүр. Соның ішінде Гена мен «Канелоның» командалары үшін де ол аса маңызды.

Ресми есеп бойынша екеуінің текетіресінде Альварес алда келеді: оның еншісінде – бір жеңіс, бір тең нәтиже. Бірақ, бокс әлемі бұл екі жекпе-жектің қалай өткенін жақсы біледі. Біріншісінде «Канело» нақты жеңілді. Екіншісінде ол жақсырақ бокстасқанымен, жеңісті екі жаққа да беруге болатын. Менің жеке пікірім бойынша, екінші жекпе-жекте де Гена жеңді.

Сондықтан үшінші бәсеке өтпей, бұл пікірталасқа нүкте қою қиын.

Олимпиаданың шегерілуі жас боксшылар үшін жақсы

– Алдағы Олимпиада ойындарынан қандай нәтиже күтесіз?

– Пандемияға байланысты Токио олимпиадасын келесі жылға ауыстырғанын білесіздер. Бізде қазір жалпы спорт түрлерінен 50-ге жуық лицензия бар. Әлі де квалификациялық турнирлер болады.

Ал бокстан барлық салмақта жолдамаға қол жеткіздік. Бұл лицензиялар келесі жылға дейін сақталады деп ойлаймын.

Біздің құрамада жеңіл салмақтарда жас боксшылар жолдама алды, олардың халықаралық аренада тәжірибесі аздау. Бір жағынан, олимпиаданы келесі жылға ауыстырғаны осы жас боксшылар үшін жақсы болды. Өйткені, олар тағы да тәжірибе жинақтап үлгереді.

Ал жоғары салмақтардағы боксшыларымыздың дайындығы жеткілікті. Бұлар талай жарыста жеңіске жеткен тісқаққан былғары қолғап шеберлері.

– Ең үлкен жауапкершілік «қазақтың салмағында» сынға түсетін Абылайхан Жүсіповке артылатыны сөзсіз…

– Оның Олимпиада ойындарын ұтып алуға деген мүмкіндігі мол. Абылайханның негізгі қарсыластары – ресейлік Андрей Замковой мен кубалық Иглесиас Сотолонго – жасы келген боксшылар. Олимпиаданың бір жылға кешіктірілгені олар үшін жақсы емес. Ал біздің боксшымыз 22 жаста, ол әлі де өсу үстінде. Келесі жылға дейін тағы да шеберлігін шыңдай түседі.

Қыздарымның бокспен шұғылдануына қарсымын

– Секе, мен мына сұрақтың жауабын көптен бері іздеп келемін: бокс турнирлеріне неге әрбір елден бір салмақта бір ғана спортшы қатысады? Бұл біз секілді бокс державасы үшін әділетсіздік емес пе? Қазақстанда әрбір салмақта олимпиаданы да, әлем чемпионатын да ұтып алуға шамасы жететін бірнеше боксшыдан бар. Бірақ, олардың көбі олимпиадаға бара алмайды…

– Халықаралық бокс федерациясы бұл спорт түрінің географиясы кеңейгенін, әлемнің барлық жерінде дамығанын қалайды. Ал егер бокс державалары әрбір салмаққа 3-4 спортшыдан қосатын болса, онда жеңіс тұғырында тек посткеңестік елдердің, Куба мен Америка және кейбір Еуропа мемлекеттерінің боксшылары ғана тұратын болады.

Бұл басқа елдердегі бокстың дамуына тежеу болуы мүмкін.

Мен түсініп отырмын, егер біз секілді мемлекеттер әр салмаққа 2-3 спортшыдан қосса, одан бокстың сапасы артар еді. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай, бұл спорт түрінің географиясы тарылып кетеді.

– Алайда, осы шектеудің кесірінен әуесқой бокстың имиджі төмен болып отырған сияқты. Мысалы, мен Бурунди, Бутан секілді елдерден келген боксшылардың өнерін тамашалағым келмейді. Оларда бокс жоқ. Ал әлем чемпионаттарына ең мықтылар ғана қатысса, әуесқой бокстың сапасы ғана емес, танымалдығы да артар еді…

– Бұл өте күрделі мәселе. Әрине, Халықаралық бокс федерациясына осы сұрақты тастап көруге болады. Бірақ, жақын арада шешіле қоюы екіталай.

– Серік Жұманғалиұлы, шынын айтсақ, қазір бізде техникасы Сізге ұқсайтын боксшы жоқ. Тәжірибеңізді кейінгі ізбасарларыңызға беру, яғни бапкерлікпен айналысу туралы жоспарыңыз бар ма?

