САЛИҚАЛЫ ЖАСТЫҢ 8 СИПАТЫ

0
2071

Жаратушыдан берілген жастық шақты дұрыс ғибадатқа (ақыл-ой мен дене ғибадаты) және ізгі амалға жұмсау аса маңызды. Жастық шақ – өмірдің негізгі бөлігіне дайындайтын трамплин. Сондықтан жас кезден бастап діннің негіздерін дұрыс үйреніп, оны қалған өмірімізде пайдалана алсақ нұр үстіне нұр. 

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жеті түрлі адамға Алла Тағала ешбір сая жоқ күні аршының көлеңкесінен жай береді, Олар – әділ имам (басшы); Аллаға бойұсынып, ғұмырын құлшылықпен өткізген жас жігіт; мешітке жүрегі байланған кісі; бірін-бірі Алла жолында жақсы көріп, Алла разылығы үшін бас қосып, Алла разылығы үшін мәжілістерінен айырылатын екі адам; мансапты да көрікті әйел шақырғанда «мен Алладан қорқамын» деп харамнан қашқан ер кісі; Оң қолы бергенін сол қолы білмейтіндей жасырын садақа еткен кісі; жалғыз қалғанда Алла Тағаланы еске алып, егіліп көзіне жас алған адам» (Бұхари, Муслим), – деген. Осы хадисте ғибадат етуші жас жігіттің екінші болыа аталуы иманды жастың Алла алдындағы дәрежесінің қаншалықты жоғары екенін көрсетеді.

Жастардың ең бірінші назар аударуы тиіс нәрсе – өзін-өзі жетілдіру және дұрыс өмір сүру. Жастық шақты өзіңізге және арғы өміріңізге пайдалы болатындай, құлшылықпен өткізу үшін қайтпек керек? Ол үшін жастардың бойынан табылуы қажет 8 сипатқа назар аударайық.

Біріншісі – денсаулық. Қазақта «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Деніміз сау болмаса, ешнәрсеге зауқымыз болмай, өмірге деген құлшынысымыз жоғалады. Құлшылықты да жарытпаймыз. Денсаулық – бізге Алладан берілген аманат және үлкен жауапкершілік. Оны дұрыс қолдана білу өміріміздің көптеген саласына әсер етеді. Деннің саулығы ойлау қабілетімізге, күш-жігерімізге және рухани өмірімізге әсер етеді. Адам денсаулығына немқұрайлы қарай бастаса, шаршаудың, психологиялық ақаулардың, бұлыңғыр ақылдың құрбаны болады.

Екіншісі – көркем мінез. Адам мен Жаратушы арасындағы қарым-қатынас сапасының басты көрінісі – оның көркем мінезі. Шынайы көркем мінез тек бақыт пен қуаныш кезінде ғана емес, қиындықта тұрақты болуы тиіс. Адамның мінез-құлқы оның шын мәнінде қандай адам екенін көрсететін «лакмус қағазы» (қышқылдық индикаторы ретінде пайдаланылатын лакмус сіңірілген қағаз жолақ). Бәрі жақсы кезде әдептілік сақтау және адамдарға сыпайылық таныту оңай. Ал қиындық туғанда немесе стресс жағдайында мінезді тұрақты ұстау – қиынның қиыны. Тұрақты көркем мінезді адам ғана қиындыққа шыдас беріп, Аллаға және өзіне адал бола алады.

Үшіншісі – ақыл-ой. Дұрыс ойлау мұсылманның тұлғалық бейнесін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Абай айтқандай, «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайратнұрлы ақылжылы жүрек. Интеллекттің құрамдас бөлігі – білім. Алайда бұл аспектіні дін адамдары көбіне елемейді. Құранның ең алғашқы түсірілген аяты «Оқы!» болса, демек ақыл-ой қалыптастырудың бірден бір жолы – оқу-білім. Қазіргі кездегі мұсылмандардың артта қалуының бір себебі – зайырлы оқу түрлерін менсінбеуі, өмір тек дене құлшылығы пен ғибадатынан тұрады деп есептеу. Ал ғибадаттың да бірнеше түрі барын бірі білсе, бірі біле бермейді. Ақыл-ойдың ғибадаты Алла берген миды қолдана отырып ғаламның тылсым сырын ашу. Бұл өз кезегінде ғылым мен дінді ұштастырмай жүзеге аспайды.

Төртіншісі – табыс табу. Адам дамуы үшін табысты болу қажет. Ахмет Байтұрсынұлы: «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек» дейді. Шынтуайтында, адам біреудің табысына тәуелді, қаржылық жағдайы мүшкіл, сондай-ақ қарапайым тамақ, киім, тұрғын үй секілді өмірлік қажеттіліктерге мұқтаж болса, басқа нәрселерге көңіл аудару өте қиын. Сондықтан мұсылман адам әрдайым өзін қамтамасыз етіп, басқаларға мұқтаждық танытпай, Исламға қызмет етуге дайын болуы қажет. Шүбәсіз, бір адамдар басқаларға қарағанда бай болуы мүмкін. Алайда әрқайсымыз қаржылық тәуелсіздікке ұмтылуымыз ләзім.

