Ақтөбедегі теракт оқиғасына қатысқан 28 адамның нешеуі бостандыққа шықты

0
1217

2016 жылы 5 маусымда Ақтөбеде болған теракт оқиғасына биыл 4 жыл. Ел есінде қалған қаралы жексенбіден кейін адасқан жастар қамалып, жылаған ана көбейді. Тал түсте бейбіт тұрғындарды қырып, қару дүкеніне, әскери бөлімге шабуыл жасаған бүлікшілердің бүгінгі халі қалай? Адасқан топ деп танылып, теракт оқиғасына қатысы бар 28 адамның нешеуі бостандыққа шықты?

Елді есеңгіретіп, еңсесін езген қанды оқиғаға қатысқан 28 адам төрт жыл бұрын қылмыстық жауапқа тартылды. Оның ішінде жеті адам өмір бойына бас бостандығынан айрылғанын білеміз. Өмірінің соңына дейін абақтыда отыру жазасы кесілген содырлардың бірі темір тордың ішінде өткен жылы өзіне қол жұмсады. Сонымен қатар, қоғамнан 5 және 22 жылға дейін оқшауланған үш адамның біреуі биыл көз жұмды.

Ал дайындалып жатқан қылмыс туралы дер кезінде хабарламағаны үшін айыпталған 18 адамның бәрі де қазіргі күні жазаларын өтеп, бостандыққа шықты. Олардың әрқайсысы дін өкілдерінің бақылауында. Діни білім беруден бөлек, әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары да облыста бір ізге қойылған.

«Бүгінде экстремизм бабымен істі болып, бостандыққа шыққандардың дені жұмыспен қамтамасыз етілді. Әрқайсысымен байланыс үзілген жоқ. Жеке жұмыстар жүргізіледі. Дәстүрлі дінге бейімделуге талпыныс бар. 2016 жылы «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында облысқа 200 білікті маман келген болатын. Осы жұмыстар үлкен нәтиже берді.

Қазір өзіміз жылына екі рет аудандарды аралап, жекелеген кездесулер ұйымдастырамыз. Бір ауданда бірнеше күн қатарынан түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Карантинге байланысты қазір бұл жұмыстар тоқтап тұр. Бірақ 15 маусымнан бастап аудандарды аралау жұмыстары қайта жалғасады деп жоспарлап отырмыз. Облыста діни жағдайы күрделі бес ауданда арнайы орталықтар ашылды. Ол жерде білікті теологтар жұмыс істейді»,- дейді облыстық дін істер басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев.

Өңірде діни ахуал айтарлықтай тұрақталған. «Жусан» операциясымен елге жеткізілген әйел адамдар да мемлекет қамқорлығында. Жас келіншектер кәсіптік білім алуға тартылса, балалары білім беру ұйымдарына кедергісіз орналастырылды.

Осыған дейінгі жылдары облыста әйел адамдардың талақ болуы, тоқал мәселесі жиі көтерілген болатын. Мұсымандық жолда жүрген нәзік жандылар дін өкілдерінен көп көмек сұрағаны есімізде.

«2016-2017 жылдары мұндай сұрақтар көп көтерілді. Аңсар орталығының сенім телефондары арқылы әйел адамдар көмек сұрайтын. Биыл, өткен жылы мұндай мәселелерді естіген жоқпыз. Бұрын ер адамдар көрінген адамға некесін қиғызып, 1-2 айдан кейін әйел адамға талақ айтатын. Қазір отбасы мәселесіне көпшілігі түсіністікпен сақ қарайды. Қазір жастар білімге құмар, көздер ашық. Сонымен қатар, мамандармен интернет материалдарға көп көңіл бөлінуде.

Пабликтерде арнайы интернет аналитикасы бар. Онда облыс азаматтарының қай топтарға ең көп жазылғанын бақылауға болады. Мәселен, өткен жылы бізде 23 мың адам әртүрлі діни топтарға жазылған. Ол адамдардың барлығы жат ағым өкілдері емес. Діни тақырыптарға қызығып, 5 және 10-ға дейінгі топқа жазылғандар талдамалы түрде зиянсыз. Сонымен қатар, облыста 50-ден 100-ге дейін діни группаға жазылған 28 адам бар. Олар деструктивті діни ағымда жүргендер. Олар таратқан сілтеме теріс қорытынды алса, сотпен әкімшілік шара қолданылады», — дейді Әлімбек Тұралиев.

Мамандар жүргізген талдамаға сай мектеп оқушылары 13 жастан бастап діни топтарға жазылады екен. Арнайы бағдарламалар арқылы тыйым салынған топтар 1-2 күнде бұғатталып отыр. Оның алдын алу жұмыстарына көмегі көп. Десек те, бірнеше рет радикалдар бүлігін көрген ақтөбеліктерде қорқыныш әлі де жоқ емес.

«Көп жағдайда жасөспірім намаз оқи бастаса ата-анасы дін өкілдеріне ескертіп, баласының түзу жолға түскеніне көз жеткізеді. Мамандар олармен кездесу өткізіп, дұрыс бағытқа сілтейді. Ресми сайттарды көрсетіп, тыйым салынған сайттардан сақтануды ескертеміз. Облыста 20 теолог, 8 психолог бар. Оның үшеуі әйел адам. Облыс әкімі төрағалық ететін терроризмге қарсы комиссияда күнделікті жағдай қатаң бақылауда ұстап отыр»,- дейді басқарма басшысы.

Айта кетейік, төрт жыл бұрын бүкіл елді есеңгіреткен қақтығыс сегіз адамның өмірін қиған еді. Оның үшеуі – әскери қызметкер.

Ақтөбедегі теракт оқиғасы кезінде адам өміріне, қоғамдық тәртіпке қарсы аса ауар қылмыс жасады деп өмір бойына бас бостандығынан айрылған жеті адам – Жаңабай Қуанышбаев, Бақыт Қуанышбаев, Әлібек Ақпанбетов, Арсен Таңатаров, Асхат Рахметов, Ануар Садихов, Асхат Инманғалиевтердің дүние мүлкіне дейін тәркіленді.

Ақпарт көзі: https://kaz.nur.kz/