– Қазір мен ара-арасында мастер-класс өткізіп тұрамын. Бірақ, әзірге бапкерлікпен айналыспаймын. Өйткені, мемлекеттік қызметте жүрген адаммын. Болашақта, әлбетте, өзімнің ізбасарларыма білгенімді үйрету туралы жоспарым жоқ емес.

– Әйелдер боксына көзқарасыңыз қалай?

– Өз қыздарымның бокспен шұғылдануына қарсымын. Дегенмен, әлемдік үрдіс ретінде әйелдер боксы дамып келе жатыр. Біздің елімізде де оның аяқ алысы жаман емес.
Бокспен шұғылдану – әр адамның өз қалауы. Айналысқысы келген қыздар болса, былғары қолғабын киіп, өз өнерлерін көрсетулеріне ешқандай қарсылығым жоқ.

Мешіт имамының ғана уағызын тыңдау керек

– Уаххабизм ағымының өкілдері көбінесе спортшыларды өз қатарына тартуға тырысады, дін жолына келіп, боксты тастап кеткен спортшылар бар деп естиміз. Ол туралы білесіз бе?

– Әрине, ондайлар бар. Көбінесе теріс ағымға оң-солын танымаған жас спортшылар түсіп қалады. Олар әлі өмірді көрмеген, спорттан басқа ештеңені білмейді, сондықтан сектанттар үшін оңай «олжа» болып жататыны өкінішті.

Мысалы, баяғыда Қарағанды облысында бір боксшы болатын. Ол кейін теріс ағымға кіріп кетті де, қазір оның қайда жүргенін ешкім білмейді. Кейде таныстарымнан сұрап қоямын, бірақ әлі күнге одан еш хабар жоқ.

Сондықтан мен соңымыздан ерген жас спортшыларға әркімнің сөзіне ере бермей, діни білімді тек мешіттен алуға кеңес беремін. Намаз оқисың ба, дінді үйренесің бе, тек мешіт имамына бару керек. Уағызды ресми жұмыс істеп жатқан молдалардың аузынан ғана тыңдаған дұрыс. Адаспаудың бірден-бір жолы осы деп ойлаймын.

– Сіз үшін имандылық деген не?

– Мен үшін имандылық – бір Жаратушының бар екеніне сену, Оның жер бетіне орнатқан рухани қағидаларын бұзбай, барлық адаммен достықта өмір сүру және тәртіпті, әдепті адам болу. Менің ойымша, әдепті адам күнә жасамайды, салауатты өмір салтын ұстанады, барлық істі әділ, дұрыс жасауға тырысады.

– Мешітке қаншалықты жиі барасыз?

– Әр жұма сайын барып тұрамын.

– Еліміздегі діни ахуалға қандай баға берер едіңіз?

– Біз зайырлы елміз, сондықтан әр адам қандай дінді ұстанамын десе өз еркі. Көптеген діни конфессияның өз бірлестіктерін ашуларына, жұмыс істеуіне рұқсат берілген.

Ал тыйым салынған деструктивті ағым-секталардың жолын кесу мақсатында құқық қорғау органдары жұмыс жүргізіп жатыр. Олардың арбауына түсіп қалмау үшін халқымыз діннен сауат ашып, дұрыс сенімді жалған адасушылықтан ажырата алуы керек.

Боксқа қайта оралуым мүмкін

– Сіз туралы «Боксшы» атты фильм түсіріледі деп естідік. Оны қашан тамашалай аламыз?

– Бұл фильмді түсіру жұмыстары басталып кетті. Кастинг өтті. Осы жылдың аяғында немесе келесі жылдың басында фильм көрерменге жол тартуы тиіс.

– Кітап оқисыз ба? Қазір қандай кітап оқып жатсыз?

– Көбіне психология, заманауи цифрлық технологиялар туралы және тарихи кітаптарды оқимын. Мысалы, қазір орыс тілінде Джошуа Рамо Купердің «Седьмое чувство. Как прогнозировать и управлять изменениями в цифровую эпоху», сондай-ақ, Юваль Ной Хараридің «Sapiens: краткая история человечества» атты кітаптарын оқып жатырмын.

– Соңғы сұрағым: Тайсон боксқа қайта оралайын деп жатыр. Сізде де алдағы уақытта «камбэк» жасайтын ой жоқ па?

– Егер мен бас тарта алмайтындай ұсыныстар түсіп жатса, ондай варианттың да болуын жоққа шығармаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ескендір ТАСБОЛАТ

Ақпарат көзі: https://kazislam.kz/серік-сәпиев-мен-үшін-имандылық-әде/?lang=ru#