Бесіншісі – шынайы иман және дұрыс ғибадат. Бұл адамның жоғарыда аталған барлық қасиетін бағыттайтын күш. Олар иман және дұрыс әрі тұрақты ғибадат арқылы іске асады. Бұл қайнардан мұсылман адам сусындай отырып, өзінің бағытын және Жаратушымен байланысын табады. Бұл қайнар көз жүректің рухани шөлін қандырып, шынайы бақытқа жеткізеді. Осы күш-жігердің бәрі иман және дұрыс құлшылықпен үйлескен кезде мұсылман өз өмірінің бағыты мен миссиясына ие болады.

Алтыншысы – нәпсісін тізгіндеу. Мүмін адам әрдайым өз нәпсісімен күреседі. Адаммен күрестің белгілі бір уақыты болса, нәпсімен күрес ақыретке дейін жалғасады. Адамның әлсіз тұсын білуге болады, ал нәпсінің әлсіз тұсын табу қиын. Адаммен күреске дайындалу үшін денені шынықтыру жеткілікті, ал нәпсіге иманды күшейту арқылы дайындаласыз. Ілгерідегі даналар: «Кім өзіне Алладан артық дос бар деп ойласа, Алла Тағала жайлы танымы аз болғаны. Кімнің өзіне нәпсісінен артық дұшпан бар деген ойы болса, нәпсісін дұрыс білмегені» (Мунаббихат) деген екен. Ақыл мен нәпсінің таласы – адам бойындағы жақсы һәм жаман қасиеттердің күресі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Табук жорығынан қайтып келе жатып: «Кіші жиһадтан (яғни жорықтан) үлкен жиһадқа (яғни нәпсі күресіне) оралдық» (Байһақи) деген екен. Расында, «Біреуді жеңген мықты емес, ашу үстінде өз-өзіне ие болған адам мықты» (Бұхари) дегендей адамға өзін-өзі жеңуі – ең қиын іс. Нәпсімен күрес ғибадат жасауда, адамдармен қарым-қатынас жасауда болмақ. Қиын болғанымен мүмкін емес шаруа қатарына жатпайды.

Жетіншісі – уақытты басқара білу және ұйымдастырушылық қабілет.

Уақыт – өмірдің өзі. Адам уақытын құрту арқылы өз-өзін өлтіруде. Мүмін үшін уақыт – Жаратушының бірген сыйы. Сондықтан өзінің алғысы ретінде уақытын текке жібермей, қайырлы істерге жұмсауға тырысады. Адамның міндеті кей кезде осы міндеттерді орындау үшін бөлінген уақытынан асып түсетіні ақиқат. Сондықтан мұсылман өмірін барынша пайдалы өткізіп, уақытын дұрыс ұйымдастыра білуі тиіс.

Сегізіншісі – басқаларға көмектесу. Соңғы сипат – басқаларға пайдалы болу. Егер біз басқаларға зиян келтіретін болсақ, жоғарыда аталғандардың маңызы шамалы. Алла жолында жасап жатқан барша амалдарымыз өзіміз және барша адамзат үшін. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Ағаштардың ішінде мұсылманға ұқсайтын ағаш бар» деді. Бұл Абдулла ибн Омардың жас бозбала кезі болатын. «Ол ағаш құрма ағашы» деп айтқысы келді. Алайда сол жерде отырғандардың ең кішісі болғандықтан (әдеп сақтап) үндемеді. Сол кезде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі: «Ол құрма ағашы, ал құрма ағашының барлық жері қайырлы» деді. Құрма ағашы ыстық күні көлеңке болса, нағыз мұсылманның да басқаға көптеген пайдасы болатынын меңзеген еді.

«Заманына қарай адамы» демекші, жоғарыда аталған жайттар – қазіргі қоғамда өте қажетті сипаттар. Жастықтың албырт шағында пайдасынан зияны көп, жан-дүниені дағдарысқа ұшырататын небір залалға тек рухани әлемді дамыту арқылы ғана қарсы тұруға болады. Заманның талабына сай болу, мұсылманның дұрыс келбетін қалыптастыру, идеал адам болуға ұмтылу – жастардың негізгі басымдық беретін нәрсесі. Тек жастар емес, кез келген адам бұларды басшылыққа алуы тиіс.

Әділет РАХЫМҰЛЫ,
ҚМДБ Жастар ісі секторының меңгерушісі

«Мұнара» газеті, №7, 2020 жыл